Сені сүйгендіктен ғана...

image_l.jpg

Сені сүйгендіктен ғана...

Қолдағы барымды саған бермеймін. Себебі, сені сүйемін. Саған қолда барымды берсем, артынша ренжимін, өкпелеймін, жаныңа етене жақын бола алмай қалам. 

Сені сүйгендіктен ғана, ең алдымен өзімді ойлауды үйрендім. Себебі, өзімнің жағдайымды түгендеп алмай, саған түк бере алмаспын. 

Сені сүйгендіктен ғана, өмірімді түнек басса да саған жан-жүрегімді ашамын. Пейілімді бермесем, арамызға қамал қалана бастайды. 

Сені сүйгендіктен ғана, кейде сенен іргемді бөлек саламын. Жалғыздығымды сезінемін. Бойымдағы ауыр салмақтан құтылып, сені тыңдай беру үшін сенің құшағыңа рухани тазарып келем.

Сені сүйгендіктен ғана, ештеңені жасырмай, үнемі шындықты айтамын. Дер кезі мен сәтті уағын таңдап жүріп айтамын. Себебі, маған деген ниетің елестен арылғанын қалаймын. 

Сені сүйгендіктен ғана, ылғи сенімен ұрысып, тәжікелесемін. Көңілдегі дық ортамызға биік қабырға болып қаланбасын деймін.

Сені сүйгендіктен ғана... Өмірімді бір саған арнадым деп сені айыптамау үшін мен үнемі ізденістемін, өз менімді жетілдіремін. 

Сені сүйгендіктен ғана, менің бақытымның жауапкершілігін сенің мойныңа іліп қоя алмаймын. Мені бақытты етші демеймін. Сені де бақытты етуге талпынбаймын. Адамның бақыты – өзінің ырқы мен ықтиярында. 

Сені шын сүйгендіктен ғана, өзімді күштеп сен үшін ештеңе істемеймін. Сен мәжбүр еттің деп ренжімес үшін. 

Сені сүйгендіктен ғана сені өзіме өзгелерден мың есе артық жақындатамын. Менің әлеміме дендеп кірген сайын жаныма жара салуың оңай. Менің ашуым уақытша, оның бір демдік қана мақсаты бар. Менің ашуым – сені өлтіріп тастауды көздемейді, тек келісімге келейік деген белгі. 

Сені сүйгендіктен ғана, екеуміз екі бөлек адам болған соң ынтымақпен өмір сүрудің ережелерін ойлап тауып жүрем. Екі бөлек ғаламбыз. Бір ымыраға келіп өмір сүрейік деймін. 

Сені сүйгендіктен ғана, сенің жаныңда осалмын. Бұл әлсіздігімді сенен жасырмаймын. Себебі, тек осалдығымызды көрсету арқылы бір-бірімізге етене жақын боламыз. 

Сені сүйгендіктен ғана, сенің «осал тұстарыңа» төзімдімін, оларға ықтияттымын. Дертіңе дерт қосуға тырыспаймын. Жоққа да шығармаймын. Жан жараңды өзің жалап жазуға мүмкіндік қалдырамын. 


Аударған Шынар Әбілдә

Қабылан


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең қымбат картиналар
  • Еліміздегі жекеменшік телеарналардың көпшілігінің қазақшасы 30 пайызға да жетпейді...
  • Сәкен Сыбанбай: «Қолды болған 1000 доллар»
  • Жұмабек Тәшенов пен Ұлықпан Бәшеновтің арасында қандай байланыс бар?
  • Сезімнің оянуына не түрткі?
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: