Түркістан: Қазығұртта «Түркістанға тарту» өнер кеші өтті

Oinet.kz 19-12-2019 781

Screenshot_6.jpg

Бүгін Қазығұрт ауданында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Түркістанға тарту» жобасы басталды. Өнер керуенінің алғашқы іс-шарасын өткізуге Қазығұрт ауданы әкімдігі қолдау көрсетті. Бұл өнер керуенінің мақсаты – айтыс және жазба ақындарын, дәстүрлі әншілер мен термешілерді, жыршылар мен күйшілерді, қаламгерлерді елмен жүздестіру, рухани кештер өткізу. Партия филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесі арқылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және партияның басым бағыттарын насихаттау, өнер арқылы елдің еңсесін көтеру.

«Түркістанға тарту» өнер керуені бірінші сапарын қасиетті Қазығұрт ауданынан бастады. Елге танымал өнерпаздар мен партия өкілдері алдымен Жаңабазар ауылындағы атақты қымызханаға бас сұғып, аудан ақсақалдарымен кездесті. Елдік мәселелер қозғалған кездесуде қазыналы қарттар арнайы келген азаматтарға ақ батасын берді. Өнерпаздар ел ағаларына әннен шашу шашып, ақындар арнауларын айтты. 

Screenshot_7.jpg

Өнер керуені Қазығұрт аудандық мәдениет үйінда жалғасын тапты. Еркін форматта өткен өнер кешінде «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Калыйма Жантөреева көпшілікті Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады. «Түркістанға тарту» жобасының мақсатымен таныстырып, ұлттық өнерді қолдау арқылы ел руханияты да жаңа сатыға көтерілетінін айтты. Бұл жоба келесі жылы тұтас облысты қамтып, шалғайдағы елді мекендер де өнермен сусындайтынын, ел арасынан талантты жастар да шығатынын жеткізді. Жаңа дәуірі басталған Түркістан облысында өнер мен мәдениетке қолдау жалғаса беретінін мәлімдеді. 

Қазығұрт төріндегі өнер кешінде халықтың сүйікті ақыны Ақмарал Леубаева ұзақ уақыт үзілістен кейін сахнаға шығып, бірлікті, отаншылдықты жырға арқау етті. Сонымен бірге Бөрібай Оразымбетов пен Кәрима Оралова ұтымды әзіл-қалжыңға толы әрі қоғамдық мәселелер қозғалған айтыс жасай білді. 

Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның танымал әншілері, сал-серілердің жалғасы Сүндет Миралиев жұртшылықты серпілтіп тастады. Ал поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан ақындар Айдар Сейдәзім мен Мұқағали Кенжетайұлы  жалынды жырларымен көпшіліктің көңілінен шыға білді. Қазығұрт ауданының талантты өнерпаздары да өз өнерлерімен көрерменді тәнті етті. 

Screenshot_5.jpg

Қазығұрттық ағайын өнер кешіне ризашылықтарын білдіріп, көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты. 

Биыл алғаш рет өткізілген «Түркістанға тарту» жобасы 2020 жылы Түркістан облысындағы барлық аудан, қалаларда ұйымдастырылады деп жоспарланған. 

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Түркістан облысының дәрігерлері жүрек ақауымен туылған сәбиді аман алып қалды
Ұласбек Сәдібеков жаңа қызметке тағайындалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу