Бала тәрбиесімен үйде отырған келіншектер өздерін өмір ағысынан шеттеліп, айдаладағы аралда қалғандай күй кешеді. Мұндайда не істеу керек? Төмендегі кеңестерге қарап көріңіз.
1. Өз-өзіңізбен болыңыз
Шаршау мен күйзелістің негізі себебі – қиялдағы «аңыз адамға» еліктеу. Ел-жұрт атын аңыз қылып айтатын керемет келіншек боламын деген шамадан тыс талпыныс онсыз да бәріне әрең үлгеріп жүрген жас ананы күйзеліске түсіріп, ақыр соңында бәрінен бас тартуға мәжбүр етпек. Сондықтан өз-өзіңізбен болыңыз. Елге еліктемей-ақ, қолыңыздан келетінді одан әрі жақсартуға тырысыңыз. Өзге балалы келіншектерге қарап тамсанған сайын, сіз өз бойыңыздан түрлі кемшіліктер таба беретін боласыз. Ал олардың өмірінің толық картинасын сіз ешқашан көре алмайсыз. Демек, олардың өмірі шын мәнінде қаншалықты «керемет» екенін білмейсіз ғой. Мүмкін, сіздікінен де «нашар» шығар?! Бөтен келіншек әдемі киініп, баласымен аулада қыдырып жүргенімен, үйі шашылып жатқан болар. Есесіне, сіздің балаларыңыз бен еріңіз жинақы, тап-таза, үйде тамағын уақытылы ішіп, еш уайымсыз отырған шығар.
2. Өзіңізге уақыт бөліңіз
Көптеген аналар өздеріне уақыттың жоғын айтып, шағымданып жатады. Өйткені күндіз де, түнде де – кез келген уақытта балаға көңіл бөлуге: тамақтандыруға, киіндіруге, сұрағанын алып беруге, айтарын тыңдауға, көмектесуге, ойнауға, т.с.с. тура келеді. Балалардың қалауы мен қажеттігі ешқандай жоспар кестесіне бағынбайды. Өйткені олар аяқастында туындайды. Десе де, осыған қарамастан, өзіңізге уақыт бөлуге тырысыңыз. Күніне ең болмаса жарты сағатты өзіңізге арнаңыз.
3. Жоспар құра біліңіз
«Бәріне үлгерсем» деген талпынысыңыз істейтін істеріңіздің тізімін ұзартып, соның салдарынан өзіңізге көңіліңіз толмайтын сәттер жиі қайталана ма? Ендеше, бәрін алдын ала жоспарлауды меңгеріңіз. Мүмкін болса, жексенбі күні жолдасыңызбен бірге отырып, келесі аптаға жоспар жасаңыздар. Онда баламен таза ауада қыдыратын, үй тапсырмасын жасайтын, ойнайтын, тағы басқаға кететін уақытты белгілеңіздер. Осындай нақты жоспармен біраз уақытыңыз үнемделетініне сеніңіз. Уақыт сізді емес, сіз уақытты басқарыңыз.
4. Құрбыларыңыздан араласып тұрыңыз
Көптеген жас аналар уақыттың тығыздығын алға тартып, құрбылары туралы мүлде ұмытып жатады. Десе де, кез келген жағдайда достардың көмегі өте маңызды екенін естен шығармаған жөн. Сондықтан құрбыларыңызбен жиірек араласып, өзіңіздегі мәселелерді талқыға салып, олардың тәжірибелерімен танысып тұруды, ақыл-кеңесіне жүгінуді ұмытпаңыз.
5. Баламен бірге
Үй шаруасына үлгеріп, бала күтімі мен жолдасының да жағдайын жасау – көп уақыт пен күшті талап ететін «ауыр жұмыс». Осының бәріне үлгеремін деп жүріп, әйелдер өздері туралы, сүйікті істері, қызығушылықтары мен өздеріне қуаныш сыйлайтын жайттар жайында ұмытып кетіп жатады. Алайда көп нәрсені баламен бірге де жасауға болады ғой? Әуезді әуен тыңдауды жақсы көресіз бе? Тыңдаңыз, балаңызбен бірге билеңіз де. Суретке әуессіз бе? Балаңызды жаныңызға отырғызып, оған да таза парақ пен бояуларыңыздан беріп, сүйікті ісіңізбен айналысыңыз. Йогамен айналысушы ма едіңіз? Оны да балаңызбен бірге жалғастырыңыз. Бәрін балаңызбен бірге жасауды әдетке айналдырыңыз. Осылайша ол сізді жақсырақ тани бастайды. Ал сіз сүйікті ісіңбен айналысып, тек қуанышқа бөленетін боласыз.
Дереекөз : anabol.kz