Қазақстан Тәжікстанға әскери-техникалық көмек көрсетеді

Screenshot_3.jpg

ҚР Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Тәжікстан Үкіметі арасындағы Өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасы қабылданды. 

Келісімге 2018 жылы 27 желтоқсанда ҚР Қарулы күштерінің жоғарғы бас қолбасшы тапсырмасын және тәжікстандық тараптың әскери-техникалық көмек көрсету жөніндегі сұранымын жүзеге асыру мақсатында қол қойылды. 

«Келісім Тәжікстан тарапына әскери мүлікті, яғни оқ-дәрілерді, авиациялық зақымдау құралдарын, артиллериялық аспаптарды, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс мүлігін, тылдық әрі медициналық мүлікті бір реттік өтеусіз беруді көздейді. Қазақстан жағы әскери мүлікті Жамбыл облысының «Отар» станциясынан Тәжікстанның Душанбе қаласына дейін теміржол көлігімен тасымалдауды қамтамасыз етеді және оған кететін шығындарды өздері көтереді. Қазақстан тарапы әскери мүлікті немесе оны пайдалану құқығын үшінші тарапқа бермейді», - деп айтты ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров. 

Ол Тәжікстанға әскери-техникалық мүлікті беру Қазақстан Қарулы Күштерінің жауынгерлік даярлығы мен елдің қорғаныс қабілеттілігіне еш әсерін тигізбейтінін атап өтті. Себебі қоймаларда берілетін мүлік қажетті көлемде бар. 

«Тәжік-ауған шекарасына іргелес аудандардағы қауіпсіздік саласындағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты әскери-техникалық көмек көрсету – Тәжікстан қарулы күштерінің осы қауіптерді қайтаруға деген мүмкіндіктерін және Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін күшейтуге ықпал етеді», - деп айтты Мұхтаров. 

Парламент Сенатының депутаты Талғат Мұсабаев Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасындағы жағдай күн сайын нашарлап келе жатқанын айтып, келісімді ратификациялау Тәжікстан шекарасын күшейтуге және Орталық Азия аймағын қорғауға үлес қосатынын жеткізді. 

«Есірткі тасымалдайтын лаңкестік топтар шекараны жиі бұзуда. Жақында елордамызда өткен ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының кездесуінде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Ауғанстандағы есірткі өндірісінің дамып келе жатқанын атап өтіп, үлкен халықаралық кездесулерде осы сұрақты көтеріп жүр. Сондықтан тәжікстандық тарапқа осы көмегіміз өте қажет деп санаймын. Тәжікстан алған әскери мүлікті үшінші тарапқа бермеу туралы талап қарастырылған», - деп сөзін түйіндеді Мұсабаев.

Дереккөз: Baq.kz

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Президент «Жусан» операциясы бойынша мәлімдеме жасады
  • Назарбаев Қызыл алаңдағы әскери парадқа қатысты
  • Бүгін Сенат төрағасы 56 жасқа толды
  • Түркістанның сауда орындары қала сыртына көшіріледі
  • Шөкеевтің өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: