«Ғайып Ерен Қырық Шілтен» мінәжат орны абаттанып келеді

Oinet.kz 01-09-2022 766

Screenshot_20.png

Төле би ауданында туристерді қызықтыратын тарихи орынның бірі «Ғайып ерен, Қырық шілтен» мінәжәт орны.  Бұл жерде ешкімнің сүйегі немесе мәйіті жоқ. Тек бір Алланың құдіретімен жаратылған қасиетті белгілер бар. мұнда Адам Ата мен Хауа Ананың белгісінен бастап он сегіз мың ғаламның белгісі бар. Жер бетінде адамзаттың бәрі бір ата мен анадан тарағанын көрсетіп қойған. Ғайып деген көзге көрінбейтін, ерен деген қырық шілтен, періште Алланың құдіретімен адамзатты жаралғалы бері қолдап, қоршап жүрген үлкен құдіретті күш. Бұл жердің басқа әулиелерден айырмашылығы да сонда. 

Screenshot_21.png

Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулие жайлы халық арасында «Жапсарлас тұрған екі алып тастың арасынан адамдар өтеді екен. Күнәсі қыруар пенде тас арасында қысылып қалып, күнәсі аздар өтіп кетеді. Тас арасынан жылан, арыстан секілді қорқынышты елестер көрінуі мүмкін, қысылып қалғандар құрбандыққа мал атап, әрең босайды екен» деген аңыз бар. Бұл киелі жердегі ең негізгі зиярат рәсімінің бірі Ата және Ана аталатын бір-біріне сүйеніп тұрған екі алып жартастың арасынан тілді кәлимаға келтіріп, оң жақ иықты алға салып бір қырымен өту болып саналмақ. Алғаш келген кісі атаның қолтығынан өткені дұрыс. Себебі ата жолы – үлкен. Көпшілік негізінен осы тастың алдына зиярат жасап түнейді. «Ата мен Ана тасы арасынан өтейін, бойымдағы ауыртпалығымнан сейілейін!» деп, ниет етіп шыққан кісілер ғана тастар арасындағы ғажайып жайдан еркін өтеді. Мұнда келушілер көңілінде жүрген тілектерін іштей айтып, тілін кәлимаға келтіріп, оң жағымен бір қырындай өтеді.

Зиярат соңында  келушілер «Ғайып ерен, қырық шілтен» әулиенің босаға алдындағы бір арнаға тоғысқан үш бұлақтан - көз суы, құлақ суы және өңеш суы ем болсын деп іше алады. Үш бұлақтың қосындысы адамзат баласының бүкіл ішкі құрылысына ем болатын қасиеті бар.  Қымыздан да тәтті бұл бұлақ суында 28 түрлі минерал бар.

Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулиенің орны қазір абаттанып, көріктеніп, инфрақұрылымдық кешен ретінде дамып келеді. 100 адамға арналған заманауи қонақүй бой көтерген. Келушілерге жағдай жасалып, таңғы және кешкі тамақтануы, жатын орындары ұсынылады. Бағасы да демалушылардың қалтасын қақпайды. 

Screenshot_24.png


Тасқа айналған қыздар
«Жылақ ата» неге жылайды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу