"Сәт триосы" - тағдыр шыңдаған таланттар

Screenshot_5.jpg

Сапарбай, Азат, Тұрар – «Сәт триосы. Шын талант қайда жүрсе де еленбей қалмайды. «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды». Әнсүйерқауымның жүрегін жаулаған «Сәт» туралы әңгіме айтқанда осы сөздер еріксіз еске түседі. 

«Сәтпен» алғаш рет  белгілі әнші Алтынбек Тәшімбеттің концертінде жолықтық. Қаршадай ғана үш жігіттің өнеріне зал зор қошемет көрсетіп, оларды сахнадан түсіртпей қол шапалақтап ұзақ тұрып алды. Әлдебіреулердің жанары жасқа шыланды... Сапарбай, Азат, Тұрар зағип жандар. Өздері Шымкенттегі көзі нашар көретін балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатының тәрбиеленушілері... Бір жағы аянышты, бір жағы таңқаларлық. Бұл жас таланттардың елге танылуына жан-жақты қолдау жасап келе жатқан жомарт жүректі азамат, облыстық мәслихаттың депутаты Мұхтар Оразалиевті атап айту қажет. «Сәт» триосы Мұхтар Оразалиевтің туындыларын да орындап жүр.

- Мен жігіттерді былтыр «Қазақстан-Шымкент» телеарнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасынан көрдім, - дейді «Сәт» триосына продюсерлік көмек көрсетіп жүрген Нұржан Қожабеков. - Хабарда «Сәт» триосының Астанада өткен республикалық «Жұлдызай» ән байқауында бас жүлдені жеңіп алғаны және оларға қолдау көрсететін азаматтардың табылмай жатқаны туралы айтылды. Іле-шала «Үміт» мектеп-интернатына барып, оларға музыкадан сабақ беретін мұғаліміне, директорына жолықтым.  Тумасынан тағдырдың тәлкегіне ұшыраған балалардың болашақта өнерде өз орындарын табуына атсалыссам, биікке көтерсем дедім. Бастапқыда балаларды үлкен әншілермен сахнаға қатар шығару қиынға соқты. Үзілді-кесілді қарсылық танытқандардың араында республикаға аса танымал әнші-жұлдыздардың да бары жаныма батты.  Осы ретте Алтынбек Тәшімбетовке алғысымды айтқым келеді. Ең алғаш рет концертке қатысуға мүмкіндік берген сол. Қазір трионы әншілердің өздері шақыратын болды. 

Көп кешікпей «Сәт» триосы Республика сарайының сахнасынан ән шырқап, аты аңызға айналған әншілердің батасын алды. Сонымен қатар, облыстық, республикалық деңгейдегі бірқатар байқаулардың жеңімпазы атанды. 

- Әрине, сахнаға шығу – Азат, Сапарбай мен Тұрар үшін үлкен бақыт. Қазір  кейбір продюсерлердің пиғылы белгілі ғой. Бірді-екілі бейнеклип түсіріп, осы арқылы той-томалаққа барып, нәпақа табу. Менің  мақсатым басқа. Әлемде зағип жандардан әнші шыққанымен, трио болмаған. Сондықтан, мен «Сәт» триосын сахнаның төрін мойындататын топқа айналдыру, - дейді топтың продюсері.   

«Сәт»  триосы халықаралық дәрежеде де танылып үлгерді. Санкт-Петербург қаласында өткен «Кастальский ключ» атты халықаралық фестивальға қатысқан «Сәттің» жігіттері әділқазылар алқасын ғана емес, мыңдаған көрермендерді де тамсандырып, бас жүлдемен оралды. Алайда, жеңіс оңай жолмен келген жоқ. Бұл жайлы балаларды өнерге баулыған ұстаздары, музыкалық жетекшісі Тамара Шілдерханова былай дейді. 

- Біз Ресейдегі халықаралық байқауға жан-жақты дайындалдық. Фестивальдің тәртібі бойынша, екі түрлі ән орындау керек болса, соның бірі орыс тілінде шырқалуы қажет. «Туған жер» әнін  жаздырдық та, орысшаға келгенде қиналып қалдық. Санкт-Петербургке жеткенше  тілімізді сындырып, төрт күн бойы орысша әнді жаттап бардық. Алайда, байқаудың ұйымдастырушылары бізді қатыстырмайтын болып шықты. Себебі, фестивальге тек дені сау балалар қатыса алады екен. Оның үстіне, біздің алдын-ала жіберген бейнетаспадан балалардың қалай ән айтатынын көріп, бірінші орынды жеңіп алуымыз мүмкін екенін түсінді.  Дегенмен, біз мыңдаған  шақырым жолды тек гала-концертте ән айту үшін жүріп өткеніміз жоқ. Ұйымдастырушылармен  айтысып жүріп  байқауға қатысатын болдық. Біздің трио өзге қатысушылардан көш ілгері  болғанын барлығы бірауыздан мойындап, фестивальдің бас жүлдесі бізге бұйырды. 

Бүгінде жас жеткіншектердің қоржынында 8 ән бар. Соңғы шыққан «Көнеміз ғой» әнінің  бейнеклипінде Азат, Тұрар мен Сапарбайдың өз өмірлері бейнеленген. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтің сөзіне  ән шығарған Садық Қынат  «Қазпочта» АҚ Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының  қатардағы қызметкері. 

- Мен кәсіпқой композитор емеспін, арнайы білімім жоқ, - дейді әннің авторы. -  Алайда, әнге деген қызығушылығым үлкен. Өзім жазған 30 шақты  әннің 25-сі  Мұқағалидің өлеңдеріне шығарылған.  Бірде  «Сәт» триосының продюсерімен жолығып қалып, ол маған ән жазып беруімді өтінді. Бұған дейін жас жеткіншектердің шығармашылығымен аз-кем таныс едім. Үйге келіп, Мұқағалидің өлеңдер жинағын парақтай бастадым. Сонда «Көнеміз де..» өлеңіне бірден назарым ауды. Мәтіні де дәл осы топқа арналып жазылғандай. Өлеңге бір ғана өзгеріс енгіздім. 

Кезбе бақыт кездесіп қалса бізге, 

Тепе-тең ғып екіге бөлісеміз!, - деген жерін  «тепе-тең ғып үшке бөлісеміз» деп аяқтадым. Бұл әннің аз уақыт ішінде  танымал дүниеге айналатынын өзім де күтпеп едім. Нағыз әнші әнді жүрекпен орындайды.  Осы қасиет Азат, Сапарбай мен Тұрардың бойында бар. 

Жуырда топ мүшелері тағы бір белестен көрінді. Азат, Сапарбай мен Тұрар режиссер Руслан Байтөлешовтың «Тағдыр» атты фильміне түсіп, өздерін сомдап шықты. Қазір  «Сәт триосының жігіттері  төрт жаңа ән жаздырып жатыр. Бұйыртса, күзге жақын тұңғыш альбом да жарық көреді деген үміт бар. 

Ғалымжан Қамытбекұлы

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең үлкен энциклопедиялық сөздік
  • Әлемдегі ең қымбат кітапты Билл Гейтс қаншаға сатып алды?
  • Әлемде қай жазушының кітабы 2 млрд. данамен тараған?
  • Әлемдегі ең ауыр кітап жинағы қай мемлекетте?
  • Әлемдегі ең «ақылды» көпір
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: