Көп келіншек солай ақша табады екен

Oinet.kz 03-08-2024 1867

Күйеуіммен ажырасып кеткем. Өйткені мардымды ақша таппайды, оның үстіне көлігінің кредиті бар. Арасында жетпей жатса менен сұрап алады ақшаны. Жыртығымды жамасқанның орнына өзі салмақ маған.

Screenshot_5.jpg

Ақыры "Ақшаңды өзің тап, өз кредитіңді өзің жап, өз алдыңа өмір сүр, менің басымды қатырма",- деп екіге айырылдық. Ал мен маникюр-педикюр жасаймын. Тырнақ әрлеушімін. Бір айлықтан екінші айлыққа зорығып әрең жетем. Там-тұмдап Тұрғынүйқұрылысжинақ банкіне ақша сап жүрмін. Жеңілдікпен пәтер алсам ба деген дәмем бар. Сол үшін үнемдеймін. Тойып тамақ ішпейміз, жарытып дұрыстап киім де алмаймыз.

Балам ешқандай ақылы секцияға қатыспайды. Сабақтан соң тура тартып, маған жұмысқа келеді. Кешке дейін қасымда боп, бірге қайтамыз. Үй қала сыртында. Жол ұзақ. Ол да шаршатады. Әйтеуір түк пайдасы жоқ еркектен құтылып, бір жүгім жеңілдеді. Әйтпесе жұмыстан соң діңкең құрып тұрса да тағы қызмет қылуым керек түн ортасына дейін оның бабын табам деп. Сұрамай келе беретін туысқандары тағы бар. Не айтасыз, қатты шаршап жүрмін, негізі.

Менің қасымда Сая деген келіншек бар. Ол да мен секілді жалғызбасты. Бірақ мен секілді қиналмайды.

Қызы екеуі үнемі қымбат киім киіп, қымбат әшекей тағып, жасанып-сыланып жүреді. Тамаққа келгенде де мен секілді үнемдей бермейді. Қызың қайда десең, бассейнге кетті, тағы бір сұрағанда биге қатысады деп жатады. Оның бәрі ақша. Ақыры шыдамадым. Қосымша басқа жерде істейсің бе деп сұрадым одан. Жоқ дейді. Сонда қалай жеткізесің, әлде бұрынғы күйеуің жақсы алимент төлей ме деймін. Қайдағы алимент, сужұқпас біреу болатын, қайта келіп мазамды алмағанына рақмет айтамын дейді. Осылай бір тоқтадық.

Бір күні жұмыста солқылдап жылап отырсам (балам шалбарын жыртып алыпты, оның үстіне үйдің шатырынан су ағып тұр, септик ол толып қалған — бәрі ақша, сұраған адамдарым ақша жоқ дейді, сөйтіп жүргенде телефонымды түсіріп сындырып алдым, енді балама қайтіп хабарласам деп қорқып жылап жібергем), Сая қасыма келді. Жағдайымды айтып жатырмын, шаршап кеттім деп қоямын. Ақыры ол жеңімнен тартып, сыртқа жүр деді. Үйдің қалтарысына тұра қала темекісін тұтатқан Сая:

"Бұл арадағы ақша маған да жетпейді. Мен де сен секілді қиналғам. Демалыс күндері де жұмысқа шығып көрдім. 2 айдан соң айналып түстім. Тапқан үстеме ақшам еміме кетті. Дәрі алдым. Общым болмайды ештеңе. Бәрін көрдім. Сөйтіп бір амалын таптым. Мен оған көндім, сен оған қалай қарайсың білмеймін",- деді бір әңгіменің шетін қылтитқан ол ары қарай айтайын ба дегендей маған көзін қадап.

Мен жанып түстім. Айтшы деймін.

— Ешкімге айтпайсың ғой, мені айыптамайсың ғой,- деді.

— Жоға да, күнімді көре алмай жүріп елден нем бар,- деп қоям. 

Сөйтсем Сая күндіз тырнақ әрлеу жұмысынан шыға сап, екінші жұмысқа кіріседі екен. Пәтерінде еркектерге қызмет көрсетеді. Өзі сөйтіп құлаққа жеңіл тиетіндей етіп айтты. Әйтпесе жезөкше ғой. Сағаты 10 мың дейді.

— Ойбай, қалай сағаты 10 мың. Мен бір түні 5 мың деп естіп едім ғой,- дедім бұл жағынан хабарым бар адам құсап. Бір жағынан, ол да ыңғайсызданбай әңгімесін жалғай түссе екен деп тұрмын.

— 5 мың теңге деген қазір баға жоқ. Ол Сейфуллиндегі қыздар ғой, перденің ар жағында жасайтын. Оларға қазір ешкім бармайды. Барса ауру жұқтырып шығады. Қазір мен секілді персонально қабылдайтындар көбейген. Мысалы, мен күніне кешкі 7-ден 10-11-ге дейін 2-3 еркек қабылдап, 20 мың теңге табам. Көбіне еркектер жұмыстан қайтар кезде соғады. Түні бойы сенімен ешкім жатпайды. Бір жағынан, күйеуім жоқ, ләзатымды қандырам, тағы бір жағынан ақша табам осылай. Интернетке телефон нөміріңді жазып қоясың, тұрақты клиент тауып аласың, болды. Басында көмектесіп жіберем, жолын көрсетіп, қаласаң.

Көп келіншек сөйтеді, күндіз өз жұмысын істейді, ол бір айлық күн көрісіне жетпейді, содан кешкісін мен сияқты жасайды. Түгі де жоқ. Есесіне балаң да тоқ, өзің де тоқ. Қатты қиналмайсың.

Мә, күніне 20 мың. Тамаша ғой. Сонда 200 мың теңгені оп-оңай тауып тұр ғой бір айда. Менің де ойым кетті. Бірақ жеме-жемге келгенде қорқып кетеді екенсіз. Көп келіншек сөйтеді деген сөз де құлағыма жағып қалды.

Бірақ жезөкше деген аты қандай жаман. Осы арам ойымнан жиіркеніп, ыза боп кеттім. Саяға айттым, алдымен бір жақсылап ішейікші дедім. Ішіп алып билікті қарғап-сіледік.

"Кредитке байлап, мардымсыз жалақы беріп, қымбатшылыққа ұрындырып отбасын бұзып жатыр, еркектер құл болуда, ал әйелдер жезөкше болуда",- деп кіжіндік. Мүмкін биліктің еш кінәсі жоқ шығар. Бірақ әйтеуір өз-өзімізді ақтап алғымыз келіп кетті бір кезде осылай. Әзірге, ондай жолға түскем жоқ, бірақ ол да ойда жүр…

Гүлзина, Алматы қаласы

Ажырасқан әйелге үйленіп алып, енді бармағымды шайнап жүрмін
Әкем тағы да үйленем дейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу