Нұх пайғамбардың кемесі жайлы түрлі аңыз әңгімелер, болжамдар бар.
Қытай ғалымдары осы аңызды ақиқатқа айналдырдық деп отыр. 4 мың метр биіктіктегі Арарат тауының шыңын әбден зерттеген қытай археологтары кемеге ұқсайтын қалдықтарды тапты. Арнайы жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде бұл қалдықтардың осыдан 4 800 жыл бұрын жасалғаны анықталыпты. Ғалымдар өздері ашқан жаңалықтарына сенімді екендерін алға тартқан мәлімдемелерін ақпарат құралдары арқылы таратып та үлгерді.
2006 жылы американ ғалымдары да осындай мәлімдеме жасаған болатын. Олар Нұх пайғамбардың кемесін Иранның солтүстік-батысындағы Эльбрус тауынан таптық деген еді. Бірақ адамзаттың бесігін іздеушілердің көпшілігі Нұқ пайғамбардың кемесі Арарат тауында деген пікірді қостайды. Тіпті «Арарат аномалиясы» дейтін ұғым да қалыптасқан. Бірақ адамзаттың алтын бесігі туралы аңыз әлі де ғылыми дәлелін таба алған жоқ.
Ал, қазығұрттық жазушы Қалаубек Тұрсынқұловтың «Қазығұрт» атты кітабында Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауында жатқаны жайлы былай деп айтылады. "Аңыздарға қарағанда Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауында қалған. Бұл әрине, Нұх пайғамбардың кемесі туралы адамзат мифиологиясындағы бірнеше нұсқаның біреуі ғана. Бірақ кеменің қайда жатқаны туралы ешқандай дәлел жоқ. Сондықтан да Нұх пайғамбардың кемесінің Қазығұртқа тоқтағаны туралы нұсқаны ешкім әлі жоққа шығарған жоқ».
Жандос Қалдыбек,
"Рейтинг" газеті №15, 29 сәуір 2010 жыл