Арманды мақсатқа, мақсатты жоспарға айналдыру дегенді жиі естиміз. Ұйықтар алдында ойлаған арманымыз, таңертең оянғанда мақсатқа айналса, жоспарға да бір табан жақындадық деген сөз. Арманымыз орындалу үшін, қиялға беріліп жүре бермей, әрекетке көшу керегін бәріміз білеміз. Ал оны жақындату псхологиялық тұрғыда өзіміздің де қолымыздан келеді.
Арманыңыз орындалуы үшін ол әрдайым сіздің жаныңызда болуы тиіс. Мысалы, үлкен үйіңіз болуын қаласаңыз, оның суретін қағазға шығарып, бөлмеңіздің қабырғасына іліп қойыңыз. Компьютеріңіздің жұмыс үстеліне де сол суретті қойыңыз.
Арман-мақсат қағазға жазылған сайын, сізге жақындай түседі. Өткен шақта бар жоспарыңызды қағазға жазыңыз. Мысалы, «Мен көшбасшымын!», «Әріптестеріме (не достарыма) аса сыйлымын!», «Менің балаларым өте ақылды да тәртіпті».
Қандай жағдай болғанын қаласаңыз, көзіңізді жұмып, соны елестетіңіз. Әр ұсақ-түйегіне дейін бейнелеп, көз алдыңыздан өткізіңіз.
Қарым-қатынаста барлығы жақсы болғанын қаласаңыз, мұңды, қайғылы әуендер тыңдамаңыз. Керісінше, «Сен келерсің бір күні», «Бақыттымын өзіңмен» деген секілді, жақсылықтан үмітті әуендерге әуес болыңыз. Өткен жазбада сөз еткеніміздей, армандарыңыз бен жоспарларыңызды ешкімге айтпаңыз!
Тағдырдың жазғаны болады, оған ешкім шек келтірмейді. Бірақ тағдыр тасы қалануына өзіңіз себепші екеніңізді естен шығармаңыз! Бастысы, арманыңыз орындалатынына шын жүректен сенсеңіз болды! Мейлі, орындалмайтындай көрінсе де, жақсылықтан күдер үзбеңіз!
Толығырақ: alashainasy.kz