✅ Адыраспан – түйетабандар тұқымдасына жататын, тарамдалған бұтағы мол, мыңжылдық шөптесінді өсімдік, оның жапырақтары кезектесе орналасады. Бозғылт-сары гүлдері жеке-жеке өседі. Жемісі қоңыр түсті, диаметрі 1 сантиметрдей шар тәріздес қауашақ. Биіктігі 30-60 сантиметрдей, мамыр-шілде айларында гүлдейді.
Қазақстанда, еліміздің батыс өңірінде, Кавказ бен Орта Азияда кездеседі. Негізінен сортаң далаларда, елдімекендерге таяу алқаптарда, сонымен қатар, құрғақ, тасты беткейлерде өседі.
Адыраспан құрамында улы гармин және гармалин алкалоидтары, гүлі мен бұтағында пеганин алкалоиды болады. Адыраспан – улы өсімдік, сондықтан оны тек дәрігердің нұсқауымен ғана пайдалануға болады.
✅ Кепкен адыраспан
Емдік мақсатта адыраспанның шөбін яғни сабағын, жапырақтары мен гүлдерін пайдаланады. Адыраспан – ежелден белгілі дәрілік өсімдік. Кезінде Ибн Сина оны сегізкөз жүйкесі қабынуы кезіндегі шаншуды басатын дәрі ретінде пайдалануға кеңес берген.
Халық медицинасында адыраспан ревматизм, қышыма және басқа да тері аурулары кезінде бұлау жасауға пайдаланылады, ал шөбінен жасалған қайнатпа суық тигенде, безгек ауруларына, жүйке жүйесінің әлсіреуіне және ұстама ауруларына ем болады. Адыраспанды кавказ халқы ұйықтататын дәрі ретінде пайдаланады. Оның шөбін жағып, түтінімен бас ауруын емдейді және жұқпалы ауру-сырқауы бар адам жатқан бөлмені ыстап залалсыздандырады.
Емдік қасиеті жағынан адыраспан Орта Азияда ертеден белгілі болған. Бұл жерде оның ұрығын зығыр тұқымымен қосып демікпені емдейді, қара немесе қызыл бұрышқа араластырып тері ауруларына қарсы жағады. Тер шығаратын дәрі ретінде, сонымен қатар ревматизмді емдеуге қолданады.
Адыраспан шөбінің қайнатындысы мен тұнбасы бас ауруды басып, адамды тыныштандырады, сырқатты асқындырмауға көмектеседі. Сонымен қатар, белге суық тигенде адыраспан көмегімен емдеуге болады. Ол үшін кептірілген, ұнтақталған 50 грамм адыраспан шөбін шүберекке түйіп, сыртынан қайнаған су құяды. Сәлден соң суын сығып, қалтаны жылы күйде белдің ауырған тұсына басып, үстіне қыздырғыш (грелка) қояды. Белді осылай күніне 30-40 минуттан бер рет булау керек. Бір қалта адыраспанды ыстық суға қайталап салып төрт рет пайдалануға болады.
Адыраспан улы өсімдік болған соң, оны емге ішкен кезде аса сақ болған жөн.
Дерккөз: http://qazaqsha.kz