Тоқаев: "Түркістанда зардап шеккен өрт сөндірушілер мемлекеттік сыймен марапатталады"
Түркістандағы қонақ үйде өрт сөндіру кезінде зардап шеккен өрт сөндірушілер мемлекеттік сыйлармен марапатталады, деп хабарлады ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
"Түркістан қонақ үйінде өрт сөндіру кезінде зардап шеккен ІІМ қызметкерлеріне тез арада сауығып кетуді тілеймін. Олардың ерен еңбегі мемлекеттік тарапынан марапатталатын болады",- деп жазды Қ. Тоқаев Twitter парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, 10 қыркүйекте Түркістандағы "Royal grand hotel" қонақ үйінің аумағында жарылыс кезінде 10 адам зардап шеккен болатын. Зардап шеккендердің жетеуі - өрт сөндірушілер. Оларда түрлі дәрежедегі күйіктер бар. Қалған зардап шеккендер - қала тұрғындары. Олар "жоғары артериялық қысым" және "стресстік жағдай" диагноздарымен келген. Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйге жіберілген.