Бастық шалдың қырындауы әбден шаршатты

Oinet.kz 04-08-2024 2547

Менің жасым 42-де. Әлі күнге дейін тұрмысқа шыққан жоқпын. Бауырларым бөлек шығып кетіп әкем жалғыз қалғандықтан, Астанадағы жұмысымнан шығып, осы қалаға әкемнің жанына көшіп келгенмін.

Screenshot_6.jpg

Мені мазалап жүрген – 65 жастағы бастығымның мінез-құлқы. Ол кісі үнемі мені кабинетіне жөн-жосықсыз шақырып, әлденені тыңғылықты орындағанымды сылтауратып бетімнен сүйе ме, әйтеуір қызық-қызық мінез танытып жүрді. Бастапқыда онысына мән бермейтін едім. Бара-бара ол кісі үйіме қоңырау шалып, «Сөйлесейік, келіп кетсеңші», - дейтінді шығарды. Әкемдей адамның мұнысы ерсі екен. Не айтарымды білмей, «Уақытым болмай тұр», - деп жүрдім. Содан бір күні кабинетіне шақырып, ашықтан-ашық: «Сен маған көптен ұнап жүрсің. Қала сыртына шығып келсек қайтеді менің машинаммен?» - деді. Тағы да бірдеңе айтып құтылдым. Шынымды айтсам, бастығымның әрекеті күлкілі. Өзі бойы тәпелтек келген бір уыс адам. Қыз-қырқынға қырындайтындай бір түрі болса екен дейсің. Үйінде бәйбішесі бар. Серілік құрғысы келетіндей қалтасында ақшасы мол, курорттарға қыдыртатын, әдемі көлікпен жүретін қауқары болса, тіпті, ең болмаса, жас шамасы дұрыс болса бірсәрі. Жоқ, ол кісіде мұның бірі де жоқ, әйтеуір қоластында істейтінімді пайдаланып маған қырындай беретінін қайтерсің. Бір керемет компанияның бастығы болып жатса, ол да жөн дер едік. Басқаратыны – пәлендей беделі жоқ кішігірім мекеме. Жалақы да қатып тұрған жоқ. Кей кезде бастығымның осы бос әурешілік әрекеттері мультфильмдердегі персонаждарды көз алдыма елестетіп, өз-өзімнен тырқылдап күліп отыратыным бар.

Дегенмен, бір уыс шалдың қайта-қайта қырындап, әлгіндей сөздермен шақыра бергені адамның қитығына тимей қоймайды екен. Бір күні мен ол кісіден жалығайын дедім. Өйткені ол менің айтқанына жүрмегеніме ерегесіп, сәл бір кешіккенімді пайдаланып немесе жұмыстан басқа да кемшілік тапқансып, әрнені желеу етіп, мерекелік сыйақыларымды қысқартып отырды. Содан әбден қаным басыма шапты. Бір күні еден жуатын жесір келіншек Пернегүлді шақырып алып, бастықтың әрекеттерін оған айтып бердім. Пернегүл шегі қатып тұрып күлмесі бар ма! Сөйтсем, ол Пернегүлдің де мазасын пәлен жылдан бері алатын көрінеді. Жесірлігін пайдаланып, басекең тіпті оның есігін де қағады екен. Бір күні Пернегүлдің қыздары каникулға кеткенін біліп алып, сол маңды торуылдап, Пернегүлдің үйін аңдыпты. Соны баяндаған Пернегүл маған:

- Басеке жалғыз сені ұнатып жүр деп малданба. Ол ұжымға түгел ғашық! – деп қосып қойды. Сөйтсем, басекеміз күйеуі мүгедек Сәнімге де қырындағалы пәлен жылдың жүзі болыпты. Сәнім – біздің есепші. Ол зейнеткерлік жаста болғандықтан, көбінесе жұмыстан шығарып тастай ма деп қорқып, бастықтың айтқандарын екі етпей орындап, арасында шайын жасап беріп, риза қылып жүреді.

Шынымен де бұрын байқамаппын. Енді қарасам, Сәнімді шақырып алып, бастық кабинетінде пыш-пыштайды да жатады. Бір күні жұмыстан қайтып бара жатқанымда қолына бір шөлмек шарап ұстаған Сәнім бастықтың кабинетіне кіріп бара жатты. Соған қарағанда, екеуі әңгіме дүкен құра отырып, шарап ішпекші.

Бірде Пернегүлді үйге шайға шақырдым. Екеуміз шарап ішіп қызыңқырап қалғанбыз ба, әйтеуір ерігіп отырып бастықтың үйінің нөмірін теріппіз. Ол кісі өзі алды тұтқаны.

- Қалыңыз қалай? Не бітіріп жатырсыз? – деп қоямыз. Ол кісі қоңырау соққанымызға шаттанып қалды.

- Сізге барып қайтсақ па деп едік...

Бастығымыз қипақтап, жаман састы. «Қолым тимей жатыр еді. Апаларыңа көмектесіп жатырмын. Қазір қарай алмаймын құжаттарыңды», - деп, тұтқаны тарс еткізді. Ертесіне Пернегүл екеуміз жаман уайымдадық. Бастық сазайымызды берер деп ойлағанбыз. Бірақ, неге екенін кім білсін, онша соқтыға қоймады.

Жалпы, біздің басекең жиын-тойларда кездесе қалған қыз-келіншектердің беттерінен сүйгенді қатты ұнатады. Бала сияқты кейбір қылықтарына қарап, бұл кісінің кәрілікті мойындағысы келмейтінін түсінуге болады.

Қызығы - жағалай көзіне көрінгеннің бәріне қырындай беретіні.

Бір күні кәсіби мерекемізде ұжым болып жиылып қала шетіндегі өзенге түстік. Осы күні күтпеген оқиға болды. Су ішінде дуылдасып жүргенбіз. Бір уақытта судың іші шалпылдап кетті. Сөйтсек, басекеміз зейнетке шығуға жақын әріптестеріміздің бірін су ішінде қуалап жүр екен. Ұстап алса, құшақтамақшы. Ол кісі өзге ұлттың өкілі еді. Бір уақытта мына кісі бүркітше бүре бергенде: «Пошел вон, старый карга!» - деп, кеудесінен итеріп кеп жіберді. Судан шыққан соң, әлгі кісі налып, жаман жылады. Біздің бастық осы оқиғадан соң әлгі әйелге қатты өшігіп, неше түрлі сылтау тауып, жұмыстан шығарып жіберді. Осы жайттан соң менің бастықтың «махаббаты» жасқа да, ұлтқа да қарамайтынына көзім жетті.

Енді бірде басекеміз облыс орталығына іссапарға баратын болды. Қаладағы мекемелердің бірінде басшы болып істейтін әжептәуір жастағы әйел адам оған «машинаңызбен ала кетіңізші» деп қолқа салды. Кейін мен сол әйелді жолықтырдым. Ол көзіне жас алып:

- Бастықтарыңның ондай оңбаған адам екенін бұрын білмеппін. Рас, жұрттан бұрын ондай-мұндайын еститінмін. Бірақ өз басым оны сыйлайтындықтан, сене қоймаушы едім. Жол шетіне машинасын тоқтатты да, маған тарпа бас салды. «Мұныңыз не?» деп едім, «Сен жесір емессің бе, жесірдің көңілін табу өзіме де сауап болады», - деп, екеуміз біраз жұлқысып, төбелеске дейін бардық. Қайтарда автобуспен қайттым, - деді.

Бастығымыз әлі күнге дейін әрқайсымызды мазалап, зықымызды шығарып жүр. Сөзіне көнбегеннен кейін жұмысымыздан мін тауып, сыйақымызды қысқартуын қояр емес.

Бірнеше күн бұрын мені кабинетіне шақырып алып, «қысқарту болады» деп қорқытты. Соңынан жібіп: «Табиғат аясына шығып келу керек еді, ә?» - деп, бетіме күлімсіреп қарады. Бетінен шапалақпен салып қалдым. 

Қазір мен барлық таныстарымды іске қосып, өзіме жұмыс іздеп жатырмын. «Денемді шал сипаған құрт жесін деп» деген өлең жолдары түседі ылғи да есіме. Осы сөзді ұран етіп, мына ұжымнан кетпекпін. Шал әзірге қиялдап жүре тұрсын. 

Ақсамал Жалбырова

Аlashainasy.kz

Абысыным күйеуін қызғанып, босағамдағы сиырымды өлтірді
Анам мен әпкемнің ұрыс-керісі шаршатты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу