Оқырмандар журналист Руслан Өтепбайды арыстанға теңеп өлең шығарды
Тараз қаласының әкімдігі қамқоршысы Зүлфия Төленовадан теперіш көрген Құндыз бен Назгүл арнаулы орталыққа орналастырылды. Бұған дейін Құндыз бен Назгүл қамқоршысынан қорлық көргендігі әлеуметтік желілерде жиі айтылып жүрді. Соңғы видеода қыздардың бірі жерде аяқ-қолы байлаулы жатқан.

Журналист Руслан Өтепбай осы фотоны көрген соң Құндыз бен Назгүлдің жағдайын білу үшін қамқоршының үйіне арнайы барып, мәселенің мән-жайымен танысып, құзырлы органдарды шақырды. Нәтижесінде полиция тарапынан қылмыстық іс қозғалып, балалардың заңды қамқоршысы ретінде көрсетілген З.Т. есімді азаматшаға қатысты тергеу амалдары басталды. Нәтижесінде кәмелетке толмаған балаларды қамқорлығына беру туралы қаулының күші жойылды. Балалар 2025 жылғы 29 желтоқсаннан бастап арнайы бейімдеу орталықтарына орналастырылған.
Осы істі соңына дейін жеткізген Руслан Өтепбайға ризашылық танытқан оқырмандар оған алғыстарын жеткізді. Жұлдыз Сүлейменова есімді оқырман оған өлең арнады.
Біле ме тірі кезде бағаңды адам,
Жалықпас айып тағып, қаралаудан.
Қарындастың намысын биік қойған,
Айналдым сен секілді ағалардан.
Болдың-ау біздер үшін нағыз үлгі,
Көрмеппін сен секілді жаны ізгіні.
Құндыздың еркелігін көп кешіріп,
Құлдықтан құтқарыпсың Назгүліңді.
Көп сөйлеп кетем бе деп жасқанамын,
Өзіңдей берік пе екен тас қамалым.
Тағдырдан таяқ жеген екі қызды,
Қараусыз орта жолда тастамадың.
Ұқсайсың арыстанға, қыранға да,
Құмармын бүгін саған жыр арнауға.
Қызғыштай қори бердің қос аруды,
Дәл сендей болмас сірә, туған аға.
Бір сөзбен өзгертеді ғасырды кім?
Жарасын көрсете алмай жасырды мың.
Қыздарға қамқор болдың ойланбастан,
Алладан қайтсын деймін жақсылығың, - деп жазды ол.


