Министр Әбдіхалықова қызметтен кетуі керек еді

Screenshot_3.png

«Алматыда Жаңаөзен құрбандарын еске алуға арналған іс-шаралар өткенінен хабардармыз. Жаңаөзендіктердің қайғысына біздің де қабырғамыз қайысты. 16 желтоқсанда болған қанды қырғын—бүкіл қазақ халқының қасіреті. Солай бола тұра оңтүстіктегі зиялы қауымның үнсіздігіне, бейқамдығына, дұрысы жалтақтығына жанымыз ауырады. «Жас Алаш»Жаңаөзендегі жағдайды ушықтырмауды жеріне жеткізіп, жанын шығарып, қанын шығарып жазды. Біз де--оңтүстіктегі  оқырмандар да сүйікті басылымызбен, оның  белсенді, батыл  бас редакторы Рысбек Сәрсенбаймен, сондай-ақ онымен ой-пікірі, көзқарасы ортақ  Болат Әбілов, Жармахан Тұяқбай, Тоқтар Әубәкіров сияқты азаматтардың барлығымен біргеміз. Осылайша бірлік танытпай үнсіз отыра берсек батыстағы қасіретті жағдай ертеңгі күні оңтүстікте де қайталанбасына кім кепіл? Сондықтан қасірет пен қателік қайталанбасын десек сын сағатта бір-бірімізді қолдауға барша қазақстандықтарды шақыратынымызды газет арқылы жұртқа жеткізгіміз келеді. Әттең биліктің ұшар басындағылар жанайқайға дер кезінде құлақ асқанда бұлайша адам қаны төгіліп құрбан болмас еді. Біз «Қазатомпром»» өнеркәсібіне қарайтын Созақ ауданындағы кәсіпорындағы жұмыс істейтін жұмысшылардың атынан хабарласып тұрмыз. Осы Ұлттық компанияның бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішов те солақай саясаттың қырына ілікті» дейді өзінің аты-жөнін айтқан, бірақ газетке жарияламай-ақ қоюды өтінген әйел ердің сөзін сөйлеп.

Осындай мағынада қалың қазақ қоныстанған өңірдің әр тарабынан «Жас Алаш» газетінің Оңтүстік Қазақстан  облысындағы тілшілер қосынына, «Рейтинг» газетінің редакциясына қоңырау шалушылар легі әлі де басылар емес. Солардың ішінде Әбілхан Дүкенбаев, Бөріхан Кеңесбаев, Сағындық Байсейітов дейтін азаматтар өзінің кім екенін ашып айтты. Жаңаөзендегі сұмдық жәйт 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің жалынындай бүкіл Қазақстанды шарпып кеткендігін қарасаңызшы. Қоңырау шалғандар әсіресе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова мен осы министрліктегі бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Серікқали Бисақаевтың қазіргі қызметтерін атқаруға моралдық құқықтары жоқ екенін қадап айтты. Тарқатып айтайық...

Жаңөзендегі жан түршіктірген сұмдық оқиғадан кейін сол баяғы қалыптасқан дәстүр бойынша «кінәлілерді» іздеп тауып, шара қолдану  үшін биліктің жазалау машинасы іске кірісіп кетті. Кімдер қамауға алынып, кімдердің үстінен қылмыстық іс қозғалып жатқаны жайлы бұқаралық ақпарат құралдары жарыса ақпарат таратып жатыр. «Қазмұнайгаздың» жетекшісі Болат Ақшолақов, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев секілді көштен шығарылған көптеген лауазым иелерімен қоса басқасы басқа мемлекет басшысы маңдайына күн тигізбей қорғай алатын күлшелі күйеу баласы  «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Тимур Құлыбаевқа дейін абыройсыз жағдайда қызметімен қош айтысты. Олардың  мұнайшылардың әлеуметтік наразылығына дер кезінде шеше алмағанын баса айтылды. Ал ел осыншама шулап жатқанда Маңғыстауға бір рет те ат ізін салмаған, жауырды жаба тоқыған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықованың сайлаудан кейін болған үкіметтік ауыс-түйістен дін аман өтіп, креслосын сақтап қалғаны таңқаларлық.

Миллиондаған қаражатты жымқырды деген «Жанашыр», Жарылқау» қоғамдық қорларының жұмысына кезінде тексеру жүргізіліп, ешқандай заңбұзушылықтар жоқ деген қорытынды берілген екен. Сонда бұл қалай? Кеше бәрі жақсы, бәрі заңды, бәрі дұрыс, ал бүгін... Өте өкінішті оқиғадан кейін Маңғыстауға келген президент Н. Назарбаев халықпен кездесуінде:

«...Ешкім сөйлеспейді. Ешкім менсінбейді, бәрі бастық шетінен...Мен баяғыда келетін едім, жазда. «Ойбай, барлығы дұрыс болып жатыр. Бармай-ақ қойыңыз, қазір шешіледі. Өздері қазір тынышталады. Сөйтеміз, бүйтеміз» деді. Сентябрьде келем дедім. Барлығы, облыстың бастығы да, «Қазмұнайгаз» барлығы «келісіп жатырмыз, барлығы үйттік, бүйттік» деп  алдады,--деді.

Ендеше президенттің өзін оңдырмай алдаған лауазым иелерінің жеке-жеке атын атап түсін түстесек алдымен кімдерді айтуға болады? Әрине, бірінші кезекте ушыққан әлеуметтік  мәселені, адам алалаушылықты көрсе де көпе көрнеу көзжұмбайлыққа салынып «көрмес түйені де  көрместің»керін келтірген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова десек қателесе қоймаспыз. Ол түк жазығы жоқ адамша қамсыз қызметін атқаруды жалғастыруы тіпті түсініксіз. Командасындағы кадрлары барлық жауапкершілікті мемлекет басшысының мойнына артып қоя салғаны қайбір абыройлы тірлік дейсіз.  Әйтпесе ең алдымен елдің көзінше кінәсін мойындайтын адам дәл осы министр Әбдіхалықова ханым емес пе еді?

Даудың қалай өршігенін еске түсіріп көрелікші. Батыстағы мұнайшылардың еруілі өршіген тұста Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың шақыруымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Б.Нұрымбетов басшылық еткен ведомствоаралық топ жұмыс істеген болатын. Олар «ереуілшілер қойған талаптарының заңдылығын объективті түрде түсіндіріп бере алмады» деген қорытынды жасады. Батыстағы мұнайшылар жеті ай бойы талап қойып, табандап тұрып алғанда елдегі әлеуметтік жағдайға жауапты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова:

-- «Қаражамбас, Жаңаөзен, Ерсай нысандарына біздің өкілдеріміз, атап айтқанда еңбек вице-министрі бірнеше рет барып қайтты. Біз барлық тараптардың - кәсіподақ, жұмыс берушілер мен талап қойып отырған жұмысшылардың өкілдерінің қатысуымен талаптарды нақты қарап жатырмыз. Қаражамбасмұнайда заңнама бұзылып отырған жоқ. Біз олардың қойып отырған талаптарының негізі жоқ екенін және заңға сай келмейтінін дәлелдедік... Бұл алғаш рет емес. Өткен жылы ғана пәтуаға келген едік, бәрі шешілді, адамдар неге үнемі жалақыны көтеруді талап ететіні түсініксіз.. --деді маусым айында журналистерге берген сұхбатында.

Министрліктегі бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Серікқали Бисақаев 2011 жылғы 1-3 тамыз аралығында Маңғыстау облысында мұнай-газ саласында болып жатырған келеңсіз жағдайларға байланысты, соның ішінде  еңбек заңнамаларының сақталуы, қызметкерлердің ереуілге  шығу себептерін қосымша сараптау мақсатында іс-сапарда болып, Маңғыстау облысы әкімшілігі, «Қаражанбасмунай» АҚ мен «Өзенмунайгаз»ӨП-ның басшыларымен кездесіп пікір алысқан. Ол да «компанияның әрекеті заңды, ереуілшілердің талабы орынсыз» деген қорытынды берді. Осыдан кейін «Ойбай, барлығы дұрыс болып жатыр. Бармай-ақ қойыңыз, мәселе оңынан шешіледі. Өздері  тынышталады. Сөйтеміз, бүйтеміз» деп, Елбасының өзін алдап соғуға дәлел тауып берген кімдер екені түсінікті болып тұр ғой.  

Жуырда сенатор Ғани Қасымов Парламентте:

-- Бала туысымен бір реттік 1,5 2 миллион теңге жәрдемақы төлейік. Егер болашақ ұрпақтың дені сау, мықты болуын қаласақ, онда тиісті жәрдем жасау керек. Мемлекеттің мұндай жәрдемақы төлейтін мүмкіндігі болмаса, мен бұл мәселені көтермес едім. Біз миллиардтаған долларды, жүз миллиондаған теңгені кім  көрінгенге ұрлатып жатырмыз. Аузымызға құм құйылғандай отырамыз. Ал мәселе балаға келгенде тиын санап қаламыз,--деп ресейлік тәжірибені бізде де қолдану туралы мәселе көтергені белгілі. Бірақ сенатордың бұл ұсынысына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова «Қазақстанда Ресейдегідей адам өлімі өсіп отырған жоқ. Қазақстанда туу саны өсіп жатыр. Өзгенің тәжірибесін қайталау міндетті емес. Бала туған аналар онсыз да аз ақша алып жатқан жоқ» деген жауап қайырды. Сонда қалай, Гүлшара Әбдіхалықова ханымға салсақ, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеріп, жұмысшылардың жалақысын өсіру үшін Жаңаөзендегідей қырғын болып, адам өлімі артуы керек пе екен? «Не жақсылық болса да, қазағыма болсын» дейтін министр қайда?

Ғалымжан Елшібай


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: