«Еркек пен әйел арасында достық бола ма?» деген сауал көптен бері көкейде жүрген сұрақтардың бірі. Бұл тұрғыда кейбірі достықтың барын айтса, бірі достық атаулы еркек пен әйел арасында болмайды деген ойда. Ендеше, тақырыпты арқау ете отырып талдау жүргізіп, талқыға түсірсек.
«Тұрмыстың түрлі сынынан сүрінбей өтті десе де,
Жұбайың досың болды ма? Міне, бұл – басты мәселе…
…Тағдырдан қашу мүмкін бе, жүрсең де қандай жолменен,
Бір мәнді сұрақ алдыңда тұрады ылғи көлденең:
«Жұбайың досың болды ма самғатқан сезім шырайын,
Нақ сондай ұлы бақытты берді ме саған құдайым?
Ойнай ма оның көзінде сезім мен рух жарқылы,
Ұға ма ол шаттық мұңыңды жетінші түйсік арқылы?…» деген екен
М. Шаханов «Жетінші түйсік» өлеңінде. Осы тарапта ақын махаббат пен достықтың қатар жүретінін бағамдаса керек. Яғни, түсіністік болса, достық пен махабаттың егіз ұғым екенін айтады.
Әнші Мадина Сәдуақасова болса, ер мен әйел арасында бауыр, аға ретінде достық сөзсіз болады деп пікір білдірушілердің бірі.
Мадина Сәдуақасова, әнші:
«Еркек пен әйел арасында достық болады. Себебі, достық өзінде сыйластық, түсініспеушілік, үлкен сенім жатыр деп білемін»
Сондай-ақ, Самат Досымбетов атты оқырман ойынша:
«Еркек пен әйел арасында достық болады. Себебі, әйел ақылшы, әйел дана, олар бәріне жауапкершілікпен қарап, парасаттылық танытады, әркез түсіне біледі. Бұны менің алдымда қаншама ақын-жазушылар, ғұламалар да айтып кеткен. Тіпті, поэзия тарланы Мұқағалидің өзі Фариза ақынға «Қазақтың жігітінен дос таба алмай, қыз да болсаң, мен саған мұң шағамын» дейді.
Ал Әнші Әли Оқапов болса, мүлдем кереағар пікірде. Оның ойынша, қыз бен жігіт арасында ешқандай да достық болмайды екен.
Әншімен келісетін жұртшылық та аз емес.
Мадина Еркінқызы атты оқырман
«Менің жаныма жақын тұтқан жан досым бар еді. Маған аға орнына аға бола білді, қиналған сәтте қасымнан табылып, жабырқағанда жанымда болды. Әрдайым оған ішімдегі бар сырымды айтатынмын. Мені ренжіткен адамарды да жай қалдырмайтын. Қамқорлығы, бауырмалдығы, шынайы достығы үшін оған риза болатынмын. Бірақ, бәрінің бір сәтте күл-талқаны шықты. Сеніп жүрген адамым сезімі бар болған соң ғана досым болғандығы мені қатты қынжылтты. Осыдан кейін мен жігіт атаулы мен қыз арасындағы достыққа мүлдем сенбеймін» дейді.
Сабина Жамау, оқырман
«Жігіт пен қыз арасында достық болады деп ойлаушы едім. Бірақ 12 жыл бойы жанымда жүрген досым мені жақсы көретін болып шықты. Мен оны қимаймын, арамыздағы достықтың өшкенін қаламаймын, дегенмен... әрі қарай бұлай жалғаса берсе оның сезімімен ойнап жүрген тәрізді болармын?!»
Мәселе турасында көпшілік көзқарасына сүйенсек, жүргізілген сауалнама нәтижесінде, 10 адамның 3-еуі достық бар десе, 7-еуі мұнымен келіспейді.
Неліктен? Ал сіз қалай ойлайсыз?
Дереккөз : anabol.kz