Кәсіпкер Шардарада тігін цехын ашты

Oinet.kz 24-11-2022 261

Түркістан облысы Шардара ауданында әлеуметтік осал топтағы, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды жұмыспен қамту мақсатында жергілікті әкімдік тарапынан тың жоба қолға алынған болатын.

Screenshot_22.jpg

Осы мақсатта «Бастау Бизнес» жобасы аясында жүздеген азаматты кәсіби қайта даярлау курсында оқытып, жұмыспен қамтып отыр. Атап айтсақ, Алатау батыр ауылдық окрiгiнде «Шебер» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі тігін цехын ашып, 50 адамды жұмыспен қамтып отыр. 

Жаңа тігін цехының ашылу салтанатына Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай арнайы барып қатысты. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмыс істейтін цехтың жұмысымен танысып, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ өндіріс басшылығына Алғыс хат тапсырды. 

 «Шебер» тігін цехының басшысы Омар Әсенұлы өз қолдауын білдірген аудан басшысына алғысын айтып, өндіріс орнына 200-ден астам адамды жұмысқа тартуға ниетті екенін атап өтті. 

Алдағы уақытта цехты кеңейтіп, құрылысын салуға 200 миллион теңге және цехті құрал жабдықтарын қамтамасыз етуге 150 миллион теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Сондай-ақ 2023 жылы тігін цехының негiзiнде тігін кластерін ұйымдастыру көзделіп отыр. Оған қоса «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық шағын несиемен және 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттарды беру арқылы 190 адамды жұмыспен қамту межеленген. 

 Бұдан бөлек, Жаушықұм ауылдық округінен құс өсіру бағытында аз қамтамасыз етiлген отбасыларды, көпбалалы отбасыларды, 29 жасқа дейінгі жастарды және елу бес жастан асқан зейнет жасына дейiнгi 55 адамды кәсіби оқытып, жұмыспен қамту жоспарланған. 

– Өндіріс орны аяқкиім, киім-кешек және тапсырысқа сәйкес кез келген тауарды тігумен айналысады. Қазақстан бойынша көптеген облыстарды арнайы әскери киім-кешекпен қамтып отырмыз. Бізге Түркия елінен тәжірибелі мамандар келіп, тәжірибе алмасуда. Қазір жұмыспен қамтылып жатқан жаңа тігіншілерді оқытып, тәжірибелі маманға айналуына да ықпал жасаудамыз. Алдағы уақытта Шардара ауданының бірнеше жерінен цех ашуды жоспарлап отырмыз, – дейді Омар Әсенұлы.

Келес ауданында ауыл тұрғындарының ұсынысы қолдау тапты
Арыс қаласында балық шаруашылығы дамуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу