Әрекет еткің келсе, күдіктің есігіне құлпы сал

vAK7ZogLLJI.jpg

1. Бәрін басынан бастау - бұл ессіздік емес. Ессіздік - өтірік бақыттымын деп өмір сүру. Сенің маңдайыңа тек диірменнің тасын арқалау жазылған деп өзіңді алдарқату.

2. Жал-жал толқынды ойдың қуатымен қақ жару – ғажайып емес, бұл сыйқыр. Егер жалғызілікті ана екі жұмыс жасап, шала-шабылып жүріп ұлын футболдың жаттығуына апаруға үлгерсе - бұл ғажап нәрсе. Егер жасөспірім бала өзі біліп есірткіге «жоқ», оқуға «иә» дей алса – бұл ғажап. Сендер, адамдар, өздерің үшін бар ауыр жұмысты менің істеп беруімді қалайсыңдар. Алайда, күш-қуаттың бәрі өз жүректеріңде тұнып тұрғанын сезбейсіңдер! Ғажайып көргің келе ме, балам? Ғажайып болу өз қолыңда! Бол! "Құдіретті Брюс" фильмінен үзінді

3. Әрекет еткің келсе, күдіктің есігіне құлпы сал. Фридрих Ницше

4. Кей адамның бейәдеп қылығын өзіне қайтарсаң, таң қалады.

5. Егер махаббат екеуара шынайы болса, барыңды салып сақта оны! Егер достарың адал болса, достықты бағала! Ата-анаңды қадірле, олар мәңгілік емес!

6. Гүлді жұлып едім, солып қалды. Көбелекті ұстап едім, өліп қалды. Сонда барып санамда бір ой жылт етті. Сұлулықты тек жүрекпен сезінуге болатынын ұқтым. Павел Гвездослав

7. Әңгімесі таусылған жұптар бір-бірін жоғалтады. Сыйламаса, махаббат гүлі солып қалады. Сенім жоқ жерде адамгершілік өледі.

8. Бүгін уақыт жоқ. Ертең қауқарың қалмас. Оның арғы күні өзің де кетесің. Ештеңені ертеңге қалдырма! Бүгінмен өмір сүр!

9. Кездейсоқ кездесу – бұл дүниедегі ең кездейсоқ болмайтын жайт. Хулио Кортасар

10. Адам баласы «сүйемін» дегенді әр түрлі сөзбен айтады. «Бауыңды байла», «қалпағыңды ки», «қолшатырыңды ұмытпа», «жеткенде хабарлас» және т.б. Тек жүрекпен тыңдай білсең, жақсы көрудің шынайылығын сезесің...

11. Көп адам сөзден іске көшетін көпірдің үстінде ұшты-күйлі жоғалады.

12. Әйелдер арасында достық бар ма? Ерлердің достығы несімен артық? Әйел мен еркектің арасындағы достық шынайы ма? Бәрібір емес пе... Сен ол адамсыз өмір сүре алмайсың. Болды. Оның бойы, ойы, басқасы қызық емес. Жаныңның егізін тапқанда осылай болады. Басқасы еш маңызды емес.

13. Сұлулық деген тілерсекке түсетін қолаң шаш, түзу аяқ, маржандай әппәқ тіс емес. Сұлулық - кеше жылап, бүгін күлуді ұмытпаған жанның жігері. Сұлулық – бала күніңде оңбай құлап тізеңді сырып алған жараның тыртығы. Махаббатыңды ойлап, түн баласы кірпік қақпай, таңертең көзің ісіп жұмысқа бару. Сұлулық – оятқышың шырылдағанда атып тұру. Сұлулық – нөсердің астында қалып, бетіңді бояу айғыздауы. Сұлулық – үрейлі сәтте көптің ішінен оның көзін көріп күлімдеуің. Сұлулық – уақыт салған әжімдерің. Сұлулық – жүрекпен сезген нәрсенің әлпетіңе шығуы. Сұлулық – өмірдің жаныңа салар терең ізі, бар уайымың мен қуанышың. Сұлулық – өзіңе шынайы өмір сүруге рұқсат беру. @Эмма Уотсон.

14. Тәкәппарлық – жанның дерті, мойынсұну – жанның саулығы, дұға – оның шипасы.

15. Адам баласына деген қара ниеттен жүрегіңді таза ұста. Адамды жек көре жүріп өз жаныңды улайсың. Сол у ерте ме, кеш пе бойыңдағы адамдығыңды өлтіріп тынады. Ошо

16. Адамды танығың келсе, оның өзінен төмен тұрған пенделерге деген пейіліне қара. Джоан Роулинг

17. Жаппай өтіріктің дәуірі жүріп тұрғанда шындықты айту – экстремизм. Джордж Оруэлл

18. Жүрекпен сараланбаған сөзді ауыздан шығарма. Өйткені, әңгімеде мүлт кеткенше, ойша сүрінген абзал. Ахикар

19. Адамды үш жағдайда қапысыз тануға болады: тыныштықта - барлық жасандылықтан арылады, құмарлық сәтінде - күллі ережені ұмытады, кездейсоқ жағдайда - әдеттерінің бәрі естен шығады. Френсис Бэкон

20. «Менің қолымнан келмейді» деген сөзді ұмыту керек. Бір адам жасағанды келесісі де жасайды. Сізге дейін ешкім жасамаса, сіз бірінші боласыз.

21. Ешқашан кеш болмайды. Тек енді керек емес болып қалады.

22. Ештеңеде мәңгілік еместігін түсінген адам ештеңеге жармасып, уысында ұстауға тырыспайды.

23. Ой-санаңды өкпе-реніштерге толтыра берме, әйтпесе өмірдің керемет сәттеріне орын болмай қалар.

24. Өзгенің өмірі - бөтен үйдің терезесі іспетті. Терезенің алдында гүл өсіп тұрғандықтан ар жағы жұмақ деп дәмеленбе.

25. Риясыз сенген әр адамның қолына өз еркіңмен өткір қанжар ұстатқаның. Лыпып тұрған қанжармен сені қорғауы да мүмкін, бауыздауы да ықтимал. Омар Хайям

26. Әділетті болу үшін алдымен мейірбан болу керек. Мейірбан болу деген сүрінбейтін тұяқтың болмайтынын түсіну. Адамның бәрі қателеседі. Омар Хайям

27. Отынды өзің жарсаң, екі қайтара жылынасың. Генри Форд

28. Біздің күнделікті жаңалық алмасу әдетіміз өзгерген жоқ. Бірақ сөйлесуіміз қысқарып, хабарласу мәнері тек көңіл үшін ғана бар екені рас. Бірақ мен сені сол үшін айыптамаймын. Бұл сенің маған деген аяушылығың екенін түсінемін. Бұзылған аспап әрдайым жалған дыбыс шығарады. Одан да үндемесін. 

Кобо Абэ

29. Көп сөйлейтін адам оңай оқылады.

30. Әйел деген от. Қараусыз қалдыруға болмайды. Не өшіп қалады. Не бәрін өртейді.

31. Шын сүйгендер бізге ештеңе үйретпейді. Бәрін үйреткендер - сүйе алмағандар. Линор Горалик

32. Тағдыр сыйлайтын ең үлкен сый - "бар болғаның үшін мың алғыс" дей алатын адамдарыңның қасыңнан табылуы. Эрсин Таезджан

33. Өкпелету оңай! Сүйектен өтер бір сөз айтсаң жеткілікті. Ал, сосын сол ренжулі жүректің жарасын жазуға ғұмырың жетпейді. Эдуард Асадов

34. Егер бақытты отбасың болмаса, байлық пен атақтың құны көк тиын. Ава Гарднер

35. Кетісу деген соңғы нүкте емес. Кетіскен соң қайтып келме, шамаң жетсе. Овидий

36. Адамның болмысы қызық. Жаныңның жарығын жағатын кісі табылса, бәрі мүмкін болады. Ж.Лафонтен

37. Жанымыз қиналса, "басқаның күні ілгері" деп өзімізді жұбатамыз. Бірақ жағдайымыз түзелгенде, "біреу қиналып жүр-ау" деп ескермейміз. Василий Шукшин

38. Жүзіңіздің жылы болуы киген киіміңізден әлдеқайда маңызды. Дейл Карнеги

39. Тыныстағаның - тірі жүргенің. Сүйгенің - өмір сүргенің. Эдуард Асадов

40. Жанның ақылдан айырмашылығы - ол бос ойға уақыт алдырып, текке есеп жүргізбейді. Жан - сезеді және біледі, сондықтан қателеспейді.


Афоризм кітабынан

Аударған Шынар Әбілдә

Қабылан ақпараттық порталы



Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең қымбат картиналар
  • Еліміздегі жекеменшік телеарналардың көпшілігінің қазақшасы 30 пайызға да жетпейді...
  • Сәкен Сыбанбай: «Қолды болған 1000 доллар»
  • Жұмабек Тәшенов пен Ұлықпан Бәшеновтің арасында қандай байланыс бар?
  • Сезімнің оянуына не түрткі?
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: