Трампқа импичмент жариялау ұсынылды

Oinet.kz 10-04-2025 99

АҚШ-та конгрессмен-демократ Эл Грин қазіргі Президент Дональд Трампқа импичмент рәсімін бастауды ұсынды. 

Screenshot_20.jpg

The Hill-дің жазуынша, конгрессмен алдағы 30 күн ішінде америкалық көшбасшыға импичмент жариялау туралы баптар енгізбек.

Эл Грин қазіргі Президент атқарушы биліктің басшысы болуға «лайық емес» деген пікірде. Бұл туралы ол Вашингтонда Ақ үй басшысына қарсы өткен митинг қатысушыларының алдында сөйлеген сөзінде айтты. Ал Ақ үйдің баспасөз хатшысының көмекшісі Лиз Хастон Президент Трамп әрдайым Social Security, Medicare және Medicaid сияқты әлеуметтік қамсыздандыру бағдарламаларын және оларға құқығы бар адамдарды қорғайтынын мәлім етті.

«Демократтар бұл жәрдемақыны заңсыз иммигранттарға ұсыну керек екенін айтып отыр. Бұл бағдарламалардың банкроттығына әкеледі әрі егде жастағы америкалықтарға соққы болып тиюі мүмкін», – деді Лиз Хастон.

Грин Трамптың бірінші президенттік мерзімінде де оған импичмент жариялауға әрекеттенген болатын, алайда ол сәтсіз аяқталды.

The Guardian-ның жазуынша, АҚШ-та Трамптың солақай саясатына қарсы кең ауқымды наразылық акциялары басталды. Hands Off ("Тарт қолыңды!") аталған бұл орасан зор қарсылық шарасы бүкіл штаттарды және Америкаға қарасты территорияларды қамтыды. Оның ұйымдастырушылары журналистерге осы арқылы АҚШ Президенті Дональд Трамптың «бассыздығына және миллиардерлер ілгерілетіп отырған күн тәртібіне» бағынғысы келмейтіндерін паш етуге ниетті екенін мәлімдеді. Наразылық шарасының бастамашыларының бірі – MoveOn құқық қорғаушы тобы өз мәлімдемесінде мұны «мобилизация» деп атады.

«Бұл – жалпыұлттық мобилизация. Ол қазіргі заман тарихындағы билікті ең арсыз басып алу талабын тоқтатуға бағытталады. Трамп, Маск пен олардың миллиардер достары біздің үкіметке, экономикаға, азаматтық негізгі құқықтарымызға жаппай әрі жан-жақтан шабуылдар ұйымдастыруда. Конгресс болса, олардың жүрісінің әрбір кезеңін үнсіз құптауда», – делінген құқық қорғаушы ұйымның мәлімдемесінде

Бастамашылар биліктегі мұндай бейберекет ақыр соңында Құрама Штаттарды күйретіп, ыдыратып тынады деп қауіптенетіндерін жеткізді. 

«Олар Американы бөлшектеп тастағысы келеді. Мемлекет атынан халыққа қамқор болып келген әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдерін жаппай жабуда, сауатты қызметкерлерді жұмыстан қуып жатыр. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін қиратты. Medicaid медсақтандыру жүйесінің ішін жарды. Осының бәрі анталаған миллиардерлердің афераларын қаржыландыру үшін жасалуда. Олар, шектен тыс байлыққа батқандар біздің салықтық қаражатымызды, біздің мемлекеттік қызметтерімізді, біздің демократиямызды талап жатыр», – деп мәселе көтерді MoveOn құқық қорғаушы тобы.

Мэриленд штатынан сайланған демократ-конгрессмен Джейми Раскин Вашингтонда жиналған жұрт алдында айтқан сөзінде Трамптың тарифтері, теріс саясаты елде инфляцияның өсуіне, қымбатшылықтың өршуіне, биржалардың құлдырауына соқтырып жатқанын жеткізді. Салдарынан, мысалы, зейнеткерлердің бағалы қағаздарға салған жүздеген миллиард доллар жинағы жоқ болып кеткен.

«Біз тұтқындаусыз, депортацияланусыз, жұмыстан қуылусыз наразылығымызды еркін білдіруге құқылымыз! Біз қалаған кітапты, соның ішінде «1984» пен «Күтушінің әңгімесін» оқуға құқылымыз. Біз сондай-ақ Трамптың экономикамызды күйретіп жатқанын, елдің 6 триллион доллар байлығын жойып жібергенін ашық айтуға құқылымыз! Біз Мексика шығанағын «Мексика шығанағы» деп айтуға құқылымыз!», – деді Өкілдер палатасының депутаты Джейми Раскин.

Флориданың конгрессмен-демократы Максвелл Фросттың байламынша, Америкада «жемқор миллиардерлер мен мегакорпорациялар тірек болған авторитаризм өсіп-жетіле бастады». Ал билік болса, наразылық шараларына орай қақтығыстардың алдын алуға дайындалып, құқықтық тәртіпті сақтауды күшейтті, полицияны және басқа күш құрылымдарын жоғарғы дайындыққа келтірді. Осының алдында ғана Дональд Трамп елде төтенше жағдай жариялаған болатын. Ол да Президентке қарсыластарын басу үшін батыл қимылдауға мүмкіндік береді. Америкалық ақпарат құралдарының дерегінше, алдын ала есептеулер бойынша қарсылық шараларының бастапқы кезеңінің өзінде қатысушылар саны 250 мыңнан асып жығылған. 

Экс-президент әуежайда қамауға алынды
«Муфтияттың пәтуасын орындауға міндетті»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу