Тәуелсіздік нышандарына құрмет
Сауран ауданының Ескі Иқан ауылдық округінде тәуелсіздіктің 31 жылдығы қарсаңында «Мемлекеттік рәміздер – еліміздің мақтанышы» атты мәдени іс-шара өтті. Аудан оқушылары мен колледж студенттерінің көркем биімен ашылған шарада мемлекеттік рәміздер ұлықталып, Ту, Елтаңба, Әнұранның символдық мәні мен тарихын баяндайтын бейнеролик көрсетілді.
Шарада ауданымыздың жас ақындары арнау өлеңдерін оқып, өнерпаздар патриоттық әндер шырқады. Іс-шараға қатысқан Сауран ауданы әкімі аппаратының заң және құқық қорғау органдарымен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы М.Бегалы сөз сөйлеп, Мемлекеттік рәміздерді дәріптеу арқылы жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіретінімізді айтты.
- Аспан түстес көк Туымыз бен күн түстес алтын Елтаңбамыз, рухты Әнұранымыз – тұғырлы тәуелсіздігіміздің символы. Ұлттық құндылықтарымыз бен халықтың болмысы, салт-дәстүрі бейнеленген рәміздеріміз бойымызға ерекше рух береді. Балабақшада бүлдіршіндерімізге дейін әнұранымызды жатқа айтатыны да қуантады. Бұл жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімі бар екендігінің көрінісі. Туымыз тұғырынан түспей, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын, - деп тілек білдірді ол.
Айтулы шараның соңы рәміздерді дәріптеуге арналған автошеруге ұласты.