Пластикалық операция

5-1476212278-ae9fa866fd.jpg

Махан Жұмабайұлы ТЫНЫШБАЕВ

Пластикалық хирург

Елімізде пластикалық хирургия қай деңгейде дамыған? Мамандар жеткілікті ме?

 Қазіргі уақытта еліміздегі хирургия саласы, оның ішінде пластикалық хирургия жақсы дамып келеді. Мамандарымыз кез келген шетелдік хирургпен тең деңгейде деп ауыз толтырып айта аламыз. Шетелге қарағанда техникалық жабдықтау жағынан сәл арттамыз. Дегенмен жыл сайын құрал-жабдықтар да түгенделіп келеді. Сондықтан алдағы 5-6 жылда техника жағынан да еуропалық мемлекеттермен иық тірестіре алармыз деп ойлаймын. Дегенмен пластикалық хирургия жоғары оқу орнын бітіре салып, кірісіп кететін шаруа емес. Пластикалық хирург болу үшін университетте 8-9 жыл алған білім мен тәжірибеге қоса, кем дегенде 5 жыл хирург болып жұмыс істеу керек. Ота жасауға әбден машықтанып, хирургияның қыр-сырын жетік меңгергеннен кейін ғана пластикалық хирург бола аласыз. Өйткені сіздің емдейтін адамдарыңыз – денсаулығында еш кінәраты жоқ, сап-сау жандар. Яғни науқастарыңыз алдыңызға бүйрегі не сирағы ауырғаннан емес, сап-сау құлағының не мұрнының көлемін, пішінін өзгертуге келеді. Демек отадан кейін олардың денінің саулығына ғана емес, келбетінің келісті болуына да жауаптысыз.

Бүгінде пластикалық хирургтердің көмегіне жүгінушілер негізінен сұлулық үшін келетіндер ме, әлде..?

 Келушілердің 40-50%-ы емделу үшін келетіндер. Яғни жол апаты, жарылыс, төбелес, биіктіктен құлау сияқты әртүрлі оқыс оқиғалар салдарынан жарақат алғандар. Ал енді қалған 40-50%-ы бет-әлпетін, дене пішіміне көңілі толмайтындар. Олар қабағына қатпар салу, құлақ, мұрын, ернінің пішінін өзгерту, әжімін тарту, емшек бездерін үлкейту, артық майдан арылу сияқты мәселелермен келеді. Бірақ біз олардың бәріне бірдей операция жасай бермейміз. Неге десеңіз, операцияға келген қыз-келіншектің, айталық құлағы, мұрны өзіне жарасып-ақ тұруы мүмкін. Тек жанындағы құрбысының «Мұрның пұшық немесе құлағың қисық» деген сөзін көңіліне алып, соған бола өзгертуді ойлаған шығар. Сондықтан операция жасамас бұрын келген адаммен психологиялық тұрғыда жан-жақты сөйлесіп, кеңес береміз. Кейін отаға дайындық басталады.

Бұл қанша уақыт алады?

 Бір-екі күннің ішінде бітетін шаруа. Таңертең зертханалық сараптамалар жасалса, келесі күні терапевт, хирург және егер наркозбен жасалатын операция болса, анестезиолог мамандар қарайды.

Ота қалай жүргізіледі және жазылуы қанша уақыт алады?

 Мысалы, қабаққа жасалатын ота жергілікті наркозбен жасалады. Ұзақтығы 40-50 минуттай болады. Жазылуы екі-үш аптадай уақытқа созылады. Қанша дегенмен пышақ тиген жер іседі, көгереді. Ал «Бес күнде-ақ жазылып кетеді» деп өздерін жарнамалап жүргендердікі – өтірік сөз.

Пластикалық отаның қай түріне сұраныс жоғары?

 Бірінші кезекте қабаққа қатпар салдыру, бет терісін жаңарту, мұрын, ерін, құлақ пішінін өзгерту. Одан кейін беттің әжімін тарту. Ал үшінші орында артық майдан арылу, емшек бездерін үлкейту.

Демек келушілердің басым көпшілігі қыз-келіншектер ғой... 

 Әрине, өзінің бет-әлпетіне, дене мүсініне көңілі толмай келушілердің 60-70%-ы әйел адамдар. Дегенмен соңғы жылдары пластикалық хирургтердің көмегіне жүгінуші ер азаматтар да көбейіп келеді.

«Сұлулық үшін бет-әлпетіне пластикалық операция жасатыпты» дегенді бұрынырақта көп естімейтінбіз. Қазір екінің бірі жасататын сияқты...

 Соңғы жеті-сегіз жылда елімізде пластикалық хирургия кең етек жайды. Оның бірден-бір себебі де халықтың жағдайының жақсаруымен тікелей байланысты дер едім. Халық жақсы өмір сүріп қана қоймай, бет-әлпеті мен дене сымбатының да ойдағыдай болуын қалайды.

Пластикалық ота жасатуға қарапайым халық көп келе ме, әлде елдің алдында жүрген әртістер ме?

 Иә, өзіңіз айтып отырғандай, ел алдында жүрген адамдар көп келеді. Әртістермен қатар, үлкен фирма-компанияларда қызмет істейтін мамандар өз деңгей-дәрежесіне білімі-біліктілігі жағынан ғана емес, сұлулығы мен сымбаты жағынан да сай болуға ұмтылады. Қандай мықты маман болсаңыз да, олпы-солпы киінген, бет-аузыңыз мыжық-мыжық болып тұрса, сізге елдің қарым-қатынасы да нашар болады. Тіпті сізге деген құрмет те жоғалады. Бүгінгі заман талабы осындай. Сондықтан жан-жақты болуға тырысу керек.

Бүгінде сән салондарында қыздар ботокс жасатып жатады. Осы дұрыс па?

 Екі-үш айлық курс оқыған косметологтар сән салондарында шаш қиып, тырнақ жасап немесе бет әрлеп, түрлі бояу жағуына болады. Бірақ ботокс, , мезотерапия, биоревитализация, гель енгізу, алтын жіп салдыру дегендерді кез келген емес, тек дәрігер-косметолог жасау керек. Егер сән салонында ботокс жасатқыңыз келсе, оны жасайтын маманның біліктілігі мен біліміне көз жеткізіп алғаныңыз дұрыс. Одан кейін ботокс жасауға рұхсаты бар ма, құрал-жабдықтары мен пайдаланатын өнімін Қазақстанда қолдануға рұхсат етілген сертификаты бар ма? Осыларды анықтап алыңыз. Егер талапқа сай, дұрыс препараттар болмаса, кейін түрлі асқынулардың болуы ғажап емес.

Пластикалық отаны жылдың белгілі бір мезгілінде жасату керек пе?

 Бетті тарту, теріні жаңарту сияқты операцияларды күн сәулесі төмен уақытта, яғни қыс пен күз айларында жасату керек. Ал құлақ, мұрын, еріннің пішінін өзгерту, қабағына қатпар салу сияқты оталарды кез келген уақытта жасатуға болады.

Мысалы, қабаққа жасалған ота көздің көруіне, мұрынға жасалғаны дұрыс тыныс алуға кері әсерлерін тигізбей ме?

 Жоқ, кері әсері болмайды. Өйткені ота көздің ішіне емес, тек теріге жасалады. Ал мұрынға жасағанда тыныс алу қабілетін міндетті түрде тексереміз. Егер тыныс алуы нашар болса, операция барысында ол олқылықты да түзеп береміз. Отадан кейін тыныс алуы жақсармаса, төмендемейді.

 


Дереккөз : anabol.kz

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең қымбат картиналар
  • Еліміздегі жекеменшік телеарналардың көпшілігінің қазақшасы 30 пайызға да жетпейді...
  • Сәкен Сыбанбай: «Қолды болған 1000 доллар»
  • Жұмабек Тәшенов пен Ұлықпан Бәшеновтің арасында қандай байланыс бар?
  • Сезімнің оянуына не түрткі?
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: