Түннің «Қадір» деп аталуының өзінде терең мән бар. Бұл түнде қадірлі үмметке қадірлі Кітабымыз түскен. Үмметтің қадірлі болатындығы Пайғамбарымыз (с.а.с.) мәңгі сапарға аттанарда, Жәбірейіл періштеден өз үмметі туралы сұрағанда, ол Алла елшісін (с.а.с) екі нәрсемен сүйіншілеген болатын. Жәбірейіл періште: «Алла Тағаланың жәннатына Сен кірмейінше ешбір пайғамбар кірмейді және сенің үмметің кірмейінше ешбір үммет жұмаққа кірмейді» деп сүйіншілеген еді. Олай болса, бұл түнде қадірлі үмметтің қадірлі пайғамбарына қасиетті Құран түсті.
Қадір түнін қалай өткізген жөн?
Алла тағала адам баласын тек қана Өзіне құлшылық етсін деп жаратқаны хақ. Сондықтан мұсылмандар күнделікті өмірлерін құлшылықпен өткізуге тырысады. Олай болса, мың түннен қайырлы бұл түнде түрлі құлшылықтар жасап, нәпіл және қаза намаздарын оқып, Құран оқып, тәубе етіп, кешірім тілеп, өзіміз және басқалар үшін дұға жасауға болады. Алла елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім Қадір түнін артықшылығына сеніп, Алла тағаладан сауап күтіп, құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі» (Бұхари, Қадір, 1);
Айша анамыз Пайғамбарымыздан (с.а.с.): «Уа, Алланың елшісі, Қадір түнінде қандай дұға жасайын» деп сұрағанда, Расулуллаһ (с.а.с.): «Алаһуммә иннәкә афуун, түхиббүл афуа, фағфу анни (Алла Тағалам, Сен кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, менің күнәларымды кешіре гөр!)» деп дұға етуге кеңес берді.
Сондай-ақ бұл түнді рухани дүниемізді байытатын діни кітаптар оқып, діни сауаттылығымызды арттыруға бағытталатын бейнефильмдер мен бағдарламаларды көрумен өткізуге де болады.
Қадір түнін өткізуде түні бойы дастархан жайып қою шарт емес.
Түннің барлығын ғибадатпен өткізе алмайтын кісілер, тым болмаса, түннің бір бөлігін құлшылықпен, ізгі амалдармен өткізуіне болады.
Алла тағала бұл түнде жасалған бүкіл құлшылықтарыңызды қабыл етсін. Әумин.
Дереккөз: www.oraza.info