Түркістанда «Батыр ана» форумы өтті

Oinet.kz 25-12-2019 846

Бүгін Түркістан қаласында «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында «Батыр ана» көпбалалы іскер аналар форумы өтті. Форумның мақсаты – көпбалалы аналардың мәртебесін көтеру, олардың кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсету. Форумға облыстың аудан, қалаларында кәсіпкерлік саласында және өзге де салаларда жемісті еңбек етіп жүрген 100-ге жуық көпбалалы аналар қатысып, тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар арасында 9 баланың анасы да бар. Форумды «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жүргізіп отырды. 

Screenshot_2.jpg

«Nur Otan» партиясы тарапынан кәсіпкерлікті қолдау, елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту, көпбалалы аналарға қолайлы жағдай жасау бағытында «Бақытты отбасы» жобасы қолға алынғанын білесіздер. Қазіргі таңда Түркістан облысында 90 мыңдай көпбалалы отбасы бар. «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелерінің басым бөлігі біздің өңірден. Біздің ардақты батыр аналарымыз бала тәрбиелеп қана қоймай, түрлі салаларда жемісті еңбек етіп жүр. Кәсіпкерлік саласында табысқа жетіп жүрген аналарымыз жетерлік.  Бүгін «Батыр ана»  форумына көпбалалы аналарымызды арнайы шақырып отырмыз.  Көпбалалы және іскер әйелдердің кәсіпкерлікпен шұғылдануы үшін қандай қолдаулар бар? Осы мәселелер төңірегінде ой қозғап, облыс көлемінде кәсіпкер-аналарымыздың атқарып жатқан жұмыстарын ой елегінен өткізіп, көпшілік қауымға насихаттауды мақсат етіп отырмыз», – деді Б.Дәулетұлы. 

«Атамекен» ҰКП Түркістан облыстық филиалының директоры Дінмұхаммед Абсаттаров кәсіпкерлерге көрсетілетін жеңілдіктер жөнінде кеңінен баяндады. Оның айтуынша, 2019 жылдың ішінде «Бастау бизнес» және «Жас кәсіпкер» жобалары аясында Түркістан облысы бойынша 3345 әйел  білім алды. «Еңбек» бағдарламасы аясында 3 мыңнан астам әйел жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған 1,5 млрд. теңге көлеміндегі гранттарды иеленген. 

«Кәсіпті неден, қалай бастаймын деген сұрақ мазаласа, біздің бизнес-тренерлер «Бастау» жобасы бойынша 1 ай бойы кәсіпкерлік негіздеріне үйретеді. Нәтижесінде қаржыландыруға және қайтарымсыз грант ұтып алуға мүмкіндік туады. 2019 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бизнес кеңесші» компоненті бойынша 731 адам әйел білім алды. 200-ге жуық әйел 680 млн тг. көлемінде қаржыландырылды. Кәсібін ашамын дейтін ардақты аналарға көмектесуге әрқашан дайынбыз», – деген Д. Абсаттаров «Бизнестегі әйел» бағдарламасына да тоқталып өтті. 

Screenshot_3.jpg

«Ырыс» микроқаржы ұйымының Данияр Арынғазин «Көпбалалы ана» бағдарламасы бойынша 13 көпбалалы анаға 2 млн. теңгеге дейін жеңілдетілген несие берілгенін мәлімдеді. 

Ал Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы  Әсия Темірбаева көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға тағайындалған жәрдемақылар мен атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы туралы түсіндірді. 

Screenshot_1.jpg

«Биыл облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмек көрсету мақсатында жалпы 70,8 млрд.теңге бөлінді. Көпбалалы отбасылар көмек алып жатыр. Дегенмен, кейбір тұрғындар тарапынан заңбұзушылықтар болғаны да жасырын емес. «Еңбек» мемлекеттік бағдардамасы аясында 3884 әйел кәсіби оқуға жолданды. Олардың ішінде 710-ы – көпбалалы аналар. 213 көпбалалы ана тұрақты жұмысқа орналасты. 32 705 әйел жұмыспен қамту шараларына тартылды. 105 көпбалалы ана бизнесін ашты» – деген басқарма басшысы 2020 жылдан бастап көпбалалы отбасыларға табысына қарамай жәрдемақы берілетінін айтты.

Жиында «Қазақстанның іскер әйелдері ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалының төрайымы Инара Намазбаева әрбір адам өз отбасын асырау үшін алдымен өздері жауапты екенін айтты.  Өңірде іскер әйелдер саны артып келе жатқанына тоқталды. Ал 9 баланың анасы, медицина саласының өкілі, түркістандық Жанат Еринбетова әйелдер қауымы әрі демографияға үлес қосуға және жұмыс істеуге уақыт табуға болатынын жеткізді. 14 адамды жұмыспен қамтып отырған сайрамдық көпбалалы ана Шахтыкүл Бегзатова да замандастарын кәсіпкерлікпен шұғылдануға шақырды. Сондай-ақ облыстың түкпір-үкпірінен келген ардақты аналар өз тәжірибелерін ортаға салып, құнды пікірлер айтты. Мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақылар мен көмектерге сенім артпай, реті келсе жұмыс істеу керектігін жеткізді. 

 Форум аясында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы мен «Қазақстанның іскер әйелдері ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалы арасында партиялық жобаларды жүзеге асыру және көпбалалы әйелдерге қолдау көрсету жөнінде Меморандумға қол қойылды. Рухани астанаға келіп қанаттанған ардақты аналар Қ.А.Ясауи кесенесіне зиярат етіп, Түркістаннан тың күшпен аттанды. 

Screenshot_4.jpg

Түркістан облысында 144 мыңға жуық кәсіпкер бар болса, соның 46 мыңға жуығы немесе 32 пайыздан астамы – әйелдер. Өңірде кәсіпкерлікке бет бұрған әйелдердің дені тігін шеберханасын, кондитерлік цехтар, оқыту орталықтарын ашып, қызмет көрсету салаларында жұмыс атқарып келеді. 

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Жаңа жылға қарсы қар жауып, боран тұрады
Нұр-Сұлтанда жылы аялдаманы бұзбақшы болған тыр жалаңаш азамат ұсталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу