Арыс қаласында балық шаруашылығы дамуда
Арыс қаласының қасындағы су тоғандарында балық шаруашылығы дамуда. Мәселен, Дермене ауылының іргесіндегі Арыс өзенінің жиегінде жұмыс істей бастаған «DERMENE AGRO GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз шаруасын жолға қойып үлгерген. Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың айтуынша, өңірде балық өсіру шаруашылығы өркендеп келе жатыр екен.
Дерменелік кәсіпкер Мақсат Тоқболаев 3 жылдан бері осы кәсіпкен айналысып келеді. Ол ені 7, ұзындығы 26, ал тереңдігі 2 метр болатын 6 су бассейінінде 30 мыңнан астам сазанды шабақ өсіріп отыр. Бес-алты айда өсіп-жетілген балықты нарыққа шығаратын ол жергілікті үш азаматты тұрақты жұмыспен қамтыған.
Кәсіпкер өз жобасын жүзеге асыру үшін 40 миллион теңге инвестиция салған. Бүгінде жеке кәсіпкер Арыс қаласы әкімдігімен бірлесе жұмыс істеуде. «Осылайша, өзара ынтымақтаса отырып, ел экономикасын жақсартып, тұрмыс-тіршілігімізді түзейміз деген сенімдемін», – дейді кәсіпкер Мақсат Рахымжанұлы.
Ал қала әкімі Гүлжан Мамытқызы соңғы уақытта Арыс өңірінде балық өсіру саласы кең өріс алып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, тәжірибелік тұрғыда және өзге де бағыттарда кәсіпкерлерге жергілікті әкімдік тарапынан тиісті деңгейде көмектер ұйымдастырылуда.
Осы күнгі салмағы орташа есеппен 72 граммды құрайтын шабақ сәтін салса 5-6 айдан соң, 2-2,5 килограммға дейін өсіп, жетіледі. Ал оны өткізу жағы қазірдің өзінде шешілген. Алматы қаласындағы балық тарату нарығының 70-80 пайызын қамтамасыз етететін бір компания дерменелік балықтың килограммын 2-2,5 мың теңге шамасында сатып алатын болып ұсыныс білдіріп отыр.
Жақын күндері кәсіпкер су астын оттегімен қамтамасыз ететін арнайы аэроаторлар орнатсақ дейді. «Өйткені, қыс мезгілінде су бетіне мұз қатып, судың құрамындағы оттегі төмендеуі мүмкін. Оның үстіне ауа темпаретурасы +10 градустан төмен түскен жағдайда балық ұйқыға кетіп, қозғалысы баяулайды. Ол кезде оның өсу процесі де қарқынды болмайды», дейді Мақсат Рахымжанұлы.
Бүгінде кәсіпкер бассейін аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тікелей телефоннан бақылау жүргізетін бейнебақылау камераларын орнатқан. Озық технологияны оңай меңгеруді мақсат еткен кәсіпкер келешекте балық бассейінін кеңейтумен қатар, уылдырық алу мен дернәсілдерді шабақ күйіне дейін өсіруді де қолға алуды көздеп отыр.