Әрбір науқас үшін ауадай қымбат дәрі-дәрмекті, медициналық құрал-жабдықтарды жарты күн түгілі мүмкіндігінше жарты минут та кешіктірмеген жөн. Өкінішке қарай 2012 жылдың екінші айы бел ортасынан аса бастағанымен Оңтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау саласының басшылары өңірдегі медициналық мекемелер асыға күткен тендер өткізудің соңын дау-дамайға, сотқа ұластырып, әбден бастары қатып жатыр. Бүгінде тауарларға бірнеше есе қымбат баға қойылған тендер дауы үдеп барады. Бұл бас дәрігерлерге ойдағыдай жұмыс істетпей жүйкелерін жүндей түтуде. Себебін түсіндірейік. Алдымен соттың шешімімен санасқан басқарма бастығы Жұмағали Исмаилов тарапынан бас дәрігерлерге тендерге қатысты құжаттарға қол қоюды уақытша тоқтата тұру туралы қызметтік хат келіп түседі. Артынша басқарма бастығының орынбасары Ғалымжан Әбішов тендерді тездету үшін тиісті құжаттарға жылдамдатып қол қою қажеттігі жөнінде хабарлама жіберіп, тіпті түнделетіп жұмыс жүргізген. Басқарманың бұл әрекетін түсінбей бас дәрігерлер «апам да аң-таң, мен де аң-таң» болып әрі-сәрі күй кешіп отырғанда Жұмағали Исмаиловтың қаржы жағына жауапты орынбасары Гүлжан Шайхыбекова үшінші қызметтік хатты жолдап үлгереді. Шайхыбекова әріптесі Әбішовтың тапсырмасын тағы да жоққа шығарып, тендердің келісім-шартына кол қою кешеуілдейтінін ескертеді. Мәссаған безгелдек! Басқарма бастығының бірінші хаты- анау, екі орынбасардың бірін-бірі жоққа шығарған хаттары-мынау, екі ортада бас дәрігерлер не істерлерін, қай тапсырмаға бағынарларын білмей дал.
«Самарқанда бір әпкем бар менен де өткен сорақы» депті ілгеріде біреу. Мұны неге айтып отырмыз? Жұмағали Исмаиловтың қаржы жағына жауапты орынбасары Гүлжан Шайхыбекова да талай жұрттың жүрегін шайлықтырып жүргендей ме, қалай өзі? Өйткені еліміздің бас қаржы полицейі Рашид Түсіпбековтің блогына бір топ денсаулық сақтау ұйымдарының атынан Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаилов жайлы арыз жолдағандар әсіресе оның экономика жөніндегі орынбасары Гүлжан Шайхыбекова екеуі мемлекет қаржысын талан-таражға салып, шайқап ішіп-жеп жүргенін айрықша қадап айтқан. Сала тізгінін ұстағалы бері Исмаиловтын нендей байлыққа белшесінен батқаны төңірегінде, тендер өткізгенде «қолдан келіп қоныштан басатыны» соншалық, тым қатты шектен шығатыны туралы біршама әңгіме қозғалған. Бұл аздай өткен аптаның соңында «Отырар» телеарнасының мәжіліс залында мамандығын заңгер, өзін Жаңабек Әбішовпін деп таныстырған азамат та арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаиловтың тендерді теңге сауудың көзіне, оңай олжа--батпанқұйрықтың өзіне қалай айналдырып алғанын нақты цифрлармен журналистердің алдына жайып салды. Соңғы кезде елдің аузында да «Жұмағали Исмаиловтың тым еркінсіп кеткені облыс әкімінің өзімен сыбайласқаннан сау ма?» дейтін мағынада әр қилы алып қашпа сөз өршіп тұр. Дей тұрғанмен облыс әкімі Асқар Мырзахметов былық-шылықпен өткен тендердің нәтижесін қайта қарауға, қайта конкурс өткізуге тапсырма бергенін естідік. Рас болса бұл әкім мен басқарма бастығын байланыстырған ыңғайсыз әңгімеге тосқауыл қояры даусыз. Қалай болғанда да Исмаилов жайлы арыздардағы айтылған мәліметтерге егжей-тегжейлі тоқталып жатпадық. Әзірге...
Өйткені Исмаиловты ауыр айыптаған ақпараттар қаншалықты шындыққа жанасатыны белгісіз. Бұған байланысты құзырлы органдар қандай шешім қабылдайтынын күтейік. Бәлкім жазылған арыздар ащы ақиқаттың шеті ғана шығар. Бәлкім, бәлкім... байбаламның бәрі «жаңсақ ақпарат, жапптым жала, жақтым күйе» болып шықпасына кім кепіл? Әй, бірақ денсаулық сақтау саласы өткізген тендер төңірегінде соттасу көбейіп кеткені біраз жайты аңғартады. Әліптің артын бағалық.
Айтпақшы Жұмағали Исмаиловқа қатысты тағы бір су жаңа ақпарат алдық. Алматыда, Алатаудың бөктерінен басқарма бастығы түгілі банктің бастығының да түсіне кіре бермейтін ақшаға жер алып, сол жердің дауымен анау-мынау емес сот саласындағы бір мықтымен тайталасудан тартынбағаны рас па, екен-ау өзі?!
"Рейтинг" газеті №7, 16 ақпан 2012 жыл