«Қарамағындағы қызметкері жемқорлықпен айыпталса бірінші басшы жауапкершілікке тартылатынын» өзі айтқан облыс әкімі Әшімов енді қандай шешім қабылдар екен?
Мешкей деген жақсы ат емес. Өкінішке қарай өткен жылдың алғашқы 7 айымен салыстырғанда биыл Оңтүстік Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлық бойынша жасалған қылмыс 46,5 пайызға өсіп, 186 қылмыс тіркелген. Басқаларға бас-көз болып, шалыс қадамға бармауға шақыратын әкімдердің өзі «тәспісінен жаңылу» жағынан өзгелерден оқ бойы озып тұр. Халықтың аманатын арқалап, атқа қонғанда ардан аттамауға ант-су ішетін әкімдер бүгінде «әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қағиданы «әкім бол параға жақын бол» деп өздері өзгертіп алған. Соңғы бір жылдың төңірегінде пара алу үстінде ұсталған он шақты ауыл әкімін қоспағанда үлкен дау-дамаймен мәслихат депутаттары сайлаған Созақ ауданының әкімі, Шардара, Жетісай қаласының әкімдері сияқты ірі шенеуніктер құқық қорғау органдарының құрығына ілікті. Күні кеше экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қызметкерлері жанар-жағар май құю бекетін соғу үшін 0,15 гектар жер телімін сұраған адамнан 4000 АҚШ долларын талап еткен Кентау қаласының әкімін қызметтік кабинетінде қолға түсірді.
Іскерлігімен танылған Шардара ауданының әкімі Серікбай Ибадуллаевтың қызметінен босатылуына Шардара қаласының әкімі парамен ұсталуы «септігін тигізгенін» жұртшылық жақсы біледі. Жетісай қаласының әкіміне жер теліміне өтініш жазған тұрғыннан 16000 АҚШ доллары мен 80 мың теңге пара талап етті деген айып тағылғанда аудан әкімі Омарбек Нұржанов «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» әдетімен сөгіспен құтылып кетті. Оған мұндай келеңсіздік енді қайталанса, аудан әкіміне қатаң шара қолданылатыны ерекше ескертілген еді. Көп ұзамай Мақтаарал ауданындағы Ынтымақ ауылының әкімі жер телімін 95000 теңгеге саудаға салу үстінде қармаққа түсті. Алайда алқалы жиын үстінде «бұдан былай қарамағындағы қызметкері айыпталса бірінші басшы да жауапкершілікке тартылатыны туралы» қадап айтқан облыс әкімі Нұрғали Әшімов сын сағатта үнсіз қалды. Ер екі сөйлемейтінін, айтылған сөз – атылған оқ екенін білетін ел әкімнің неге әрекетсіз қалғанын түсінбей жүргенде міне тағы бір келеңсіз оқиға кездесіп отыр. Бұл жолы «қармақ қапқан» қала әкімі тікелей облыс әкімінің қарамағына қарайтын шенеунік. Облыс әкіміне бағынатын құрылыс департаменті директорының да пара алу кезінде құрыққа іліккеніне көп бола қойған жоқ. Демек арғы жағын тарқатып айтпасақ та белгілі. Белгісіздігі сол Әшімовтің енді өз сөзіне байланысты өзі қандай шешім қабылдайтындығы.
Сыбайлас жемқорлықтың түп-тамырына тереңірек үңілсек оңтүстіктегі қылмысы әшкереленген әкімдердің түгелге жуығының түбіне « жер дауы» жетіп жатыр. Жер телімін сұраған адамнан пара талап еткен әкімдер бірінен соң бірінің қылмысы әшкереленсе де жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың асқынғаны соншалық ащы сабақтан қорытынды шығаруды ойлаған атқамінер аз. Қарапайым халықтың қаншама жылдар бойы қолы жетпей жүрген мемлекеттің жерін әкімдер әкесінен қалған мұрадай саудаға салуды, талан-таражға түсіруді тоқтатар сыңайы сезілмейді. Шымкент қаласының екі бірдей экс-әкімінің үстінен жер дауына қатысты қылмыстық іс қозғалғаны да бекер деймісіз. Шектен шыққан шенеуніктерді жауапқа тартуда Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі департаменттің қарқыны күшті болып тұр. Әйтеуір көрсеткішпен көзге түсу үшін асыра сілтеуге барудан аулақ болса дейміз. Осы департаменттің басшысы Мұратқали Хайруллин алқалы жиындардың бірінде «жинақталған ақпараттар іс жүзінде пайдаланылып, шара қолданылса аудан-қала әкімдерінің тең жартысы құқық қорғау органдарының құрығына ілігеді» деп әкімқаралардың зәре-құтын қашыратын әңгіме айтқан болатын. Оның әңгімесі сөз күйінде қалмай шетінен жүзеге аса бастағаны байқалады. «Келесі кезек кімдікі?» дейтін сауалдың жауабын таппай оңтүстіктегі әкімқаралар бүгінде күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылуға көшкенін көпшілік айтып жүр.
Ғалымжан Елшібай,
"Жас Алаш" газетінің ОҚО-дағы меншікті тілшісі