Кезінде облыс әкімдерінің өзіне азу көрсетіп, лауазымды қызметінен кетуіне, тағдырына өзгеріс енгізуге ықпалы жететін тәртіптік кеңестің қармағына ілігетіндер қазір ең алып дегенде аудан әкімдерінен аспайтын болды. Бұл жолғы «таяқтау да» сол деңгейден аса қоймады. Күн тәртібіне 16 мәселе қойылған тәртіптік кеңестің отырысы кешегі аптада өтуі тиіс болғанымен кеңес мүшелерінің толық жиналмауы себепті бір жұма кейінге ысырылған болатын. Яғни жиынның шегерілуі тікелей тәртіпті талқыға салатын тәртіптік кеңес мүшелерінің «тәртіпсіздігенен» орын алды.
Кеңесте бірінші қаралған мәселе жүрекке салмақ салатындай жайт болды. Тау бөктеріндегі Төлеби ауданында мүгедек балаларға арналған балалар үйі бар. Ресми атауы «Көксәйек психоневрологиялық медициналық әлеуметтік мекемесі». Ондағы бүлдіршіндерді көргенде еріксіз жүрегің ауырып, жаның езіледі. Тағдыр тауқыметіне бала кезден тап болған тағдырларға жанашырлықпен қарайсың. Бірақ, мұндай сезім мекеме басшыларының бойынан аласталған сыңайлы. Мекеме директорының орынбасары Е. Орманов жүйке сырқатынан зардап шегетін балалар үйінің тәрбиеленушілері Бисенов пен Махамбетовты үйіне апарып, құрылыс жұмыстарына салған. Мекеменің диет бикесі Н.Курган да Н.Баргуль мен А.Беляковты үйінің жеке шаруаларына жегеді. Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді демекші, басшылық тарапынан қатаң талап болмағасын қарамағындағылар ойына келгенін іске асыра беретін болғаны да. Айтқандай, басшы демекші, дәл осы оқиға анықталған уақытта мекеме директоры Б.Сүгіралиев кезекті еңбек демалысында болғандықтан, басшының міндетін балаларды жұмысқа жеккіш орынбасар Е.Ормановтың өзі атқарған ғой. Демек, өзі би, өзі қожа болды деген осы да.
Әлдекімдердің жанашырлықпен бұл жайтты телефон арқылы жасырын жеткізбегенде шектен шыққан сорақылық әлі де жалғаса берер ме еді. Келеңсіз көрініс бұрындары да ұдайы болып тұрғанға ұқсайды. Себебі жасырын телефон қоңырауы, анонимді арыздар бұған дейін де болған екен. Мұны мекеме директоры Б.Сүгірәлиевтің өзі де жоққа шығармайды. Бірақ, оған ешкім селт ете қоймаған сыңайлы. Бәлкім үйреншікті де болар. Әйтпесе бұл бей-жай қарау мүмкін емес оқиға емес пе?!
Сасқан үйрек артымен сүңгидінің керін келтірген Е.Ормановтың мүгедек балаларды кей-кейде үйден айран, сүт ішіп тұрады деген өтірігі өрге баса қоймады. Оның балаларды жұмысқа жеккенін көрген нақты куәгерлер бар. Ал өз іс-әрекетінен кейін енді бұл мекемеде бой көрсетуге ұяты жібермеген диет бике атқарып жүрген жұмысынан өз еркімен босаса, қазір ауруханада жатқан орынбасар Е.Ормановтың ісіне байланысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Ал еңбек демалысында болған директорға қатаң сөгіс беру ұсынылды.
Отырыс өткен залдың жартысына жуығын Ордабасы ауданының лауазым иелері алып отырса, тағы осынша орынға қазығұрттық шенеуніктер жайғасты. Әрине, той дастарханына емес, тәртіптік кеңес кілеміне шақырылған. Бір ескеретіні, тәртіпсіздікке жиі жол берген екі ауданның да әкімдері қара көрсетпеді. Ордабасы ауданының әкімі Шоқан Кенжеев демалыста болса, Қазығұрт ауданының әкімі Тұманбек Әлиев денсаулығына байланысты келе алмапты.
Шәріпбек Жамалбеков, тәртіптік кеңес мүшесі: Бүгін қаншама ауыл әкімдерінің, лауазым иелерінің тәртібі қаралып жатыр. Қарамағындағы қызметкерлерінің тәртіптік жауапкершілігін қарайтын жауапты жиынға неге үнемі аудан басшылары келмей қалады? Мәселен, бүгін Ар-намыс Кодексіне, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» Заңының талаптарын бұзған ауыл әкімдерінің арасында қызметке Ордабасы ауданының әкімі Ш.Кенжеевтің өзі қабылдаған ауыл әкімдері бар. Ендеше осы отырысқа оның өзі де қатысуы керек еді ғой. Бүгін не Ордабасы, не Қазығұрт ауданының әкімі жоқ. Бұл не сонда, әдейі осылай істеледі ме? Тағы бір таңқалатыным, ауданда қанша комиссия жұмыс істегенімен, оның бірде-біреуіне аудан әкімдері төрағалық етпейді. Сонда аудан басшылары ештеңеге жауапты болмағаны ма? Әлде бұл көріністің астарында басқа қитұрқылық іс-әрекеттер бар ма?
Тәртіптік кеңестің «кілеміне» ордабасылық төрт бірдей, атап айтқанда Қарақұм, Жеңіс, Төрткөл, Шұбарсу ауылдық округтерінің әкімдері М.Махалұлы, Ө.Мұхтархан, Н.Иманқұлұлы, Б.Дүйсембаев пен аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы М.Абдувалиев көтерілді. Бұлардың барлығы да Ар-намыс Кодексі мен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның талаптарын бұзған. Кеңес мүшелері айтқандай, Ордабасы ауданы ауыл әкімдерінің арасында өзара байланыс орнамаған, құқықтық насихат жұмыстары жүйеленбеген. Соның салдарынан заңбұзушылықтарға жиі жол берілуде. Оларға «сыбаға» сөгіс түрінде берілу ұсынылды.
Қазығұрттық шенеуніктердің көпшілігі тәспісінен жер беруде жаңылған екен. Прокуратурадан келген өкілдің мәліметінше 2009 жыл мен 2010 жылдың алғашқы жартысында аудан әкімдігі тарапынан шығарылған 72 қаулымен 183 заңды тұлғаға арнайы жер қорынан 5156 гектар жер заңсыз беріліп, сыбайлас жемқорлыққа байланысты заңсыз артықшылықтар жасалған. Осы олқылықтардың орын алуына құжат дайындап, бастапқы қателікке жол берген аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығы А.Қожаханға қарата кеңес мүшесі Досыбай Шерімқұлов «Осы алты адамның қателік жіберуіне бірінші кезекте сіз кінәлісіз, бір-екі жыл болса мейлі, бақандай 13 жылдан бері осы жұмысты атқарып келеді екенсіз бұл не деген келеңсіздік? Сауатсызсыз ба, әлде жауапсыз адамсыз ба? 6 адамды байлап беріп отырсыз ғой» деп айтып салды. Кінәлілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесіне келгенде де біраз тартыс болды. Сөйтіп, аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы С.Алсейітовке, бөлім бастығы А.Қожаханға, аудан әкімі аппаратының басшысы Н.Әлімбаевқа қатаң сөгіс берілсе, аудан әкімінің заң кеңесшісі сөгіс арқалады. Ал аудан әкімінің орынбасары, жер қатынастары бөліміне тікелей басшылық жасап, комиссияға төрағалық ететін М.Момыновқа ескерту берілсе, аудан әкімі Т. Әлиевке сөгіс «бұйырды».
Нашар оқитын оқушының кейпін елестеткен заңбұзушы шенеуніктер айыбын мойындап, қателіктерін қайталмауға уәде берумен құтылды әйтеуір.
Шадияр Мекенбайұлы