Тоқтар Серіков осы өмірде жары Бейбітті кездестіргеніне дән риза. Әнші жар таңдауда және мамандық таңдауда қателеспегеніне сенімді. Айтуына қарағанда, өнерде жүрген азамат үшін серігінің әрдайым жанында жүргені маңызды.
Бұл туралы stan.kz "Хабар" арнасының "Ережесіз әңгіме" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Егер де жарым қазақтың қарапайым қызы болғанда, қазан-ошақтың қасында жүретін әйел болғанда, онда менің бағымның қаншалықты мықты болатынын білмеймін. Өнер адамының әйелі бірге жүргені жақсы. Әйтпесе, Ерке (ред. Есмахан) сияқты сұлу қыздарға қай еркек көз салмасын? Мың жерден тәқуа болайық, намаз оқиық, құлшылық қылайық, көз деген жыбырлап тұратын құрт қой. Сол кезде әйел қасыңда болуы керек. Бір сәт көрініп, басыңның бос емес екенін, ауыздығың бар екенін, тізгін біреудің қолында тұрғанын сезінуің керек. Сондай сәттерде жарымның өнер адамы болғанына қуанамын", - дейді Серіков ағынан жарылып.
Иә, Серіков сұлу қыздарды көргенде өзгеріп шыға келетінін жасырмайды. Әйткенмен тәубесіне келтіретін келіншегі - жанында болғандықтан, есін тез жиятын көрінеді.
"Ол мені түсінеді. Кейде қыздарды көрген кезде қылмыңдап сөйлеп қойғанымды байқамай қаламын. Сондай кезде күліп, ішек-сілесі қатады. Оған: - Сен өтірік айта алмайсың, ең бірінші қасиетің, көзіңнен көріп тұрамын, - деймін. Сондықтан екі дүниеме өкінбеймін. Таңдаған өнеріме және таңдаған келіншегіме өкінбеймін", - дейді Тоқтар.
Әнші жұбайына зекіп сөйлемеуді өмірде қатаң ереже етіп ұстанады екен. Айтуынша, бала әкесінің анасына қатты сөйлегенін көріп өссе, әкесінен алшақтай түседі екен.