Кентау қаласында 1587 отбасына әлеуметтік көмек тағайындалған
Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаттарының еш өзгермейтіндігін айтты. Оның мәні – сапалық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру. Кеше Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен өткен жиында да 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту негізінде Ұлттық жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыс барысы талқыланған болатын.
Қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы Е.Мырзабеков2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту негізінде Ұлттық жобасы аясында 2022 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстар барысына тоқталды. Оның айтуынша, «Ұлттық жоба» аясында жыл басынан 4036 жұмыссыз азаматты жұмыспен қамту белсенді шараларына тарту жоспарланған. Жоспарға сәйкес 5034 адам жұмысқа тартылған.
Жиында белгілі болғаны, жұмыспен қамту орталығы арқылы мемлекеттік грантты 173 адамға беру жоспарланса, өтініш білдіргендер көп болып, 182 адам грант қаржысын иеленген. Ал «Бастау-бизнес» кәсіпкерлік негізінде 126 адам оқытылған. Тұрақты жұмыс орындарына 2300 жұмыссызды орналастыру жоспарланса, бүгінгі таңда 1912 адам орналастырылған. Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмыс беруші 18 жеке кәсіпкер тарапынан 215 жұмыссыз азаматтар жолданған. Жастар практикасы- бойынша 250 адам жолдау жоспарланған болса, нақты 320 жұмыссыз жастар 12 ай мерзімге жіберілген. Қоғамдық жұмыс орындары – жоспар 750 адам, нақты 1193 жұмыссыз азамат жолданған.
Бұдан бөлек, «Күміс жас» жобасы бойынша 30 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, бүгінгі таңда 3 кәсіпорынға 8 жұмыссыз орналастырылған. «Ұрпақтар келісім шарты» жобасы аясында екі азамат жұмыспен қамтылған. Қысқа мерзімді және жұмыс орындарында оқыту – жоспар 43 адам болса, 40 адам жолданған.
Сонымен қатар, бағдарламаның барлық бағыттары бойынша 414 еңбекке жарамды мүгедектігі бар азаматтар жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған.
Кентау қаласы бойынша «Өңірлік карта» аясында 10 жоба енгізіліп, 127 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Жоспарға сәйкес 10 жоба іске қосылып, нақты 128 жұмыс орны ашылған. Бүгінгі таңда ашылған жұмыс орындарына 118 жұмыссыз азамат жіберілген.
Жылы жыл басынан бері 1587 отбасы атаулы әлеуметтік көмек өтініш білдірген. Оның ішінде шартсыз түрі 370 отбасы, шартты түрде 1217 отбасыға әлеуметтік көмек тағайындалған.