Күз қашаннан саясаттың «қызуын» көтеретін мезгіл ғой. Содан ба екен, әйтеуір қай-қайдағыны қозғап, бүйректен сирақ шығарып жүретіндер қазір «Елбасының «мұрагері» кім болады?» деген тақырып төңірегінде пікір айтуға тым әуестеніп кеткен сияқты. Оған тамызық беріп жатқан оппозиялық сарындағы ақпарат құралдары. Айтқан ауызға қақпақ бола алмайсың, әрине. Сонымен осы жұрт не деп жатыр?
«Қазақстанды Назарбаевтан кейін кім басқара алады деген мәселеге келер болсақ, мен Иманғали Тасмағамбетовты, Нұртай Әбіқаевты, Аслан Мусинді, Әділбек Жақсыбековты және Қасым-Жомарт Тоқаевты атаған болар едім. Олардың барлығының да мемлекетті басқаруға тәжірибесі жетеді, «минусы» да, «плюсі» де бар азаматтар. Бірақ, бұл мәселені талқылаудың әзірге жөні жоқ деп ойлаймын.
Нұрсұлтан Назарбаевтың ізбасар болу үшін қандай адамға таңдау жасайтыны белгілі: ол адам биліктің барлық сатысынан өткен, екі тілде шешен сөйлейтін, біреудің айтқанымен емес, өзінің бағытымен жүре алатын, бір сөзбен айтқанда лидерлік қасиеті толысқан адам болады».
Бұл осы жуырда ғана басылымдарға сұхбат берген белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың пікірі.
2007 жылдан бергі уақытта президент тағына үміткерлердің қатарынд Сарыбай Қалмырзаевтың, Тайыр Мансұровтың, Қанат Саудабаевтың есімдері де аталып келді. Кейбір сарапшылардың пайымдауынша, билік ауысқан жағдайда ел басшылығына өзгелерден қарағанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың келу мүмкіндігі басымдау. «Өйткені, оның кандидатурасы бәрінің көңілінен шығады. Ол талас-тартыстан бойын аулақ ұстайтын, әрі Президентке шын берілген, әбден сыналған кадр. Оның кандидатурасы кландар арасындағы текетірестің алдын алып, «өліара» кезеңнен у-шусыз өтуге мүмкіндік береді» дейді білгіштер. Ал Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов осы тізімдегі ең беделді де «ауыр салмақты» саясаткер бола тұра үміткерлердің қатарына бірде түсіп, бірде қайта еніп қалады. Неге екенін қайдам, әйтеуір Тасмағамбетовке келгенде «жауырыншылардың» пікірі екіге жарылып тұр.
«Ең алдымен біз мынаны айтуымыз керек, Елбасы әзірге биліктен кетуге жиналып жатқан жоқ. Кемі 5-7 жылда ол бола қоймайды. Екіншіден, дәл қазір «ізбасар» іздеу элитаның өзіне зиянды. Бұл ішкі тартысқа, ақыры биліктің әлсіреуіне алып келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанды 1989 жылдан бері басқарып келеді. Ол айналасына қарап, өзінің орнына лайықты үміткерді, өзінің салған Нұрлы жолын ары қарай жалғастырып алып кетуге қабілетті жанды іздеп жүрген болуы әбден мүмкін. Ал уақыты келгенде оппозиция президент сайлауына үміткер қосып, ұят болмас үшін сайлаушылардың 20 пайыз дауысын иеленуге тырысады. Сайлауда Ғазиз Алдамжаров («әбілязовшылардың» тобынан), Жарамахан Тұяқбай («Азат»), Ғани Қасымов (Патриоттар патиясынан), сондай-ақ, ықпалы онша жоғары емес екі-үш үміткер бақтарын сынап көруі мүмкін. Ал бүгінгі мәлімдемелер (Владимир Козловты айтып отыр) таза пиар. Ол қоғам назарын шетелге қашып кеткен Әбілязовқа қатысты дау-дамайдан алып кету үшін жасалып отыр», - дейді Данияр Әшімбаев.
Әйтеуір саясаттың «сәуегейлері» осылай деп бөсіп жүр. Бірақ, бұл мәселенің бәрі Елбасының өзіне барып тіреледі емес пе? Жуырда президент кеңесшісі Е. Ертісбаев өзінің берген сұхбатында Елбасының алдағы сайлауға қатысатынын не қатыспайтынын сайлауға бірнеше ай қалғанда, яғни 2012 жылдың көктемінде барып жария ететінін айтқан болатын. Ал оған дейін пиар жасағыш белсенділердің тағы не бүлдірерін кім білсін?!
"Ойнеттің" мұрағатынан, 2010 ж