Сәбидің тамақтануы. 0-2 ай

1_1485934227.9889.jpg

Дүниеге келген сәбидің аузына ең алдымен алары – ана сүті. Демек, бала ең бірінші ана сүтінің дәмін татады. Сәби үшін бұдан артық ештеңе жоқ. Сондықтан да нәрестеге алғашқы екі айда тек ана сүтін беріңіз.

 

 Ана сүті – бала денсаулығының мықты болып өсуінің кепілі. Әр ана баласын дүниеге әкелген сәттен бастап-ақ дұрыстап емізуі керек. Әсіресе, бала үшін алғашқы 3-5 күнде болатын қою уыздың алар орны ерекше. Уыз сүті жұқпалы ауруларға қарсы алғашқы екпе (вакцинация) қызметін атқарады. Сонымен қатар оның іш айдау қасиеті бар. Демек, ананың алғашқы сүті меконийді айдап, ішек тазалануына, сарғаюдың болмауына ықпал етеді.

 Ана сүтінің құрамында басқа ешбір тағамда кездеспейтін 400 түрлі қоректік зат бар. Сондықтан да оны ештеңе де алмастыра алмайды. Ана сүтінің құрамында ағуыз, май, түрлі дәрумендер, гормондар, темір, көмірсутектер, климатқа қарамастан үнемі жеткілікті су, минералды тұздар, кальций, фосфат, өмірге керекті микроэлементтер (селен, мыс, мырыш, молибден, магний, марганец), сүттің негізгі ингредиенттерін ыдырататын липаза бар.

 Баланы емізген сайын сүт те көбейе түседі. Ал ана сүті баланың ауруға қарсы күрес қабілетін күшейтеді. Көптеген жұқпалы аурулардың алдын алып, аллергияға қарсы иммунитетті арттырады. Ана сүті арқылы берілетін темір нәресте ағзасында жақсы сіңетіндіктен анемияны болдырмайды.

 Ана сүтінің осы және басқа да (баланың денсаулығына, өсіп-жетілуіне, психологиясына, ана денсаулығына) тигізер пайдаларын ескерсек, сәбиді дүниеге келген сәттен бастап, кем дегенде бір жасына дейін емізу керектігін естен шығармаңыз.

 Егер сүт шықпай жатса, баланы емшектен шығармай, арнайы маманның кеңесіне жүгініңіз. Мүмін, бала емшекті аузына дұрыс сала алмайтын шығар немесе басқа да мәселелер бар ма? Мұны міндетті түрде анықтаған жөн.

 Баланы емізген сайын сүттің де мөлшері артатынын ұмытпаңыз. Сәби сұраған сайын емізу қажет. Күніне, жоқ дегенде, 10 рет емізіңіз. Әсіресе, түнде емізуге ерінбеңіз. Ал екінші айдың аяғына қарай баланы күндіз-түнде қай уақытта, қанша уақыт емізу қажеттігін әбден меңгеріп те аласыз.

 Бұл жаста балаға емізік бермеңіздер. Сонымен қатар шай, балаларға арналған су да беруге болмайды. Ананың ішіп-жегені сүт арқылы балаға баратынын естен шығармау қажет. Әрдайым өз ас мәзіріңізді қатаң бақылауда ұстаңыз. Аллергияны тудыратын тағамдарды көп тұтынбаған жөн. Құнарлы сүт болуы үшін әрдайым тойып тамақтаныңыз, бастысы, артық жеп қоймау.

 Дұрыс тамақтанған бала алғашқы екі айда бойына 3 сантиметрден, ал салмағына 800 грамнан қосатыны есіңізде болсын.

 

Дереккөз : anabol.kz


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең қымбат картиналар
  • Еліміздегі жекеменшік телеарналардың көпшілігінің қазақшасы 30 пайызға да жетпейді...
  • Сәкен Сыбанбай: «Қолды болған 1000 доллар»
  • Жұмабек Тәшенов пен Ұлықпан Бәшеновтің арасында қандай байланыс бар?
  • Сезімнің оянуына не түрткі?
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: