Балалар әдебиеті мен халық ауыз әдебиеті
Қазақ әдебиетінің өскелең бір бұтағы, балаларға арналған әдебиет. Оның өсу, өркендеу, даму жолдары бар. Алғашқыда жалпы әдебиеттік мұралармен бірге дамып келсе, соңынан өз алдына дараланып, өз ерекшеліктерімен таныла бастады. Балалардың жастық, білімділік ерекшеліктері еске алынды. Балалар әдебиеті балаларға тәлім – тәрбие, білім беретін өмір оқулығына айналды.
Балалар әдебиетінің негізі – ауыз әдебиетінде. Сондықтан балалар әдебиетін зерттегенде халық ауыз әдебиетінен аттап өтуге болмайды. Өйткені, халық ауыз әдебиеті – балалар әдебиетінің алтын қоры, алтын бесігі. Оқу жасына дейінгі балалар, оқушылар ертегілерді тыңдауды өте жақсы көреді. Ертегілердегі ғажайып оқиғалар, қызықты тартыстар мен түрлі егестер, тапқырлық пен айлакерліктер, зұлымдық әрекеттерге қарсы күрескен қажырлы адамдардың қиян кескі батырлық істері оларды таң-тамаша етеді. Мектеп оқушылары батырлық жырларды аса сүйсініп, оның ішіндегі жағымды кейіпкерлерге еліктей отырып, қызыға оқитындығы сондықтан.
Балалар фольклорындағы сөз өнерінің әдемі кестелері, мазмұнды терең ойлары, парасатты тұжырымдары олардың сөздік қорын байытып, мағыналы да мәнерлі сөйлеуге жаттықтырады. Тек бұл емес, халықтық шығармалар ішіндегі әр жақты айқын образ, оқиға барысының қызықты бола беруі, әдемі қисын, жақсы ұйқас – бәрі де балаларды қуантып, әсер беріп, ойын шыңдап отырады.
«Халықтың көкейкесті ой – арманын, тілегін бейнелеген, оның рухани және эстетикалық қажеттеріне сай келген халық ауыз әдебиеті тәрбиелік, білімділік, танымдық, эстетикалық қасиеттері мол мәңгі өшпес үлгілерімен де балалар әдебиетін дамытудың сарқылмас қайнар бұлағы ретінде қызмет етіп отырғандығымен де қымбат», - дейді М.Қ.Қаратаев.
Қазан революциясына дейін қазақ балалары тек қана қазақ ауыз әдебиетінің ғана мұраларын пайдаланып келсе, содан басқаны білмеген. Қазан төңкерісінен кейін орыс халқының және туысқан одақтас республикалардың халықтық шығармалардың бай мұраларын пайдалануға мүмкіндік алды.
Бізде балалар әдебиетін жасау, бастыру, оны бір жүйеге келтіріп, жас өспірімдерге ұсыну жұмысы тек ХІХ ғасырдың екінші жартысынан былай қарай ғана қолға алына бастады. Өйткені, осы кезде қазақ даласында ең алғашқы жаңа типті орыс – қазақ мектептерінің ашыла бастауына байланысты халық ауыз әдебиетіндегі баола тәрбиелеуге арналған шығармаларды жинауға бет бұра бастады. Олар балаларды оқытуға да, тәрбиелеуге де ең қажетті материалдар халық ауыз әдебиетінен табылады деп көрсеткен. Қазақта балалар фольклорын бірінші жинаған және құрастырып, «Қазақ хрестоматиясы» деген атпен 1879 жылы бастырып шығарған Ы.Алтынсарин еді. Төрт бөлімнен тұратын осы кітаптың бірінші бөліміне өлеңдер мен балаларға арналған ұсақ әңгімелер, ертегілер енгізген. Ы.Алтынсарин тек балалар фольклорын жинаушы ғана болып қалған жоқ, сонымен қатар «Ол – қазақтың әдебиет тарихында бірінші балалар жазушысы болды» [3] ,- деп тарих ғылымының кандидаты Б.Сүлейменов орынды айтқан.
Балалар фольклорын өз алдына дербес жинауға көңіл бөлініп, оны зерттеу, оқыту жұмысы да қолға алынған. 1926 жылы Қызылордада «Балаларға тарту» деген атпен мектептерде әліппеден соң оқылатын оқу құралы бастырылды. Осы кітапта тек қана балалар фольклорына байланысты халықтық шығармалар басылған. Бұдан соң, 1927 жылы І.Жансүгіров «Ел әдебиетінен жинақ» деп балаларға арнап «Өтірік» деген кітап бастырып шығарды. С.Сейфуллин құрастырып, 1932 жылы шығарған «Қазақ әдебиеті» [6] атты оқу құралында бесік жырларынан бастап, балалар фольклорына жататын көптеген халықтық шығармалар енгізілген.
Халықтық шығармалардың балаларға тигізетін тәрбиелік әсері ұшан теңіз. Халықтық шығарма балаларды адам баласының өткен ғасырлардағы тарихи өмірі, тұрмысы, әдет – салты, күн көрісі, шаруашылығы, мәдениетімен таныстырып отырады. Сонымен қатар халыцқ алдында қызмет еткен адал ұлдары мен қыздарын ардақтайды, олардың үздік істерін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп көрсетеді. Балаларға арналған халық өлеңдерінде дүниеге жаңа келген жас нәрестенің болашағын ойлап, қолдан келер мүмкіндіктерін соның жолына бағыштауға тырысады. «Бесік жырында»:
Әлди-әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем.
Қонақ келсе, қой бөпем,
Қой тоқтысын сой бөпем.
Құйрығына той, бөпем,-
деп жырлайды халық. Мұндағы балаға деген сый-құрмет, ықыластар, оның болашақ азаматы болсын деген тілек-мақсаттардан туатыны айтылған. «Бесік жырында айтылатын тілек, ақыл-өсиеттерден халықтың нені аңсап, нені көксегендігі көрінеді», - дейді М.Ғабдуллин. Халық тәрбиесі баланың жас басынан көпшіл, ынтымақшыл, сый-сипат көрсете білетін өнегелі адам болуын көздеген, баладан адамгершілік қасиетті талап еткен. Қолы ашық, алақаны жазық береке иесі болсын, жұдырығын түйген сұм болмасын дегенді балаға жас басынан ұқтыруға тырысқан. Баланы күту, бағы, тәрбиелеу, әлпештеп ақ бесікке салу, оның мәңгілік қамқоршысы болу – ата-ананың борышты да басты міндеті деп бағалаған. Бала туғанда шілдехана жасау, жас нәрестенің дүниеге келуін қуаныш ету, оны өздеріне бақыт санау жалпы халықтық салтқа, әдетке айналған. Бала ата-ананың бауыр еті, жүрегі деп бағалаған.
Бармақтарың майысып,
Түрлі ою ойысып,
Ұста болар ма екенсің?-
деп, оған ізгі тілектер қояды. Игілікті істерге бастайтын өнер-білімге баулиды.
Өз баласы халыққа әр жақты өнерімен, білімімен, игілікті ісімен қызмет етіп, танылса дегенді арман еткен. Ата-аналардың бала тәрбиелеудегі басты борышы мен ізгі ниеті де, міндеті де осы болған.
Таңдайларың тақылдап,
Сөйлегенде сөз бермей,
Шешен болар ма екенсің?-
Деп, бесікте жатқан жас нәрестенің болашағын ойлайды. Қай іске, қандай өнерге болса да икемі бар, сегіз қырлы бір сырлы болуын көздейді. Әйтеуір, қандай іс, қандай өнер болса да, өзінің бейіміне, ықылас-әрекетіне қарай кәсіп ете беруін халық ертеден-ақ жақтаған. Сондықтан өз сәбиін өнердің, еңбектің қандай түріне болса да баули беруге, ынталандыра беруге әрекет етті.
Бесік жыры бала жұбатуға арналағанмен, оның ішкі мазмұнынан халық өмірінің күнделікті тіршілік тілегімен, өмірімен тығыз байланыстыра айтылатыны көрініп тұрады. Бесік жырының мазмұнына тереңірек үңілсек, оған зер салсақ, одан өмірінің бастан кешірген бар тағдыры көрінгендей болады. Баланы тербете отырып, ана кейде өз басынан кешкен қайғысын да, қасіретін де, өмірден көрген қуанышы мен азабын да қоса жырлайды. Болашақтан күткен зор үмітке, арман-тілекке, біреуге тәуелді болмай, ерікті түрде өмір сүруге жеткізетін осылар болар ма екен дегенді жас ұрпақтың құлағына құйып отырады.
Кең балағын түсіріп,
Ойға, тауға жүрісіп,
Балуан болар ма екенсің?
Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің?-
дейді. Мұнда жеке бастың пайдасы үшін, не даңқ, атақ алу үшін емес, «атасының баласы болу» үшін емес, «адамның баласы болуын» тілегендіктен айтылған халықтың асыл ойлары берілген. Өз Отанын қорғайтын патриот болар ма екен деген тілектер айтқан. Бала жұбатудан басталатын бірнеше тілек-мақсаттар оның болашақтан күткен арманына жетудің жалғасы болады деп үміт еткен. Бесік жырының әсем де жеңіл айтылуы, оның сазды әуенге қосылып, белгілі баппен шырқалуы баланың көңіл-күйін ашып, оны мәз-мейрам күлкіге шомдырады. Бесіктің тербелуі мен ән ырғағының бірдей шығуы бала тербеткен ананың да, бесікте жатқан баланың да жүректері бірге соққандай әсер береді. Былайша айтқанда, ана мен бала жүрекпен тілдесіп отырғандай біріне – бірі ұйый түседі.
Көзімнің ағы, қарасы,
Жүрегімнің парасы,
Уайым-қайғы ойлатпас,
Көңілімнің санасы.
Айналайын, шырағым,
Көлге біткен құрағым,
Маңдайдағы құндызым,
Аспандағы жұлдызым.
Әлди,әлди,ақ балам,
Айналайын, балам-ай,
Айналсын сенен анаң-ай.
Әлдилеп сені сүйгенде,
Анаңның болар көңілі болар жай , -
деп, өз өмірінің жалғасы боп танылған жас нәрестені тәрбиелеп өсіруге халық зор мән берген. Сондықтан да, баланы қызықтыруға, оның ой - өрісін кеңітіп, толықтыруға, өмір мектебімен ерте таныстыруға себепші болатын қызықты ертек, көркем әңгіме, өнегелі өлеңдер шығарған. Ата-ананың мақсаты, арман-тілегі баласының халық ұлы, халық азаматы болуын көксеу ғана болды. Ата-ана көңілінің жайлануы мен марқаюы баласының саулығы мен жарқын болашағына, халық алдындағы атқарып жүрген игі қызметіне байланысты өседі. Халық бала тәрбиелеуде осындай игі мақсаттар үшін күресті. Бесік жыры деп аталатын осы бір өлеңнің ғасырлар бойы ел аузында сақталып келген құдіретті сипаты, зор ерекшелігі, тәрбиелік мәні осындай. Мұнда халықтың балаға деген барлық махаббаты, ой-арманы, жарқын болашақтан күткен зор үміті жинақталған.
Бесік жыры ғасырлар бойы ұзақ өмір сүріп, ұрпақтан ұрпаққа ұласуымен қатар оған бала жұбату, тәрбиелеуде заманы қойған тілек, мақсаттарға қарай жаңа мазмұнда, жаңа түрде айтылатын шумақтар да қосыла берген, жамала берген.
Айналайын, балдырған,
Қылығың мейір қандырған.
Күйші болар ма екенсің?
Өнерің отын жандырған,
Сырын тыңда, даланың,
Жырын жатта ағаның,
Күйіңмен тербеп, балбырат,
Туған жердің алабын,-
деп, біздің қазіргі қойып отырған талаптарымыз да бесік жырында аналар сөзімен қоса айтылып жүргені бар. Қорыта айтқанда, бесік жыры – мәңгілік өріс алып, одан ары дами беретін балалар фольклорындағы халық ауыз әдебиетінің алатын дәні, жыр - өлеңнің бірінші бастамасы.
Балаға үміт артарлық осындай тілек-мақсаттардың қойылуының өзі де олардың ақыл-есін жетілдіріп, көңіл-күйін оятып, болашаққа, алға қарай ұмтылуға талпындырады. Талпынуға, ілгері қарай ұмтылуға, жігер – қайратының шыңдалуына қарай бастайды. Осының бәрі де көркем шығармалардың күшін және әдемілігін жақсы сезіну арқылы ғана жетілетін игі нәрсе. Екінші сөзбен айтқанда, көркемдікті, әдемілікті, жақсылықты түсіндіре білудегі эстетикалық тәрбиенің жемісі. Өмір мектебімен ерте таныстыруға себепші болатын қызықты ертек, көркем әңгіме, өнегелі өлеңдердің бәрі де баланың эмоциялық сезінуі арқылы оларды ылғи да жақсылыққа, әдемілікке, саналы ойға баулып отырады.Бесіктегі баланы тәрбиелеуге қазақ халқы осылай зор мән берген [1].
Өмір заңы және оның қызығы - өсіп - өнуде, өрбуде. Қай халық болмасын, өзінен кейінгі ұрпақтың өз заманына лайық азамат болуына, жан- жақты тәрбие алуына қамқорлық жасаған. Осы тәрбиенің басты құралы етіп әдебиетті де мол пайдаланған. Балалар әдебиетінің түпкі негізі осылай халық педагогикасымен байланысып жатады.
Қай халықтың тарихында да, оның ауыз әдебиетінен бастап, балаларға арналған өлең – жырлар көп. Жас нәрестенің дүниеге келуінен бастап, оның өмір тануының әр кезеңіне лайық тілек – мұраттарын халық өлеңмен айтып жеткізген. Абайдың:
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең,-
деп, бүкіл адам өмірін өлеңмен байланыстыратыны да осыдан.
Балаларға арналған халық поэзиясының түрлері әр алуан: оларға бесік жыры, тұсау кесу жыры, санамақ, өтірік өлең, төрт түлік мал туралы жырлар, жаңылтпаш, жұмбақтар, мақалдар мен мәтелдер, тағы да басқалары кіреді. Бұлардың әр қайсысының өзіндік туу заңдылықтары бар. Олардың қайсы болса да бала өмірінің қажетін өтеу үшін туады да, баланың әр кездегі жас мөлшеріне , әрекет – тіршілігіне, психологиясына лайықталып айтылады.
Балалар үшін қызықты өлеңдердің бірқатары төрт түлік мал туралы. Көшпелі тұрмысы малмен байланысты болған халық балаларға жыр арқылы мал түліктерінің түрлерін таныстырған. Оларда әр малдың өзіне тән өзгешеліктері сипатталады.