Мазасыз бала

298-1476211639-cc710c405b.jpg

Қозғалысы көп, шапшаң, тынымсыз балалардың көптігі жайында соңғы кезде жиі еститін болдық. Бұл жайтты мамандар бүгінде балалар психикасына кері әсерін тигізетін факторлардың көптігімен байланыстырады. Ендеше, байсалды, өздеріне сенімді ұрпақ тәрбиелеу үшін ата­ана не істеу керек? Бала тәрбиелеп отырған көптеген аналарға белгілі жайттар мен олардың шешімдерін қарастырып көрейік.

1Нәресте аз ұйықтайды, соның салдарынан анасы ештеңеге үлгере алмайды. Бірде жас сәбидің анасы: «Күні бойы тіс жуатын уақытым болмай, тіс щеткасына қолым кешкі алтыда әрең жетті», – деп шағымданды. «Обал­ай!» – дерсің, бірақ... Жас аналар пысуы қажет. Шын мәнінде баланы «қолтықтап алып», үй шаруасымен айналысу – көптеген әйелдердің күнделікті өмірінің кішкентай көрінісі.

Шешімі: Егер балаңыз әлі омырауда болса «жыламаса, жата берсін!» деген қағидамен жатқызып қоймаңыз. Қозғалыс – балалар үшін бұлшық еттердің дамуы ғана емес, сондай­ақ ақыл­ойдың да дамуы. Сондықтан үй шаруасымен айналысып жүргенде де балаңызды қолыңызға барынша жиірек алғаныңыз дұрыс. Мұның бірнеше оң жақтары бар. Біріншіден, жұмыстарыңызды істеп үлгересіз. Екіншіден, жан­жағыңыздағы заттарды көрсетіп, не істеп жатқаныңызды айтып, балаңызбен көбірек сөйлесесіз. Үшіншіден, ұзақ уақыт құшағыңызға алуға мүмкіндік болады. Ең бастысы, сіздің түрлі қозғалыстарыңыздан бала да сол қозғалыстарға икемделуді меңгереді. Басынан осылай тәрбиеленген бала көзіне көрінген затқа жабысуды қояды, жүре бастағанда да әр қадамына барынша мұқият болады.

 

2. Балаңыз жаңа жүре бастады, ал сіз «жығылып, соғыла ма» деп уайымдайсыз. Балалар қалай «дұрыс» жығылу керектігін біліп туады. Өкінішке қарай, ата­аналар «көмектесіп жатырмыз» деген қате оймен енді аяқ басқан балаларының табиғатында бар бұл қасиетінің дұрыс дамуына кедергі келтіріп жатады.

Шешімі: Аяғын енді басқан сәбиді үнемі қолтығынан демеу – ата­ананың үлкен қателігі. Мұндай қателікке орын бергеннен гөрі, балаңыз жығылғанда бір жерін қатты ауыртып алмауы үшін, аяғының астына жұмсақ көрпеше төсегеніңіз дұрыс.

 

3. Балаңыз өте қорқақ, кез келген қатты дауыстарға елең ете қалады, бейтаныс адамдарды жатырқайды. Мұндайда адамдар көп жиылған жерлерге жиі барған жөн. Бастапқыда балаңыз жатырқап, жылағанымен, уақыт өте көпшілікке үйреніп кетеді.

Шешімі: Алғашқыда балаңызды адам аздау жерге апарудан бастағаныңыз дұрыс. Сондай­ ақ абыр­дабыр, шудың да бәсең болғаны жөн. Егер нәрестеңіз әлі де жасқа толмаған болса, оны құшағыңызға қысып ұстаңыз, ал аяғын басқан бала болса, міндетті түрде қолынан қысып, жетектеп жүрегеніңіз абзал. Анасының қолынан ұстап жүрген бала өзін қауіпсіз сезінеді. Осылайша балаңызды көпшілікке үйретіңіз, бойын билеген қорқынышын сейілтіңіз.

 

4. Бір орында тыныш отыра алмайтын тынымсыз бала. Балалардың көпшілігі – сангвинктер. «Олай істеме, бұлай істеме, ашпа, жаппа, барма, алма...» деген сансыз тыйымдармен кез келген тынымсыз баланы «басып» қоюға болады. Бірақ мұндай «тәрбиеден» кейінгі балаларды «кішкентай қарттар» деп жатады. Ал сізге балаңыздың белсенді, әрі әр қадамын мұқият басатын, байыпты, әр ісіне ұқыпты болып өскені керек емес пе?!

Шешімі: Психологтар «Балалармен жаңа туылған кезінен бастап сөйлесіп, айналада болып жатқанның бәрін айтып, түсіндіріп отыру керек», – дейді.

 

5. Балаңыз тынымсыз, көп қозғалады, бірақ тепе­теңдікті дұрыс сақтай алмайды. Мұндай жағдайда жаттығу жасағанда міндетті түрде тепе­теңдікті сақтауды үйрететін жаттығуларды арттырған жөн: аударылу, асылу, тербелу, т.б.

Шешімі: Баланы үлкен доптарға отырғызып ойнату да жақсы жаттығу болмақ. Сондай­ақ қыдыруға шыққанда балаңызды әткеншектерге жиі отырғызуға дағдыланыңыз. Спорттық үйірмелерге жаздырыңыз. Олардың кез келгені де баланың бойындағы үрейін жойып, жинақы болуына көп көмек болмақ.

 

6. Бала тез шаршап қалады, ал жылағанда жұбату мүмкін емес. Мұндайда бассейннің немесе жылы суға шомылдырудың көмегі мол. Көптеген ата­аналар судың жақсы қасиеттерін біле бермейді. Су шаршауды басады, жүйке жүйесін тыныштандырады, су мен ауа температурасының айырмасы иммунитеттің көтерілуіне сеп болады.

Шешімі: Мектепке дейінгі жастағы балаларда шаршау ашу, қызбалық арқылы көрініс табады. Айталық, емшектегі баланы уақытында ұйықтатпаса, ол ұзақ уақыт жылап, ұйықтамауы мүмкін. Сондай­ақ күндізгі демалыс омыраудағы балаларға ғана емес, одан үлкендерге де керек. Егер де олар күндізгі ұйқыдан бас тартқан болса, күндізгі уақыттың бір­бір жарым сағатын ойын тыныштандыратын, демалдыратын іспен айналдырған дұрыс. Бұл, әрине, теледидар мен компьютер емес!

 

7. Мектепке дейінгі бала күндізгі ұйқыдан бас тартады және қатты шаршап, қиғылық салады. Егер балаңыз жатып ұйықтағысы келмесе, оны жатқызудың қажеті жоқ. Сағат 12­-14­тің арасында балаңызды бір сарынды еңбекпен айналдырыңыз, айталық, кітап оқып беріңіз.

Шешімі: Психологтар кітапты оқып бергеннен гөрі, оның мазмұнын айтып берудің, ертегі айтудың жөн екенін есімізге салады. Ертегіні айтқанда да дауыс ырғағына, оқу мәнеріне көп көңіл бөлу қажет. Үш жасқа дейінгі балалар үшін ертегі кейіпкерлері ретінде жануарларды алған дұрыс. Балаңыз ұйықтап қалмаса да, жақсы демалатыны сөзсіз.

 

8. Бала көп тентектік жасайды, соның салдарынан үнемі аяқ­қолын жарақаттап жүреді. Мұндай мәселелер негізінен ұл балалары бар отбасыларында көрініс тауып жатады. Шешімі: Мұндай жағдайда тентектеріңіздің қимыл­қозғалысын шектемеу үшін оларға арнайы ойын алаңдарын дайындап бергендеріңіз дұрыс: достарымен доп қуалайтын кішігірім алаңқай, сырғанақ, әткеншектер, т.с.с.

 

9. 1­сыныпта оқитын бала бір орында тыныш отырмайтын бұзық, сабаққа ықыласы жоқ, ойын жинақтай алмайды, үй тапсырмасы оған үлкен қиындық туғызады. Бұл – мектепке әлі дайын емес баланың ісі.

Шешімі: Басты қағида – балаңыз мектептен келгенде міндетті түрде дұрыстап демалуын қадағалаңыз. Тек содан кейін ғана үй тапсырмасын жасауға кіріссін! Сабақ оқуға мәжбүрлемей, тапсырмаларды орындау керектігін басқаша, «жұмсақ» жеткізгеніңіз дұрыс. Ал ауызша жаттығуларды үстел басында тапжылмай отырып жасауы міндетті емес. Ондай тапсырмаларды сіз оқып беріп көріңіз. Ал бұл уақытта балаңыз біраз бой сергітіп, бөлмеде ары­бері жүрсін немесе тыңдап отырып, кез келген басқа іспен шұғылдансын, бастысы, еркін болсын!

 


Дереккөз : anabol.kz

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең қымбат картиналар
  • Еліміздегі жекеменшік телеарналардың көпшілігінің қазақшасы 30 пайызға да жетпейді...
  • Сәкен Сыбанбай: «Қолды болған 1000 доллар»
  • Жұмабек Тәшенов пен Ұлықпан Бәшеновтің арасында қандай байланыс бар?
  • Сезімнің оянуына не түрткі?
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: