«Муфтияттың пәтуасын орындауға міндетті»
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров «Кабар» агенттігіне берген сұхбатында бетті толық жабатын киімді киюге тыйым салу мәселесі жөнінде пікір білдірді.
Мемлекет басшысының айтуынша, жақында елде дін саласын реттейтін заң қабылданған. Соған сәйкес, дінге сенушілердің құқықтарына қатысты барлық мәселе муфтият пен ғұламалар кеңесіне тапсырылған. Билік діни мәселелерге араласа алмайды. Муфтият Құран мен хадистерге сүйене отырып, діни білімге негізделген пәтуалар шығарады, ал бұл пәтуаларды ел аумағында міндетті түрде орындау қажет. Садыр Жапаров әйелдердің хиджаб, никаб және паранжа кию мәселесіне қатысты өз пікірін білдірді:
«Хиджаб» сөзі қырғыз тілінде жай ғана «жаулық» дегенді білдіреді. Жаулық – ежелден келе жатқан аналарымыздың, әпке-қарындастарымыздың дәстүрлі бас киімі. Әйел оны қалай тақса да – бұл оның жеке ісі. Орап таға ма, иегі астынан байлай ма – бастысы, беті ашық болуы керек. Никаб – көзден басқа жердің бәрін жабатын бас киім. Ал паранжа – бетті толықтай жабады. Оларды киюге муфтият шешімімен тыйым салынған. Азаматтарымыз муфтияттың пәтуасын орындауға міндетті. Біздің дәстүрімізде әйелдер ешқашан паранжа кимеген, сондықтан бұл мәселені дауға айналдырудың қажеті жоқ», – деді Президент.
Садыр Жапаровтың пікірінше, құқық қорғау органдары беті ашық әйелдерді (яғни жай жаулық таққандарды) тоқтатпауы керек. «Бетті толықтай жауып тұратын никаб пен паранжаға келсек, біз бұл мәселеде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге баса мән беруіміз керек. Бұл – биліктің бастамасы емес, Қырғызстан мұсылмандары үшін муфтият бекіткен ереже. Мемлекет бұл мәселеге бейжай қарамауы керек, керісінше, осы ережелердің орындалуына көмектесуі тиіс. Жалпы, барлық мәселеде муфтияттың пәтуаларын орындауға қолдау көрсетуіміз керек», – деді қырғыз көшбасшысы. Қырғызстанда қаңтар айында қабылданған заңнамалық өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік мекемелерде және қоғамдық орындарда адамның жүзін тануға мүмкіндік бермейтін киімді киген азаматтарға 20 мың сом (117 600 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Бұл енді адамзат баласының сана-сезіміне тікелей қатысты нәрсе, дегенмен көрші айырқалпақты ағайынды мазалап отырған ауқымды мәселе де жоқ емес. Қырғыз елінің басты су қайнарының бірі – мұздықтардың тез еруін тоқтату үшін 7 миллиард ағаш отырғызу қажет. Қырғыз Республикасы Президентінің іс басқармасы басшысының орынбасары Алмаз Райымбековтің айтуынша, мұздықтар ғалымдар болжағаннан да жылдам еріп жатыр.
«Қырғызстанның мұздықтары күтілгеннен тез жойылып барады. Бұған тосқауыл қоятын шешім бар: 7 миллиард түп ағаш отырғызуымыз керек. Қырғызстан – Азияның жүрегі. Мұнда өңірдегі мұздықтардың 40%-ы шоғырланған. Ғалымдардың жорамалдауынша, бұрын болжанған 3 ғасырдың орнына енді мұздықтар небәрі 35 жыл ішінде толығымен еріп кетуі мүмкін. Бұл елдің қауіпсіздігіне, ауыл шаруашылығына салмақты қатер төндіреді. Өйткені мұздықтар миллиондаған адамды, төрт түлікті және егін шаруашылығын сумен қамтып отыр», – деді Алмаз Райымбеков.
Оның дерегінше, Президент Садыр Жапаровтың бастамасымен, мемлекет жасылдандыру және экожүйені қорғауға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыруға белсене кіріскен.