Тілек пен сәттілік, арман мен қазына картасы дейсіз бе, бәрінің мағынасы бір. Бұл – сіздің мақсат-мұратыңыздың, үміт-сеніміңіздің көзге көрінуі.
Сәттілікке ұмтылған кез келген адам өз қалауын анықтай білуі тиіс. Ал тілек картасы бұл арманның іске асуына көмектеседі. Мысалы, көлік сатып алғыңыз келді делік. Бұл жағдайда көліктің үлгісін, түсін, бағасын нақты білуіңіз керек. Дұрысы – қағазға жазыңыз. Сол кезде сіздің арманыңыз мақсатқа айналады. Немесе өзіңіз қалаған көліктің суретін қағаз бетіне іліп қойыңыз. Арманыңызды көз алдыңызға әкелген кезде сіз оны мақсатқа айналдырып, сананың түкпірінен суырып жарыққа шығарасыз.
Мектеп кезінде дене шынықтыру пәнінен қашықтыққа жүгірген боларсыз. Міне, сол кезде алыстан қарауытқан мәре сызығын көресіз. Сол сызықты кесіп өту үшін барыңызды саласыз. Сызық көз алдыңызға келген кезде сіз: «несі бар, анау айтқандай алыс емес екен» деп өз-өзіңізге сенімді бола түсесіз.
Арманның ақиқатқа айналуы үшін де әр қадамыңызды нақты білуіңіз керек. Арман миыңызда тұрғанда, біртүрлі тұманданып, сіз кейде арманыңыздың ішінен адасып кеткендей боласыз. Ал оны қағазға түсірген бойда сіз арманыңызға бір қадам жақындайсыз.
Тілек картасын қалай дұрыс құруға болады? Ешқандай ереже жоқ! Ең бастысы – жүрек қалауыңызға сүйеніп жасаңыз. Өзгертіңіз, қиялдаңыз, не жазғыңыз келсе, жазыңыз – бәрі өз қолыңызда!
Үлгі ретінде біз тілек картасын жасап көрдік. Үлкен А4 қағазын аламыз, ортасына жаныңызға тыныштық сыйлайтын суретті жабыстырамыз. Жан-жағына ең үлкен арманымызды жазамыз. Мысалы, мен ағылшын тілінде еркін сөйлеп, Америкада 1 ай жұмыс істегім келеді. Американың қай штатында? Нью-Йорк қаласында. Кім болып жұмыс істегім келеді? Журналист болып…
Тілек картасын шексіз толтыра беруге болады. Өз еркіңіз. Бастысы – армандаудан ұялмаңыз, қорықпаңыз. Өз-өзіңізге сеніңіз! Өйткені орындалмайтын арман жоқ…
Дереккөз: kozqarasblog.wordpress.com