Қолшатыр таңдай білесіз бе?

197-1476212318-6a404267a0.jpg

Қолшатыр бастапқыда күн сәулесінен қорғану үшін жасалған. Ал бүгінде ол «қорғаныс құралы» ғана емес, сәнді бұйым.

 

 Сәнқойлардың әдемі сөмкесі, нәзіктік сыйлар шәйі орамалы секілді қолға ұстаған қарапайм қолшатыры да киген киімімен үйлесім тауып тұрады. Памела Трэверс әңгімелеріндегі Мэри Поппинсті аспанға алып ұшатын қолшатырдың бұдан басқа да сиқырлы күші жетерлік. Киген киіміңіздің өңін ашып, сән беру үшін де қолшатырды кәдеге жаратыңыз. Қуыршақтай құлпыртып, нәзік көрсету – қолшатырдың тағы бір кереметі. Тек оны дұрыс пайдалана біліңіз. Егер бойыңыз аласа, толық болсаңыз, қолыңыздағы көлемді қолшатыр сізді саңырауқұлаққа ұқсатып жібереді. Оны да ескеріңіз.

Алғашқы қолшатырлар қандай еді?

 Қытай елі қолшатырлардың тарихи отаны болып саналады. Бастапқыда мұндай керемет тек бай-бағландар мен шенді-шекпенділерде ғана болған екен. Бамбук ағашынан жасалып, керек тартқан жібек матаға бағалы асыл тастар тігілген сәнді бұйым өз иесінің әл-ауқатынан хабар берген. Б.з.д ХІ ғасырда патшалар мен ақсүйектердің соңынан салмағы екі келідей, ал диаметрі 1,5 метр болатын қолшатыр көтеріп, бір топ қызметші ерген. Ал Египет пен Вавилон, Үндістанда биліктің символына ие болған қолшатырды қолдану құқығы тек патша әулетінің мүшелерінде болған.

 Қолшатырды жаңбырдан қорғану үшін алғаш рет 1750 жылы Лондон тұрғыны Д.Хэнвей көшеге ұстап шыққан. Бұл көрініс қолшатырдың бұрынғы дәрежесін түсіріп, күлкіге айналдырғандай көрінді. Ал 1873 жылы ағылшындық Сэмюэль Фокс қолшатырға жаңа өмір сыйлап, көлемін өзгертіп, патент алды. Осыдан бастап бүкіл халық қолына қолшатыр ұстайтын болды.

Қолшатыр таңдағанда...

 Бүгінде қолшатырдың көлемі, пішіні, түр-түсі, дизайны, жасалған материалы, тіпті салмағына қарай сан алуанын табасыз. Тек солардың ішінен қалауыңызға сай келетінін дұрыс таңдай білсеңіз болғаны.

Құрылысына назар аударыңыз.

 Оның механикалық (қолмен ашылатын), жартылай автоматты (батырманы баса отыра жоғары қарай қолмен ашасыз), автоматты (тек түймені бассаңыз болғаны),екі еселі автоматты (түймені басу арқылы тек ашылып қана қоймай, жабылады да) деген түрлері болады.

Берік болуын қадағалаңыз.

 Егер қолшатырдың ғұмыры ұзақ болсын десеңіз, оның қаңқасы берік темірден, болаттан болғаны дұрыс (бірақ бүгінде жұрттың көбі салмағына қарап, жеңілін таңдайды да қаңқасы арнайы алюминийден жасалған alu light қолшатырын алып жатады. Оның салмағы – 200 г). Ал қаптамасы нейлон, понч, полиэстер сынды синтетикалық материалдардан болуы керек. Олар жаңбыр суын бойына сіңірмейді және тез құрғайды. Қаптаманы керіп тұрған тармақтар (негізі, 8 тармақ болуы керек) дұрыс пішінді күмбез түзіп, қаптаманың бірнеше жерінен бекітілген болсын. Осының бәрін қарағаннан кейін қолшатырды екі-үш рет ашып-жауып беріктігін, механизмін сынап көріңіз. Жіңішке таяқты, жиналмалы қолшатырлар желді күні тез майысып. Сынып қалуы мүмкін.

Пішіні де ескерілуі керек.

 Дене бітіміңізге, тіпті жас мөлшеріңізге орай қолшатырдың пішінін дұрыс таңдаңыз.

Көлеміне қараңыз.

 Бойыңыз аласа, толық болсаңыз, қолшатырыңыздың көлемді болмағаны жөн. Сондай-ақ денелі жандардың қолына ұстаған қолшатыры өзіне сай болғаны дұрыс. Көлемі үлкен, салмақты қолшатырлар баланың қолын тез талдыратынын ұмытпаңыз. Дизайнына мән беріңіз. Қарапайым қолшатырды мың құбылтып, сән берген дизайнерлердің қиялында шек бар ма?! Бүгінде көңліңізге қонымды қолшатырды табатыныңызға еш күмәніңіз болмасын. Қолға ұстайтын түрін қаламасаңыз, басыңызға телпек сияқты киілетінін немесе бүкіл денеңізді жауып тұратынын қарап көріңіз. Ол көңліңізден шықпаса арқаға асылатын сөмкенің ішінен шығып тұратын қолшатырлардың да бар екенін есіңізге саламыз.

 Сүйікті ертегі кейіпкерлерінің бейнесіндегі, күлімдеген көздері немесе қозғалып тұратын қанаты бар қолшатырлар балаларды қуанышқа бөлері анық. Ал өзіңізді гүл, көбелек сынды нәзіктік символы, асыл тастары, әдемі бедері бар сәнді қолшатырмен қуантыңыз. Киген киіміңізге үйлестіре қолшатырдың бір емес, бірнеше түрін алып қойыңыз. Жаңбырлы күні басыңызға күләпара кигенше сондай қолшатырдың бірін ұстап, сәнді көрініңіз.


Дереккөз : anabol.kz


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең қымбат картиналар
  • Еліміздегі жекеменшік телеарналардың көпшілігінің қазақшасы 30 пайызға да жетпейді...
  • Сәкен Сыбанбай: «Қолды болған 1000 доллар»
  • Жұмабек Тәшенов пен Ұлықпан Бәшеновтің арасында қандай байланыс бар?
  • Сезімнің оянуына не түрткі?
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: