Қыз тәрбиесі

768-1476213850-8faa36b8d8.jpg

Білікті аналар сәби қыздарын бір тізерлеп отыру, қалай болса солай отырып-тұрмау; үнемі «сіз, біз» деп сөйлеу, тасыр мінез, кеселді сөзден аулақ болу; кісі бетіне, әсіресе ер адамдардың бетіне қылымсып немесе тіке қарамау, тамақты ауыз толтыра асап, былшылдатып, шалпылдатып шайнамау; ыдыс-аяқтықты жуғанда, жиғанда шарқылдатпау; үлкен адамдар келгенде тұрып жол беру, аман-сәлем жасау; ата-ана мен үлкен кісілер арасында отырғанда білермендік істемеу, сөзге қыстырылмау, «шешесі тұрып қызы сөйлегеннен без» дейтін халық даналығын есте сақтау; көп ортасында албаты жыртақтап күлмеу, арын таза ұстау, ата-анадан рұқсатсыз албаты қыдырмау сияқты істерден егжей-тегжейлі тәрбие жүргізеді.

   Онан кейін, болашақ отау тәрбиесіне көшеді. Онда «ұлы сөзде ұяттық жоқ» деп қыздарына: болашақта ана боласың, ана деген қасиетті ұғым, оған кір келтірме, үйлі-баранды болып, персент сүйесің. Перзенттеріңді адал ақ сүтіңмен асыра, еріңді құрметтей біл, ер деген -  ата, отбасының тірегі, ел мен жердің қорғаны, ерін сыйлау  -  әйелдік парыз. Ерін сыйламай, отбасын қадірлемеген әйел – ұрпағының обалын арқалайды деп үғындырады.

  Отау тәрбиесімен қоса іскерлік, еңбек тәрбиесін жүргізеді. Онда әр күні қыздарына «ісмерлік пен еңбекшілдік  - әйелдің көркі», «ісмер әйел  - отбасын гүл етеді, олақ әйел – отбасын жүдетеді» деп ине-жіп ұстатып құрақ құратады, жамау жаматып, кесте тіктіреді.

   Текті, тәрбиелі отбасылар қыздарының албаты қыдыруына, жалғыз-жарым жолаушы жүруіне жол бермейді. Басқа үйлерге қондырмайды. «Қызды  - жеңге, жеңгені  - теңге бұзады» деп бойжеткен қыздарды жеңгелеріне албаты ертіп жібермейді. Тіпті құда түсіп, өлі-тірісін беріп қойған өз күйеуіне де орынсыз жолатпай, қыздарын күндіз-түні қызғыштай қорғап, көз қарашықтарындай аялап өсірген.

 

 

 

дереккөзі: Айып Нүсіпоқасұлы, Әкімбай Жапарұлы. «Ағаш бесіктен жер бесікке дейін»


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең қымбат картиналар
  • Еліміздегі жекеменшік телеарналардың көпшілігінің қазақшасы 30 пайызға да жетпейді...
  • Сәкен Сыбанбай: «Қолды болған 1000 доллар»
  • Жұмабек Тәшенов пен Ұлықпан Бәшеновтің арасында қандай байланыс бар?
  • Сезімнің оянуына не түрткі?
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: