Кереку өңірінен қаншама таланаттардың түлеп ұшты десеңізші. Кереку атақты әнші Майраның туған жері. Сол әнші Майраның ізін басқан әнші Мария қазір Қазақстанның атын бүкіл әлемге танытып келеді. Мария Мудрякты ән әлемінің көгінде пайда болған таңшолпан дерсіз.
Қазір Италияда білім алып жүрген павлодарлық талантты әнші Мария Мудряк Қазақстанның атын әлемге әйгілі етіп келеді. Ол осы жуырда ғана Генуя қаласындағы атақты Карло Феличе театрында алғаш рет өнер көрсетті. Мария өткен жылы Пьенца қаласында өткен халықаралық опера әншілерінің байқауында 130 орындаушының арасынан суырылып шығып, аталған театрдың арнайы жүлдесін жеңіп алған болатын. Сол кезде оған Лоренцо дэ Понтенің либреттосына жазылған Моцарттың «Фигароның үйлену тойы» атты опералық қойлымның басты рөлін сомдауға ұсыныс түскен.
--Генуя театрында өнер көрсететін алғашқы қазақстандық екенімді мақтан етемін. Сондықтан Отанымның атын әлемге әйгілеуге бар өнерімді саламын. Әрі жерлестерімнің әрқашан менің тілеуімді тілеп жүретініне ризамын, - депті журналистерге әлемдік ең жас опера әншісі Мария Мудряк.
Тағдыр Машаны бес жасында-ақ әлемге атақты етті. Иә, ол бес жасында Гиннесстың рекордттар кітабына өзінің алғашқы әндерін лазерлік дискіге жазған әлемдегі ең кішкентай әнші ретінде енген. Ал, ол бірінші рет байқауға 4 жа¬сында қатысып, топ жарыпты. 1998 жылы отбасымен бірге дема¬лыспен Ялтаға барған Ма¬ша кішкентай балаларға арналған «Қара теңіз» фестиваліне қатысуға ниет білдіреді. Алғашқы іріктеу айналымы өтіп кетсе де, конкурсты ұйымдастырушылар Қазақстаннан келген қаршадай қыз¬дың талабына риза болысып, оны сахнаға ережеден тыс жіберуге келісімдерін беріпті. Төрт жасар қыздың көмейінен шыққан кең диапазонды естіген көрермендер мен продюсерлер аңтарылып қалған. Ата-анасы осыдан кейін Машаны басқа да байқауларға қатыстырып, талабын ұштай түседі. Сөйтіп, небәрі екі-үш жылдың айналасында алыс-жақын шетелді қос¬қанда жиырма шақты конкурсқа қаты¬сып үлгерді. Соның ешқайсысынан құралақан қайтпағаны өз алдына, талант¬ты жазбай танитын сұңғыла музыкант-тар мен продюсерлердің жоғары бағасын алып жүрді.
Маша қазақтың бұлбұл үнді көптеген әншілерінің бағасын да, батасын да алған талант. Астанада тәуелсіздіктің он жылдығына орай өткен концертте «Қазақ вальсін» құйқылжыта шырқаған ол әйгілі әнші Бибігүл Төлегенова апасы¬ның разылығына бөленеді. «Маша оперବда өте қиындық тудыратын «си» нотасын 7 жасында еркін алып тұр. Менің өзім ол деңгейді тек 17 жасымда меңгердім» деп ағынан жарылған Б.Төлегенова оған ақ батасын беріпті.
Он жасында Мария Миландағы атақты «Ла скале» театрына қарасты музыка және театр академиясына қабылданды. Жас қыздың білімін шетелдік таңдаулы музыка оқу орындарында жалғастыруына Елбасының өзі де тікелей тапсырма берген көрінеді. Мария көп ұзамай-ақ, «Болашақтың» студенті ретінде Италияға қуана-қуана ат¬танды. Мемлекет оның оқу ақысын толығымен төлеп, бұдан бөлек айына 1 мың евро көлемінде стипендия тағайындады. Орта білімді Милан¬дағы таңдаулы лицейлердің бірінде алып, өнерін шыңдайтын дәрісті Ла Скала театрының жанындағы жоғары музыка академиясында тыңдайды.
Маша кейіннен «Болашақ» стипен¬диясына екінші мәрте ие болды. Екінші жолдама да Елбасының қолдауымен берілді. Бұл жолы ол білімін Миландағы Д.Верди атындағы мемлекеттік консерваторияда жалғастырды.
2011 жылы Мария орындаушылардың ұлттық байқауында топ жарып, Италияның ең жас әншісі деген атақты жеңіп алды. Байқаудың финалында ол әлемге танымал әнші Тото Кутуньомен бірге ән салды. Керекуден шыққан Мария қазір әлемде ең танымал деген опералық әншілердің тізіміне еніп отыр. Бұл жалпы Кереку үшін, Қазақстан үшін үлкен мақтаныш.
Маша былтыр Нидерланды аста¬насы Амстердамда өткен «Belvedere» байқауына қатысты. Классикалық ән додасының ерекшелігі сол, оған дүние жүзінің елу шақты мемлекетінен үш мыңнан астам үміткер қатысып, ақтық мәреге тек 160-ы ғана жіберілген еді. Рим мен Миландағы іріктеуге келген 500 үміткердің арасынан озып шыққан Мария Мудряк ақтық сында айрықша даралығымен танылды. Сөйтіп, әлемнің үздік сопраноларының ондығына ілікті.
Биыл ақпанда Маша Италияның Комо қаласында өткен AsLiCo хзалықаралық конкурсында жеңімпаз атанды. Осы конкурстан соң мамандар Машаның даусында адамды өзіне еркісіз баурап алатын қасиеті бар екендіктерін айтумен болыпты. Машаның әкесі Александр Мудряктың айтуынша, Итальяның «Corriere di Сomo» газеті мен басқа да айтулы басылымдар 19 жасар қазақстандық әншіні жас опера әншілеріна арналған конкурстың «бойтұмары» деп атаған. Қайталанбас дауысы мен орындау шеберлігінен басқа, музыка сыншылары оның көрермендердің ыстық ықыласына бөлене білу қасиетін де жоғары бағалаған. Маша осы конкурста «Көрермендер көзайымы» марапатына да ие болған. Ал Милан мемлекеттік консерваториясы Құрмет тақтасында өздерінің бұрынғы студенті Мария Мудактың суретін іліпті. Олар өздерінің таланатты шәкіртті тәрбиелеп шығарғанына мақтаныш сезімдерін осылай білдіріпті. Бір айта кетері, М.Мудряк бұл шараға қатысқан жалғыз азиялық әрі Қазақстан азаматы болды. Бұл жеңісінен соң Мария Еуропаның шығармашылық жобалар, фестивальдар мен концерттерге шақырылатын опера әншілерінің тізіліміне енгізілді.
Қазір Мария Генуя қаласындағы Карло Феличе театрындағы жас опера әншілерінің труппасында тер төгуде. Жастайынан талантымен әлемді таңдай қақтырған Машаның ендігі жоспары Еурпаның таңдаулы сахналарында жүріп қазақ елінің атын шығару. Бәлкім, Астанада опера театрына келіп жұмыс істеу де мүмкін. Маша қайда жүрсе де туған отанын, туған жері Керекуді сағынышпен еске алады.