Бүгін Сенат спикері Дариға Назарбаев Парламент Сенатының бюросын өткізді. Бюро отырысында Мәжілістен түскен заң жобалары Палата комитеттеріне бөлініп берілді. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.
Қаржы және бюджет жөніндегі комитет «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2019-2021 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңға өзгеріс енгізу туралы» және «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бойынша бас комитет болып белгіленді.
Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын одан әрі пысықтайтын болды.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті жауапты болып белгіленді.
Бюро отырысында Парламент Сенатының 28 наурызда болатын отырысының күн тәртібіне Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаты Қ.Қожамжаровтың ант беруі және оны Сенаттың тұрақты комитетінің құрамына сайлау туралы; Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік тұрақты комитетінің төрағасын сайлау туралы мәселелерді енгізу ұсынылды.
Парламент жоғарғы палатасының Төрағасы Дариға Назарбаева 4 сәуірде болатын отырыста қаралатын республикалық бюджетке түзетулерге әріптестерінің ерекше назарын аударды. Сенат басшысы палатаның тұрақты комитеттерінің төрағаларына комитет отырыстарында осы мәселені уақытында әрі жан-жақты қарауды тапсырды.