«4-5 жыл депрессияда болдым»: Әнші Ayree бұрынғы күйеуінің өз отбасы барын айтты
Қалың көпшілікке Ayree лақап атымен танымал Әйгерім Рақыш “1001 түн” бағдарламасында бұрынғы күйеуінің баласының өміріндегі рөлі жайлы ашық айтты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Ayree бұған дейін ерекше баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана екенін айтқан болатын. Әнші өміріндегі кедергілер мен қиыншылықтарды ата-анасының қолдауымен жеңгенін атап өтті.
“4-5 жыл депрессияда болдым. Бірақ ата-анамының күйзелістен шықтым. Олар мені махаббатқа бөлеп, демеу берді. Ата-анам маған ешқашан қаталдық танытпаған. “Жұмыс істегің келе ме, істе, тек сынба. Бәрі жақсы болады, еңбектен” деп қолдау көрсетті. Бірақ маған қиын болды. Сындым, құладым, жыладым. Өйткені студент болдым, ақша керек, жұмыс істеймін. Баламның емі қомақты қаражатты талап етеді. Грантта оқыдым. Осы орайда, ұстаздарыма алғыс айтамын. Сессия тапсыруға ғана баратынмын. Бірақ емтихандарды жақсы тапсыратынмын. Жақсы қолдау көрсетті”, – дейді Әйгерім.
Өнер иесі ақша жағынан қысылғанына қарамастан, бұрынғы күйеуінен ешқандай көмек қабылдамаған.
“Мен өзім сондай шешім қабылдадым. Меніңше, көмектесу ол - баланың жанында болу керексің. Жауапкершілік болу керек. Ал енді басқа жерде жүріп, тек алимент төлесең, білмеймін... Бәрінен бас тарттым. Бірақ өзімнің бір талабым болды. Яғни, "Баладан бас тарту" туралы өтініш жазды. Мен солай айттым. Барлығы заң бойынша, сот болды. Сол сот шешімі бойынша, бәрінен бас тартып, өз қолыма алып, кеттім. Әлімханның әкесі негізі жақсы адам. Ол да сынақтан өтті. Оған сенемін. Жалпы араласпаймыз, оның отбасы бар. Оның ата-анасы да жақсы адамдар. Бірақ солай болып қалды. Бұл - тағдыр. Қателеспейтін адам жоқ. Ол өте жақсы адам. Ол өз қателігін біледі. Мен де өз қателігімді жақсы білемін. Осындай бала үшін оған алғысымды білдіремін”, – деп өз сөзін алғыспен қорытындылады Ayree.