Әтірдің хош иісі құрамындағы эфир майларының арқасында теріде ұзаққа дейін сақталады. Бірақ әтірдің ыдысы сынып, ішіндегі сұйықтық түгелімен еденге төгіліп қалса, ол адамға жағымды әсер бере қоймайды. Төгілген әтірдің иісі басты ауыртып, біразға дейін оңайлықпен кетіп болмайды. Төгілген әтір иісін жылдамырақ кетіру үшін не істеуге болады? Егер бір құты әтір еденге төгілсе... - Әтірді құрғақ шүберекпен сүртіп алыңыз. Құрғақ шүберек сұйықтықты өзіне сіңіріп алады;
- Су мен сірке суын 1:1 қатынаста араластырыңыз. Оған таза шүберекті сулап, онымен ластанған жерді сүртіңіз. Сол кезде әтір иісі аздап басылады; - Содан соң әтір төгілген жерге ас содасын сеуіп, 10 минутқа қалдырыңыз. Оны ылғал шүберекпен жинап алыңыз. Ас содасы әтір қалдығын кетіріп, иісті азайтады;
- Әтір төгілген бөлмеге ұнтақталған кофе салынған кесе әкеліп қойыңыз. Кофе кез келген иісті өзіне сіңіріп алады. Бірнеше күннен соң әтір иісі толықтай кетеді. Егер бір құты әтір кілемге төгілсе... - Әтірді түктің ыңғайына қарай сүртпеңіз, оның орнына таза шүберекпен сұйықтықты сіңіріп алуға тырысыңыз;
- Түкке бүріккішпен (пульверизатор) сірке суы ерітіндісін шашып, 30 минутқа қалдырыңыз. Содан соң ылғал шүберекпен сүртіп алыңыз;
- 1 стақан суға 1 шай қасық ыдыс жууға арналған сұйықтықты ерітіңіз. Бұл қоспаны бүріккіштің көмегімен кілемге шашыңыз. Кілемнің әтір төгілген жерін суық сумен жуып, таза құрғақ шүберекпен немесе қағаз майлықпен құрғатыңыз. - Егер әтір иісі кетіп болмаса, кілемге ас содасын сеуіп, түнге қалдырыңыз. Ал таңертең оны шаңсорғышпен сорып алыңыз. Әтір мен иіссу айырмашылығы
Дереккөз: massaget.kz