Егер қан айналымында қандай да бір олқылықтар болса, оны аңғару қиын емес. Қан қысымының жоғарлауы, шаршау, кез келген ауа райында аяқ-қолдың тоңуы, бас ауруы – мұның барлығы қан айналымындағы өзгерістен хабар береді. Ал қанның дұрыс айналмауы жүрек жұмысына ауыртпалық түсіретіні түсінікті. Ендеше қан айналымын жақсарту жолдарымен таныс болыңыз.
1. Тағам дәмдеуіштерін көбірек қолданыңыз. Қызыл, қара бұрыштар, гүлшетен (розмарин), жебіршөп (тимьян), даршын (корица), сондай-ақ сарымсақтың да қан айналымын арттыратын күші бар.
2. Сатымен көтерілуге көбіміз ерінгеннен жедел сатының (лифт) көмегіне жүгінеміз. Ал варикоздың алдын алып, жүрек бұлшықетін жаттықтыруда сатымен көтерілудің орны бөлек екеніне мән бермейміз.
3. Егер компьютер алдында ұзақ отыратын болсаңыз, арасында тұрып, дене жаттығуларын жасап тұру қажеттігін ұмытпаңыз. Ұзақ уақыт қозғалыссыз отыру, оттектің жетіспеушілігі қанның ұюына себеп болады.
4. Темекіден бас тарту керек. Өйткені оның құрамындағы никотин ағзадағы С дәруменін сыртқа шығарып қана қоймай, сонымен қатар жүрек жұмысына кері әсерін тигізеді.
5. Массаж қан айналымын жақсартады. Массаж жасағаннан кейін денеміздің босаңсуы – қан айналымының дұрысталғанының көрсеткіші.
6. Дұрыс демалудың да маңызы мол. Аяғыңызды бас деңгейінен биіктеу, яғни аяқты сәл көтеріп, 15 минут жатудың өзі қан айналымының жақсаруына көп себеп болады. Кешке жұмыстан шаршап келгенде аяғыңызды көтеріп аздап жатуды әдетке айналдырыңыз.
7. Асқабақ, күнбағыс дәнегі, құрма, мейлінше көбірек жеміс-жидектер қолдануға тырысыңыз. Сонымен қатар қан айналымын ретке келтіруде қара шоколадтың да алар орны ерекше.
8. Салқын суға түсу бойды сергітіп, қан айналымын жақсартады. Ыстық ваннадан кейін салқын душ қабылдай отырып, инсульттің болу мүмкіндігін 30 пайызға азайтуға болады екен.
9. Көбірек қозғалыста болудың мәні зор. Қозғалыс, салауатты өмір салтын ұстану – қан айналымын жақсартудың бірден-бір жолы. Табиғатта жаяу серуендеп, таза ауда көбірек жүрген дұрыс.
10. Аяқкиімнің ыңғайлы болуы өте маңызды. Мүмкін болса, мейлінше көбірек жалаңаяқ жүрген дұрыс.
11. Күнделікті жылы су ішуді әдетке айналдырыңыз. Оның жүрегіңізге пайдасы мол. Ал суық су қан тамырларын тарылтады.