Бүгінгі таңда «дәстүрлі құндылықтар» сөз тіркесі «дәстүрлі отбасылық құндылықтар» ұғымын береді. Отбасылық құндылықтарға бір-бірін сүйіп қосылған ерлі-зайыптылардың отбасын сақтау жолындағы қолданатын ежелден келе жатқан салт-дәстүрлер жатады. Әрбір отбасының өзіне ғана тән құндылықтарының бар екендігі белгілі. Отбасылық құндылықтарды ежелден бері келе жатқан (дәстүрлі), жаңадан қалыптасқан (қазіргі), тәлім-тәрбие арқылы дарыған (тәрбиелі) құндылықтар деп, үшке бөліп қарастыруға болады.
Дәстүрлі құндылықтарға қарт адамдардың жас отбасыға берген ақыл-кеңестері жатады. Әр отбасыда бұл құндылықтар әр түрлі. Олардың ұқсас жақтары да бар. Кез келген отбасыда дінді сақтап, некені бұзбау, ұрпақ жалғастырып, бала тәрбиелеу сынды ортақ дәстүрлі отбасылық құндылықтар қалыптасқан.
Қазіргі таңдағы отбасылар бұрынғы салт-дәстүрді ұстанғанымен ол ұстанымдар тарихи процестер нәтижесінде өзгеріске ұшырай отырып, әр отбасыда әр түрлі көрініс табуда. Салт-дәстүрдің «озығы бар, тозығы бар» демекші, кейбір құндылықтардың ескішіліктің көлеңкесінде қалып қоюына қарай олардың орнын бүкіл адамзат өркениетінің жемісі немесе жеке тұлғаның дүниетанымы ретінде қалыптасып, заман талабына сай ыңғай танытқан қазіргі құндылықтар басып келеді.
Әрбір отбасының басты мақсаты бақытты ғұмыр кешу болып табылады. Бақытты отбасын құру бірінші кезекте жас жұбайлардың тәрбиелілігіне тікелей байланысты. «Балапан ұясында не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп, қазақ халқы тәрбиелі құндылықтардың маңыздылығын ескерткен.
Қарт адамдар дәстүрлі отбасылық құндылықтар қатарына жас жұбайлардың шыққан руын (жеті атасын) білуі қажеттігін жатқызады. «Тегін білмеген жетесіз» демекші, олар жас жұбайлардың келешек ұрпағының биологиялық (генетикалық) жағынан денінің сау, психологиялық жағынан жанының пәк тууын қалаған деп білу қажет. Бұл құндылықтың бастапқы қызметі аясынан шығып, «трайбализм мен рушылдық» түрінде өзге мақсаттарға қызмет ете бастауы саясаттың да, эконмиканың да кінәсі емес. Жаһандану процесі барысында алуан-түрлі этностармен бірге бейбіт өмір сүруді қалаған адамның экзистенциалистік (өмір сүруді көздейтін) ұстанымы мына трансұлттық әлемде өзінің шыққан тегіне деген құштарлығы мен жақын туыстарымен иық тіресіп қоғам болып ғұмыр кешуді қалауынан туындауда.
Жұбайлар мен олардың ұрпағын біріктіретін қоғамдық бастауыш ұйым – отбасы болып табылады. Отбасы адамның дара тұлға ретінде қалыптасуының ең маңызды құралы. Бүлдіршін отбасында жүріп, алғашқы рет қоғамдық өмірге араласуды, оның құндылықтарын құрметтеуді, жүріс-тұрыс нормаларын ұстануды, ана тілі мен сана-сезімін үйлестіре отырып қарым-қатынас жасауды үйренеді. Бір сөзбен айтқанда, отбасы дегеніміз өмірлік тәжірибені меңгеруге көмектесетін тәрбие ошағы. Дәстүрлі отбасы бір қажеттілік. Қоғам болашағын қазіргі отбасылардың ішкі жай-күйі анықтайтындығын есепке алған жөн.
Мемлекеттің басты байлығы оның азаматтары. Даму бағдарламаларының мақсаттары ел азаматтары тарапынан құрылған азаматтық қоғам институттарының мақсаттарымен үйлескен жағдайда ғана оң нәтиже беретіндігін ұмытпаған жөн. Тек осындай жағдайда ғана қолайлы орта қалыптасып, әлеуметтік және экономикалық даму процестеріне қоғамның барлық сегменттерінің тиімді қатысуы жүзеге асуы мүмкін. Қабілетті адамдардың қадірін білетін дүниетанымдар ғана елді өткінші дағдарыстан тез арада құтқара алмақ. Азаматтарымыздың ұзаққа созылатын терең психологиялық өзгерістерге деген құштарлықтарының тетіктері анықталып, белгіленуі тиіс. Аталмыш мақсаттардың алдыңғы қатарында қазақстандықтардың дәстүрлі, қазіргі және тәрбиелі отбасылық құндылықтарын сақтау, әрі дамыту мәселелері де орын алғанын жөн деп білеміз. Себебі отбасылық құндылықтар азаматтық қоғамның негізі болып табылады.
Дереккөз: Abai.kz