Бала ойыншықпен өседі. Сондықтан, балаларымыздың қандай ойыншықпен, нендей ойын ойнап жүргеніне мән бергеніміз жөн.
Жан-жағындағыны енді ғана көріп-біліп жатқан баланың психикасына, ойлау қабілетіне ең алдымен әсер ететіні – қолындағы ойыншығы. Бүгінгі нарықта ойыншықтың түрі көп, кез келгенін табасыз. Түрі, түсі, көлемі, бағасы да әрқалай. Балаңыз үшін осылардың ішінен пайдалысын, сапалы әрі қалтаңызды қақпайтын арзандауын қалай таңдауға болады? 3-5 жас аралығындағы балалар үшін пайдалы ойыншықтардың ондығымен таныс болыңыздар.
Құрастырмақтар
Егер балаңыз 3-5 жас аралығында болса, онда бұл ойыншықтың сізге керек түрін дұрыс таңдаңыз. Тым ұсақтары қажет емес: біріншіден, балаңыз оны аузына салып, жұтып қоюы мүмкін; екіншіден өте кішкентай бөлшектерді құрастыруға баланың қабілеті жете қоймайды, әрі олар тез жалықтырып жібереді. Сондықтан құрстырмақтардың құлақ, мұрын қуысына сыймайтындай үлкенірек және баланы қызықтыратын түрлі-түсті болғаны абзал. Құрастырмақтар баланың ақыл-ойын дамытуға өте қажет. Түрлі фигуралармен кез келген форманы құрастыру кішкентайыңыздың ой-өрісін, есте сақтау қабілетін арттырып, саусақтарын дұрыс жұмыс істеуге икемдейді. Бір ғана құрастырмақ ойыншығынан балаңыз бірде зәулім сарай жасап ойнаса, енді бірде көлік, құс-жануарлар, т.б. құрастыратын болады. Бағалары шамамен 800-ден басталып, 10 000 теңгеге дейін барады. Бұл ойыншық қорабындағы құрастырмақтардың санына және ондағы бөлшектердің әртүрлігіне байланысты.
Пазлдар
Бұлар да құрастырмақтардың бір түрі деуге болады. Баланың ойлау қабілетін, есте сақтауын арттырады. Тек пазлдар алдын ала дайындалған бір ғана жүйе бойынша, яғни бір сурет, жануар-құстың бейнесі, т.б. құрастырылады. Мұнда да баланың жасына қарай таңдау керек екенін ұмытпаңыз. Тым ұсақ пазлдар балаңызды тез жалықтырады. Бағалары 200-2000 теңге аралығында.
Ақыл-ойды дамытушы ойыншықтар
Олардың түрі көп: санамақтар, ойыншық жұмсақ-кітаптар, түрлі пішіндер, тағысын тағы. Түстер мен пішіндерді ажыратуға, санауды, әріптерді үйренуге, белгілі бір тапсырмаларды орындауға құрылған мұндай ойыншықтар балалардың ақыл-ойын дамытып, есте сақтау қабілетін арттырады. Ойын барысында әр кезеңнен өте отырып, кішкентайлар жеңіске, алға ұмтылатын болады. Мұндай ойыншықтардың бағасы ондағы тапсырмалардың әртүрлігіне байланысты. Шамамен 800-ден 10 000 теңге көлемінде.
Белгілі бір кәсіпке байланысты ойыншықтар
Ғалымдардың зерттеуінше, біздің не нәрсеге икемді боларымыз кішкентайымызда ойнаған ойыншықтарымызға да байланысты көрінеді. Ендеше, баламыздың болашақта кім боларын ойнайтын ойыншықтарына қарап, болжап көруімізге болады. Дәрігердің аспаптарын, бағбанның, құрылысшының, ұстаның құрал-саймандарын, аспаздың ыдыс-аяғын және т.б. алып беріңіз. Бұл ойыншықтармен балаңызды ойнатып қана қоймай, еңбекке де баулисыз. Бағасы 2 000-15 000 теңге аралығында.
Құмда ойнайтын ойыншықтар
Яғни кішкентай шелек, күрек, тырма, сүзгі сияқты түрлі саймандар мен құм таситын көліктер. Күн жылыда балаңыз бұл ойыншықтармен есік алдындағы құмда ойнаса, қыстыкүні қар күреп, сізге «қолғабыс» жасамақ. Бұл да – еркеңізді еңбекке баулитын ойыншықтың бірі. Бағасы 500-2500 теңге аралығында.
Ойыншық көліктер мен қуыршақтар
Қыздар үшін қуыршақтар мен ұл балалардың сүйікті ойыншығы – көліктер әркез бірінші орында. Алайда кейбір ата-аналар қызына тек қуыршақ, ұлына тек көлік алып беру керек деп ойлайды. Бұл – үлкен қателік. Бірыңғай ойыншықтан бала тез жалығады. Сондықтан қазақша сөйлейтін, ән, ертегі айтатын қуыршақтардың (қуыршақтан бөлек, сөйлейтін мысықтар) көп шығып жатқанын ескеріп, балаңызға сондай түрлерін алып беріңіз. Мұндай ойыншықпен ойнаған еркеңіздің тілі тез шығып, ән айтып, билеп өспек. Бағалары 2500-8000 теңге аралығында.
Дыбыс шығаратын ойыншықтар
Сөйлейтін, әуені бар, қандай да бір дыбыс шығаратын ойыншықтар балалардың көңілін бірден аулайды. Ал егер олар қандай да бір аң-құстың дыбысын шығарса, тіпті жақсы. Мысалы, сиыр мөңірейді немесе бұлбұл сайрайды. Мұндай ойыншықтармен балалар ненің нендей дыбыс шығаратынын және аң-құстың түр-түсін да ажыратуды үйренеді. Бағалары 500-5000 тыңге аралығында.
Жануарлар, құстар
Ненің не екенін танып білуде мұндай ойыншықтардың маңызы зор. Жан-жануар, аң-құс, төрт түлік, төлдерімен болса, тіпті жақсы. Бағалары 100-5000 теңге аралығында.
Түрлі-түсті доптар
Балаңыздың қауіпсіздігі үшін доптардың өте ұсақтарын алмағаныңыз жөн. Түрлі-түсті доптармен балаларға түстерді ажыратуды үйретіңіз. Белгілі бір шеңберге лақтыртып, тепкізіп, доптармен түрлі ойындар ұйымдастыруға болады. Бағалары әрқалай.
Жұмсақ ойыншықтар
Бұлардың түрі көп. Әсіресе, қыздар жақсы көретін бұл жұмсақ ойыншықтар балалар үшін, ең алдымен, қауіпсіз болып саналады. Қуыршақтардікіндей қол-аяғы бөлек алынып қалмайды, кір болса, жуа саласыз. Бағалары әрқалай.
Дереккөз : anabol.kz