«Мал ашуы--жан ашуы» деген атам қазақ. Қорасындағы малынан айрылған Төле би ауданы Қасқасу ауылының тұрғындарымен тілдескенде осы бір сөз еріксіз есімізге түсті. Ауыл халқын ашындыратын жәйт—тәртіп сақшыларының дәрменсіздігі, шарасыздығы. Биыл түн қатып, қорадағы малды аңдыған барымташылар тым еркінсіп кетті. Ал, қылмыстың алдын алатын полицияда пәрмен жоқ. Учаскелік инспекторлардың мал ұрлатқан тұрғындарға дем берудің орнына қайта «енді табылмайды-ау» деп, өзінің шарасыздығын өзі мойындайды. Бұдан кейін момын халық кімге сенеді, кімге арқа сүйейді? Тарқатып айтайық.
--Шілденің 3-нен 4-іне қарағаны түні аулада тұрған жылқым қолды болды,--дейді Қасқасу ауылының тұрғыны Шалқарбай Бердиев.—Таңертеңге сағат 6-да тұрған ұлым аулада, қоршаудың ішінде тұрған айғырдың жоқ екенін айтып келді. Ұлым сол түні сағат 2-лердің шамасында ұйықтаған екен. Бұл кезде орнында тұрған айғыр бас-аяғы 4 сағаттың ішінде ізім-қайым жоқ. Жылқының қолды болғанын бірден білдік. Өйткені ұрылар жылқының жібін шешіп, қазығын қалдырып кетіпті. Қоршауды ашып, оны мұқият қайта жапқан. Алғашқыда айғыр босанып кетіп, 200 метрдей жерде арқандаулы тұрған бір топ құлынды биелерге кетті ме дедік. Сол жерде көршіміз Мәлік Елшібаевтың да биесі болатын. Барымташылар бір топ биенің ішінен дәл Мәліктің биесін құлынымен қоса ала кетіпті. Биелердің ішіндегі ең семізі, ең ірісі, әрі ерте туғандықтан құлыны да жетіліп қалған еді. Қаскүнемдердің әдейілеп ең жақсысын таңдап алғанын осы кезде түсіндік. Содан у-шу болып, біріміз көлікпен, біріміз атпен, біріміз жаяулатып жоқ іздеуге шықтық. Бірақ ұрылардың соңына түсу мүмкін болмады. Сол күні түс қайта полицияға да хабар бергенбіз. Тәртіп сақшылары ауылға ертеңіне келіп, оқиға орнын ары-бері қарап, түсініктеме жаздырды. Қолдарынан келер әдіс-амалдары осы ғана болып шықты.
Құлынды биесінен айрылған Мәлік Елшібаев жергілікті учаскелік инспектордың әрекетіне тіптен наразы. Оның мұнысын негізсіз дей алмайсың.
--Малым жоғалған күні учаскелік инспекторды іздеп таба алмадым. Ауыл әкіміне барып, оның ұялы телефонының нөмірін алғанмын. Бірнеше рет қоңырау шалғаныммен, ол тұтқаны көтермеді. Осыдан кейін Төле би аудандық ішкі істер бөліміне телефон шалып, кезекшіге болған жайтты хабарладым. Бірақ одан да қайран болмады. Содан кейін 5 шілде күні Ленгірге барып ішкі істер бөліміне арыз жазып кеттім. Сол арызым бойынша Нұржан деген инспектор араға бір апта салып барып келді. Жылқы жоғалғаннан кейін Шымкентте тұратын інім Төлеби аудандық ішкі істер бөлімінің бастығына кіріп, мән-жайды түсіндірген екен. Бастық «Бұл істі өзімнің жеке бақылауыма аламын» депті. Егер бастықтың жеке бақылауына алынған іс осылайша жүрдім-бардым қаралып жатса, онда басқасына не жорық?! Тіпті бізге жолыққан полицейлердің өздері де о бастан-ақ, «Баратын жеріне барып қалған мал ғой, енді табылмайды-ау» деп үмітімізді үзіп тастағандай болды,--дейді Мәлік Елшібаев.
Қасқасулықтардың айтуынша, соңғы 3-4 айдың көлемінде ауылда мал ұрлығы күрт өршіп кеткен. Ерте көктемнен бері осы ауылдан 14 мал қолды болған. «Мал ұрлығы неге уақтылы ашылмайды?» деген сауалға полиция әдетте «Бұған тұрғындардың өздері кінәлі, өз малына ие болмайды. Жайылымнан ұрланады, қашан ұрланғанын білмейді, полицияға кеш хабар береді» деп ақталатын. Алайда бұл жолы ақталудың еш реті жоқ. Қасқасуда ұрланған малдың бәрі қорадан алынған. Күні бүгінге дейін солардың бірде-біреуі табылмаған.
Мал ұрлатқандардың бірі Мәулен Оразбаевқа жолыққанымызда бізге былай деді:
--Маусымның 10-нан 11-іне қараған түні қорамдағы төрт қойымды ұрлап кетті. Таңертең не істерімді білмей ауыл әкіміне бардым. Ол менің көзімше учаскелік инспекторға телефон шалды. Ол «күте тұрсын, бүгін қолым тимей жатыр, ертең барамын» деді. Бірақ инспекторды күте күте екі көзіміз төрт болды. Арада 12 күн өткен соң, Көксәйектегі тірек пунткіне бардым. Сол жерде өзін Нұржан деп таныстырған учаскелік инспектор, полиция капитаны «ертең үйіңе барамын, мал ұрланған қораңды көремін» деді. Ертесіне келіп, мал қораны көрді, өзіме арыз жаздырып алды. Содан қайтып жым-жырт кетті.
Учкаскелік инспекторлардың жұмысы оқиға орнын қарап, арыз жаздырып алу ғана ма? Орын алған қылмыс бойынша шұғыл әрекет етуге олар неге құлықсыз? Осы сауалға жауап алу үшін біз Қасқасудың учаскелік инспекторы Нұржанның ұялы телефонының нөмірін тауып, хабарласқан едік. Инспектор неге екені белгісіз, тұтқаны көтермеді. Есесіне Төле би аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Нартай Даурехановпен тілдесудің сәті түсті.
--Жұмыс істелініп жатыр. Өткен айдың өзінде 6 мал ұрлығы қатысты істі сотқа жібердік. Әрине, мал ұрлығының бәрі 100 пайызға ашылып жатыр деп айта алмаймын. Ұрылар ұсталып жатыр. Арызданушылар айта береді. Учаскелік инспекторлар оқиға орнына барады. Қазір Қасқасудағы мал ұрлығы бойынша 70-80 адам жұмыс істеп жатыр. Облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері де бар. Сенбесеңіз кешке келіп көріңіз,--деді ол.
--Жалпы биыл Төлеби ауданында тіркелген мал ұрлығы қанша? Олардың ашылуы қалай болып жатыр?—деген сауалға бастық:
--Ондай мәліметтерді бере алмаймын,--деп қысқа қайырды.
Бастық мәлімет беруден әдейі жалтарған сияқты. Жуырда аудан, қала әкімдерінің есебінде ауылдағы мал ұрлығының қатты өршіп кеткені жеке әңгіме болған. Мал ұрлығы балық дерлік ауданда өскен. Ал ашылуы көңіл көншітпейді. Мәселен өткен алты айда Арыс қаласында тіркелген мал ұрлығының бірде-біреуі ашылмаған. Сондай-ақ осы жиындарда Төле би ауданының әкімі Әуелхан Тұрғымбеков мал ұрлығының күрт өсіп кеткенін айтқан еді. Мал ұрлығының алдын алатын учаскелік инспекторлардың тірлігі жоғарыдағыдай болса, көрсеткіш қайдан жақсара қойсын?
Осыдан кейін облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Қайрат Дәлбековке жолығып, мән-жайды түсіндіргенбіз. Ол:
-- Мал ұрлығы бойынша Төле би ауданының көрсеткіші төмен. Жазылған арызға учаскелік инспекторлар дер кезінде назар аударуы тиіс. Жауапты қызметкерлердің мәселесін қараймыз. Ондай полицейлерді онынан босату керек,--деді. Алайда содан бері арада екі апта уақыт өткенімен, нендей шараның қолға алынғаны бізге де арызданушыларға да беймәлім. Қайрат Дәлбековтің қатулы сөзінен соң полицейлер пәрменді түрде қайраттанып қимылдайды деген үміт әзірге ақталмай тұр. Әліптің артын бағып алдағы уақытта бұл тақырыпқа тағы да оралмақпыз.
Жалпы, қасқасулықтармен болған әңгімеден кейін учаскелік инспекторлардың жұмысынан көпшіліктің бейхабар екенін түсіндік. Ауыл халқының басым бөлігі инспекторының кім екенін де білмейді. Тәртіп сақшылары тарапынан да қылмыс орын алған кезде қайда хабарласу қажеттігі жөнінде үгіт-насихат жұмыстарының мүлдем жүргізілмейтіні байқалады. Мал ұрлатқан азаматтар бірінші кезекте полицияға емес, ауыл әкіміне барады. Осының өзі-ақ халықтың кімге көбірек сенім артатынын білдірмей ме?!
--Төрт аяқты бөрілерге қарағанда, екі аяқты «бөрілер» әлдеқайда қауіпті,--дейді қасқасулықтар. Қасқасу өңірінде мал ұрлығының өршуі бұған дейін де болған. Сонау тоқсаныншы жылдардың басында. Осы ауылдан шыққан аты-шулы қылмыстық топтың әрекеті бүкіл жұртшылықтың жағасын ұстатқан. Қасқырдың жауыздығынан адамның жауыздығы әлдеқайда асып түсетінін дәлелдеген қылмыстық топтың мүшелері ауылдағы ағайынның малын ұрлаудан бастап, қанды жорықтарын тонау, қарақшылық жасау және жазықсыз азаматтарды өлтірумен аяқтаған болатын. Кейіннен ұсталып, жауапкершілікке тартылған топтың алды ату жазасына кесіліп, арты ұзақ жылға сотталған. Мал ұрлығымен ауызданған барымташылар дер кезінде тоқтау көрмей, еркінсіп кетсе күні ертең қандай сойқан саларын кім білсін?!
Айтқандай, қазір мал ұрлатқан қасқасулықтар полициядан гөрі көріпкелдерге көбірек сенетін сияқты. Жоқ іздеген жандар бірінші кезекте солардың көмегіне жүгінеді. Құмалақ салған көріпкелдердің бірі Шалқарбай Бердиев пен Мәлік Елшібаевқа: «малдарың табылады, тоқтамастан іздей беріңдер» депті. Жақсы сөз жарым ырыс демекші, көріпкелге сенген арызданушылар әлі де болса іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бірақ кімнің сөзі расқа шығады? Көріпкелдің бе әлде «енді табылмайды-ау» деп, мәселені жылы жауып қоя салған полицияның ба? Қасқасулықтардың мұң-зарына облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Асқар Оспанов не дейді? Ол да дәрменсіздік танытар ма екен?! Оспановтың осал тұсы осы болып шыға ма, әлде...
Мұрағаттан, 09.08.2012 ж