Мерей Нұрлыбекұлы: «Балалар хирургиясы – жауапкершілікті қажет ететін сала»

Oinet.kz 22-12-2017 895

Screenshot_1.jpg

Мерей Нұрлыбекұлы, «Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы» МКК жауапты хирургі

Ересек адамның өзін емдеу оңай шаруа емес десек, сырқаттанған сәбиді науқасынан айықтыру – қаншалықты жауапкершілік артатыны баршамызға белгілі. Жаңа туған нәрестеден бастап, жасөспірімге дейінгі аралықтағы сәбилерді емдеу, емдеу болғанда да балаларға ота жасау ісінің маманымен сұхбат барысында бала денсаулығы, оларға ота жасаудың қиыншылығы мен жауапкершілігі, жалпы дәрігер қауымның бүгінгі келбеті қандай болуы керек деген тақырыптарды қозғадық...

– Мерей Нұрлыбекұлы, сіз ота жасаған сәбидің ең кішкентайы қанша жаста еді?

– Бір жасқа да толмаған сәби болатын. Дүние есігін ашқанына бір ай ғана уақыт өткен қыз балаға 2013 жылы ота жасадым. Ауру себебі – туа пайда болған дерт. Құдайға шүкір, ота сәтті өтті. Қазір ол қызымыз төрт жаста. Отадан соң ауруынан айығып, тіл-көзім тасқа, шауып жүр деуге болады.   

– Ал, ең алғашқы отаға қатысқан уақытыңыз есіңізде ме? Ол қандай ота еді? Бойыңызды қорқыныш билемеген болар?

– Әрине, есімде. Хирургтар ондайды ұмытпауы керек. 2010 жылы, 12 шілде айында, Алмат есімді жеті жасар балаға ота жасадым. Алмат – ауруханаға соқыр ішек болып түсті. Ота жақсы өтіп, бала тез төсектен тұрып кетті. Әрине, бойымда аздаған қорқыныш болды, жасырмаймын. Себебі, жас сәбиді бірінші рет тілу, кесуде сәл-пәл қорқыныш билейтіні рас. Бұл, сірә, қорқыныштан бұрын, жауапкершілік салмағы шығар. Ал, жауапкершілік жүгі әрбір хирургтың есінде жүруі тиіс. Алмат дертінен айығып, ауруханадан күлімсіреп шығып бара жатқанын көргенде, бала үшін қуандым.

– Жылына орта есеппен неше адамға ота жасайсыз? Олардың шамамен қаншасы ауруынан айығып кетеді?

– Біздің ауруханаға келіп қаралатын науқас саны өте көп. Сондықтан, дәл өз мысалыммен айтар болсам, жылына орта есеппен 700-800 ота жасаймын. Егер бала сүндеттеуді ота деп есептесек, ота саны одан да көп болуы мүмкін.

Ота жасап болған соң да, науқастың толық айығып кетуі үшін жағдай жасауын қадағалайсың. Сондықтан, отадан кейін олардың ауруы асқынып кетуіне жол бермейсің. Сондықтан, ол оталардың түгелге жуығы сәтті болып, балалар ауруынан айғып кетті деген сенімім мол. Иә, мойындау керек, кейбір жағдайда ота жасау кезінде бала денсаулығынан кінарат байқалып, басқа бір дерті қозып немесе ауруы асқынып кету жағдайлары да кездеседі. Бірақ, Құдайға шүкір, науқастың шетінеген оқиғасы тіркелген жоқ. Алдағы уақытта ондай жағдай болмай-ақ қойсын деп тілеймін.

– Өмір болған соң, отаның бәрі бәрдей сәтті бола бермейді. Ондай сәттерде хирургтер өз-өзін қалай ұстайды, қалай жұбатады?

– Ондай жағдайда ең бірінші сабыр керек дер едім. Ауруы асқынып кеткен науқас ауруханадан шыққанша қасында болып, жағдайын қадағалап жүру керек деп ойлаймын. Әр отаның барысын хирург жақсы біледі, ота қалай жасалды, ота жасау барысында қандай да бір күдігі болған шығар? Сол күдіктің алдын алу үшін отадан кейінгі жағдайларда хирург науқасқа көңіл бөлгені жөн.

Стресті көңіл-күйден, қол қусырып қарап отырғаннан аулақ болған дұрыс.

Жасырмай-ақ қояйын, кейде отадан кейін науқастың жағдайы асқынып кеткен сәттерде, көңіл-күйің, қобалжуың отбасыңа да тиіп кетуі де мүмкін. Қобалжуымыз отбасымызға да салқынын тигізіп кететін жағдайлар да бар екенін мойындаймын. Мұндайда, дәрігердің қас-қабағына қарап, түсіністік танытатын отбасың болғанына да шүкіршілік етесің. 

Жалпы, бір нәрсені анық ұғуымыз керек, хирург науқасқа өз мүмкіндігі мен тәжірибесі, білігі мен білімі шегінде ғана көмек көрсете алады. Әйтсе де, қанша ауыр халде жатса да, сырқатты қалай да құтқарып қалуға бар күш-жігерімді саламын деген оймен көмектесу керек. Сонда ғана жақсы  нәтижеге жетуге болады.

– Сіз балалар хиругысыз. Ересек адамға ота жасаудың өзі соншалықты күрделі. Балаға ота жасаудың қиындығы қандай?

– Дұрыс айтасыз, баланы емдеу мен ересек адамдарды емдеудің айырмасы жер мен көктей. Бұл негізінен тәжірибемен, білікпен, білім мен көрген-түйгеніңді ұштастырумен пайда болады. Үлкен кісілер қай жерін ауру мазалап тұрғанын айтып бере алады. Дүниеге келгеніне аз ғана уақыт өткен бала сізге «мына жерім ауырып тұр» деп шағына алмайды. Ол тек қана жылауы мүмкін. Қазір замануи құрылғылардың көмегімен баланы тексеріп диагноз қоямыз. Тәжірибе, көрген-білген, оқығанымызға сүйеніп, баланың ауруын анықтаймыз. Жеті жастан асқан, сөзді түсінетін науқастар болса, олармен сөйлесеміз, ата-анасымен сұхбаттасамыз.

Ота жасау – біздің мамандығымыз жүктеген жауапкершілік. Жауапкершілікті ауыр-қиындығына қарамай, әр маман өзіне лайық алып шығуы тиіс деген ойдамын.  

– Ендеше, әңгімемізді философиялық сауалмен жалғасақ: адамға ауру не үшін беріледі? Адамның түзелуі, өкінуі, әлде бір ісінің дұрыс болмағанын мойындауы үшін бе? Әлде салауатты өмір салтын дұрыс ұстанбағаны басты себеп пе?

– Ауру – адам ағзасындағы қозғалыс дер едім. Денсаулыққа анықтама бергеннен, ауруға анықтама беру оңайырақ, білесіз бе? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «денсаулық» деген ұғымға мынандай анықтама берген. «Денсаулық дегеніміз – адамның физикалық, әлеуметтік, психологиялық амандығы». Денсаулық – адамның өмір сапасына тікелей қатысты дер едім. Демек, адам – өмір сапасының бұрыстығынан ауырады. Денсаулық сақтау – дәрігерлерге 30% пайыз тәуелді болса, 50% – өмір факторларына тәуелді екенін мойындау керек. Алайда, біз оны көп жағдайда түсінбейміз. Сондықтан да, бүгінгі таңда әрбір заманауи адамның денсаулығы түрлі психоэмоционалды стресстерден, экологиялық жағдайлардан, кейбір оқыс оқиғалардан, әлеуметтік жағдайлардан, салуатты өмір салтын ұстанбаудан, тағы сол сияқты себептерден бұзылып барады.

– Дәрігерлер – ықылым заманнан зиялы қауым өкілдері қатарына жататын мамандық иесі. Бүгінгі заманғы дәрігер қандай талаптарға жауап беруі тиіс?

– Ең бастысы – дәрігер адал, ары таза жан болуы тиіс. Дәрігер мамандығы – мейірімділік пен жауапкершілік мамандығы. Дәрігер – өз өмірін адамдарға қызмет көрсетуге арнаған адам, сондықтан да әлеуметтік дәрежесіне, ауруының ауырлығына қарамастан барлық сырқатқа біркелкі қарауы тиіс. Дәрігер ең бастысы, қарапайым және қайырымды болуы қажет.

Бізде мықты мамандар, ғажап дәрігерлер көп. Солардың тәжірибесін жас дәрігерлерге үлгі қылсақ, сіз айтып отырған талаптар үддесінен шығар едік. Әр науқас – жеке тұлға. Оларға сырқат деп емес, жеке тұлға ретінде үлкен құрметпен қарау – дәрігерге қойылар басты талаптардың бірі болуы тиіс. Екінші, жауапкершілік мәселесі. Жауапкершілік сезімі дәрігер бойындағы көптеген талаптарды оятады ғой деп ойлаймын. Отаны мықты жасағанымен, ізденісі төмендеу дәрігерлер де кездеседі. Дәрігер әрдайым ізденіс үстінде жүруі тиіс. Шеберлік пен біліктілікті арттыру ісін мықты маман әрдайым қатар алып жүргені жөн. Қазақстан соңғы уақытта денсаулық сақтау саласында оңтайлы серпіліс жасап, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде енгізілген озық медициналық тәжірибені барынша игеріп келеді. Сол тәжірибені кейінгіге жеткізетін мықты дәрігерлер тобын қалыптастыру да – бүгінгі заманғы дәрігерге қойылатын басты талаптар қатарында дер едім.

– «Хирургтың қолы –  нәзік, көзі – бүркіттікіндей қырағы, жүрегі – арыстандыкіндей айбатты болуы керек» деген нақыл сөз бар.  Тәжірибелі хирург-дәрігер болу үшін тағы қандай талаптар қажет?

– Хирург болу өте қиын. Адамның қанын көру, онымен жұмыс жасау кез келген адамның қолынан келе бермейді. Дәрісін беріп, екпесін салып кететін басқа салаларға қарағанда, хирургия саласының салмағы өте ауыр. Медицинада қажырлы еңбекті, үлкен талапты, шыдамдылықты, төзімділікті және дәрігерлік дарынды талап ететін мамандық – хирург дер едім. Әрбір хирург білімін, білігін жетілдіріп отыруы, осылайша, замана көіше лайықты ілесе алуы тиіс. Жалғыз Қазақстанмен шектеліп қалмай, шетелдермен тәжірибе алмастыру да маңызды.

Хирург –  біліктілігін ұдайы жетілдіріп, тәжірибесін жаңа технологиямен ұштастырып отыруы да өте маңызды. Себебі, ғылым бір орында тұрмайды. Медицина саласы жыл сайын жаңа технологиялармен толығып, хирургия саласында да тың өзгерістер көптеп енгізілуде. Осы орайда, соңғы буынды инновацияларға сәйкес, хирургтер де біліктілігін ұдайы шыңдап отыруды мақсат еткені дұрыс.

Ежелгі дүниедегі Иранның дәрігерлік даналығы былай дейді екен: «Дәрігердің үш қаруы бар: сөз, шөп және пышақ». Бұл пікірде «сөз» тектен-тек бірінші айтылмаған. Яғни, дәрігер сырқат жанның психикасына, оның ойларына, көңіл күйіне, ерік жігеріне ықпал етуі – дәрігердің де, хирургтың да ең басты қаруы. Хирургтың сөйлесу мәнері, бет-әлпеті, тіпті, дауыс ырғақтары әркез науқастың жанын емдейтіндей жайлы болғаны дұрыс.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Қарагөз Сімәділ

Гүлбану Сыздықова: «Ізденбейтін дәрігер қоғамға қауіпті»
Перизат Қайназар, эпидемиолог-дәрігер: «Дәрігер болу – бала кезгі арманым»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу