Кітапханадағы кеш

Oinet.kz 14-11-2022 306

Сауран ауданынының «Farab» кітапханасында «Ақынның отты жырлары – Желтоқсан» атты тақырыпта кеш өтті. Кешке кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты.

Screenshot_1.jpg

«Ұлы Дала Елі» орталығының экскурция жүргізушісі Р.Тәтібаеваның айтуынша, кеш әсерлі де, тартымды өткен. 

- Әдебиеттің қай дәуір, қай кезеңін алып қарасақ та, әр дәуір, әр кезең өзіне тән үдемелі өзгеріс, дамумен көзге түседі. Сондай-ақ, өткен ғасырдың екінші жартысынан ерекше көзге түскен әдеби құбылыстың бір ақынын ғана сөз етудің өзі үлкен мәселе. Әдебиетіміздің жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдарындағы поэзияны тілге тиек етер болсақ, қызуы күшті, жалынды болған ақынымыз Мұхтар Шаханов екенінде дау жоқ. Қазақ халқы ақынға кенде болған халық емес. Сонау XV ғасырдағы жаужүрек жыраулардан бастап, бүгінгі күнгі поэзия әлеміне көз салсақ, қазақ халқының бүкіл ақыл-ойы, сенім түйсігі, шаттығы мен қайғысы, жеңісі мен жеңілісі ең алдымен ақын жүрегінен орын алатыны байқалады. Олар өз Отанын сөзбен ғана емес, іспен де қарумен де қорғай алары хақ, - дейді ол.

Мұхтар Шаханов - халқымыздың ұлттық рухына, ұрпақтың кемел келешегіне жанашыр болған алып жүрек иесі, қазақ драматургі, ақын 1942 жылы Түркістан облысы, Қасқасу ауданында дүниеге келген. Шаханов шығармалары қашанда құнды. 1959 жылы өзінің «Сырдария» атты алғашқы өлеңімен қазақ әдебиетінің табалдырығын аттайды. Ақынның балладалары мен поэмалары әлемнің жиырма тіліне аударылып, қазақ әдебиетінің дамуына өзіндік үлесін қосуда. Өлеңдерінде пәлсапалық ойлар басым. Рухты ақынның өлеңдері жас өскелең ұрпақтың жүрегіне Отанға, туып өскен жерге деген патриоттық сезімдерін ұялатады. Сонымен қатар, Мұхтар Шаханов халық арасында танымал көптеген әндердің авторы.

Ақынның отты жырлары Желтоқсан оқиғасының мән-мағынасы мен мазмұнын тереңінен толғаған поэзия болды. Ұлттық рух, тіл мәселесі, қазақ тілінің қазіргі қал-ахуалы турасында бірде шырқырап, бірде лапылдап көтерген, ұлт болып қалыптасу жолында қазақ тілінің мәртебесін қашанда биік ұстай білген азамат әрі ақын.

М.Шаханов поэзиясы көп салалы саналуан тақырыпты қамтиды. Ақын әдебиет көкжиегінен ойып тұрып орын алған, ұлттық рухты биіктете түскен шығармаларымен, туған тілімізді қызғыштай қорыған өлеңдерімен, шынайы достықты жырлаған шығармаларымен, махаббат жырларының отты да ойлылығымен, жалпы көтерген мәселелеріннің өзектілігімен өз оқырмандарын тәнті етері сөзсіз.

Кітапхана оқырмандары кеш барысында ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Кітапханашылар ақынның кітап көрмесімен таныстырды. 

Тәуелсіздік нышандарына құрмет
Әрбір бала жұлдыз сынды көктегі, сөнбейтұғын көңіліңнің көктемі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу