Премьер-министр Шымкенттегі автобустарға мініп көрді (фото)
Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин Шымкенттегі жұмыс сапары барысында жаңадан ашылған "Shymkent bus" автопаркіне барып, ондағы автобустарға мініп көрді. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Үкімет басшысына жолаушыларды қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету барысын баяндады деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
Шымкентте Қала күні қарсаңында жаңадан "Shymkent bus" муниципалды автопаркі ашылған. Онда жоспарланған 300 автобустан 160-і әкелінген еді. Қалған 140 автобус шілде айында жеткізілмек.
Жалпы 2020 жылдың наурыз айына дейін тағы 700 автобус келеді деп күтілуде. Қала басшылығы осылай таяу уақытта қоғамдық көлікке қатысты барлық мәселелер шешілетіндігін айтады.
Сондай-ақ жоба аясында жол ақысын төлеудің "Оңай" электрондық жүйесін орнату жоспарлануда.