Келіннің сәлем салғаны Құдайға серік қосқандық па?

2018100815250166897_zczrr7nwfha-620x412.jpg    

Қазақстан тәуелсіздік алған соң дін мәселесін реттеу мақсатында арнайы заң қабылдады. Бірақ ол заңның осал тұстары болды. Ол әсіресе, кейінгі жылдары қатты байқалды. Мәселен заңда азаматтарға діни сенім-нанымға қатысты тым көп еркіндіктер берілген. Осыны пайдаланған шетелден келген, өз ішіміздегі пиғылы жаман азаматтар ислам дінін бұрмалап, теріс діни ағымдарды қаптатып жіберді. Жетпіс жыл бойғы атеистік тәрбиенің жемісі шығар, халықтың «діни иммунитетінің» төмен болғандығы рас. Жастар түгілі аға буынның өздері діннің не екенін, тарихын, ерекшелігін білмеді, діни сауаттылық мүлдем нашар еді. Тіпті қазақтың салт-дәстүрін дінге қарсы қойғандар да кездесті. «Беташарда келіннің сәлем салғаны  дұрыс емес, ол Құдайға серік қосқандық, қарапайым адамға табынушылық» дегендер де табылды. Келіннің сәлем беруі ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүріміз. Ол біреуге табынушылық емес, үлкенге құрмет көрсетудің белгісі емес пе?! 

     Осындай қарама-қайшылықтардан кейін  халық ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін біле алмай шатасып қалды.  Міне, осы дағдарып тұрған сәтті миссионерлер өз мақсаттарына пайдаланып қалды. Көп азаматтарды өздерінің шырмауына түсіріп, адастырып жіберді. Әсіресе, әр нәрсеге еліктеп тұратын жастар қауымын. Жастарда мынау жақсы, мынау жаман деп таңдайтын жағдайлары болған жоқ. Себебі елге шынайы ислам дінін түсіндіріп, халықтың көзін ашатын адамдар болмады. Мыңдаған адамдар діни секталдардың соңында кетті. Осылай-осылай бұл жағдай Қазақстанда ушығып тұрған мәселеге айналды. Уақыт талабы мемлекетімізде  жаңа заңның, жаңа құрылымның қажет екенін ұқтырды.  Дін істері агенттігі құрылды. Оның облыста өкілдіктері, яғни дін істері жөніндегі департаменттер жұмыс істей бастады. Біздің облыста да осындай департамент халыққа қызмет етті. Департаментте алты штат ашылып, аудан, қалалармен тығыз байланыста жұмыс істедік.  Облыстық ішкі саясат басқармасымен, басқа да құзырлы органдармен бірлесіп, біраз жұмыстарды атқардық. Енді міне, Үкімет тағы  арнайы шешім қабылдап, дін істер жөніндегі департаменттерді облыс әкімдігінің қарамағына басқарма ретінде өткізді. Бірақ біздің алға қойған міндет-мақсатымыз өзгерген жоқ.  Ол ел арасындағы бейбітшілік, тыныштықты сақтау, халыққа дін саласында барынша ақпарат беру, діни проблемаларды шешу болып табылады. Біздің мамандар облыстың діни ахуалының картасын жасады. Шешімін таппаған нендей мәселелер барын, оны шешудің жолдарын қарастырды. 

    Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында қайта тіркеуден өткен 59 діни бірлестік бар. Олардың дені исламдық емес, яғни православиелік, католиктік  діни бірлестіктер. Исламдық бағытта діни бірлестік республикада жалғыз. Ол--Қазақстан Республикасының Мұсылмандары діни басқармасы. Сол басқарманың облысымызда 758 филиалы бар. Филиал деп отырғанымыз мешіттер. Жоғарыда айтып кеткендей біздің қазіргі басты мақсатымы--халықтың діни сауаттылығын арттыру. Қоғаммен етене байланысып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді бастадық. Осыдан екі жыл бұрын облыс әкімдігінің жанынан ақпараттық насихат жүргізетін топтар құрылған болатын. Сол топтың атқарып жатқан жұмыстары орасан. Олардың құрамында ардагерлер, ақсақалдар, билер, елге танымал азаматар және мамандар бар. Сол топ бүгінге дейін ауылдарды, түрлі мекемелерді аралап, халықтың діни сауатын ашуға барын салып жүр. Теріс пиғылды діни ағымдардың қалыптастырған қате түсініктерін, пікірлерін жойып, шынайы исламның бет--бейнесін түсіндіруде. Ақпаратттық топ үш бағытта жұмыс істейді. Біріншісі--ауыл тұрғындарымен, екіншісі жоғары оқу орындары мен колледж, лицейлерлермен болса, үшінші бағыт—түсіндіру жұмыстарына мектеп оқушыларын тарту.

    Бәріміз де ауылдан түлеп ұштық. Ертеректе ауылда имамдар тек жаназа шығарып, неке қиып, құдайы тамақтарға қатысып, пітір садаға жинаумен ғана айналысатын. Олар дін жайында ақпарат беріп, әңгіме айтып немесе қандай да бір проблемаларды шешуге қауқарсыз еді. Бұған иамамдар емес заман кінәлі. Ал қазір ше? Ауыл, аумақтағы имамдардың діни сауаттылығының төмендігі соңғы жылдары қатты байқалатын. 2010 жылы біз имамдарға сараптама жасадық. Сонда облыстағы 733 имамның 536-сының арнайы білімі болмай шықты.  Осы мәселені шешу үшін  Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасымен, облыс әкімдігімен бірлесе отырып, мемлекеттік бюджеттен емес, демеушілердің көмегімен 536 имамды Шымкент медресесінде білімдерін жетілдіруге көмектестік. Енді биыл екінші кезең бойынша тағы да оларды біліктіліктерін одан әрі жоғарылатамыз. Қазіргі діни басқарманың қойып отырған талабы имамдар халықпен тығыз жұмыс істей білуі қажет. Бірінші өзі біліп,  білгенін халыққа түсіндірулері шарт. Жоғарыда айтып кеткен ақпараттық насихат жүргізу топтарының құрамында имамдар толығымен кірген. Сол себепті осыдан бес алты жыл бұрынғы имамдар мен қазіргі имадардың атқарып жүрген жұмыстарының арасы жер мен көктей. 

Жасыратыны жоқ, дінтанушы, теолог мамандар тапшы. Бір ғана мысал келтірейін әр жерде маман болып отырған дінтанушылар мен теологтар мектепте мұғалім ретінде дәріс бере алмайды. Себебі олардың дипломында дінтану пәнінің мұғалімі деген біліктілік болуы шарт. Көп мамандар мұндай талапқа жауап бере алмағандықтан, қазір  мектептерде дінтану пәнінен дәріс беріп жүргендердің дені тарихшылар, философтар немесе басқа мамандық иелері. Осы проблеманы былтырдан бері қозғап келе жатырмыз. Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де бұрын дінтанушыларды дайындайтын. Енді маман тапшылығын азайту үшін  облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың араласуымен ХҚТУ-дегі кафедраны одан әрі тереңдетіп, мектепте дәріс бере алатындай және басқа да бағыттарда жұмыс істеуге қабілетті дінтанушы мамандарды даярлауға дайындап жатыр. 

    Діни әдебиеттерді шығарып, басу және сатудың өз ережелері, заңдылықтары бар. Бірінші шекара асып келетін кітаптарға қатаң талап қойылған. Кеден қызметкерлері азаматтардың заттары арасынан қандай да бір діни бағыттағы кітаптарды анықтайтын болса, оны міндетті түрде Дін істері агенттігінің уәкілетті органдарына жібереді. Олар кітапты заң шеңберінде сараптап шығып, өткізуге болады немесе болмайды деген қорытынды береді. Ал республика аумағындағы кітаптардың барлығына талдау жүргізілген. Республикадағы барлық кітапханаларға тыйым салынған кітаптардың тізімдері таратылған. Жеке сауда айналымындағы кітаптарға бақылау жасау үшін біраз қиындықтарға кездестік. Қазір қаладағы, аудандардағы барлық сауда нүктелеріндегі кітаптарды сүзгіден өткізіп, мемлекеттік стандарттарға сәйкес келетінін немесе келмейтінін анықтап шықтық. Нәтижесінде біраз кітаптардың басылуына, сатылуына тыйым салдық. 

          Ендігі жоспарымыз ол біздің мамандар дайындаған материалдар, кітаптар, аудио, видео таспаларды мектептердегі мұғалімдердің қандай дәрежеде пайдаға жаратып отырғанын зерттеу. Бұрын біз оларды тек таратып беретін едік. Енді кітаптағы айтылған мәселелерді мұғалім қаншалықты меңгеріп алды, оны оқушыларға қалай жеткізіп жүр, мектепте оған қандай мүмкіншіліктер жасалғандығын білу мақсатында біздің топтың мүшелері білім ошағына барып, директормен, ұстаздармен кездесіп, семинарлар өткізбек. Одан бөлек халық арасында түсіндірме жұмыстарын тоқтатпау қажет. Жалпақ тілмен айтқанда ұйықтамауымыз керек. 

   Батырбек Жалмұрзаев, 

ОҚО дін істері жөніндегі басқарманың басшысы.

Мұрағаттан: 22.08. 2013


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ораза кестесі - 2019: Қызылорда қаласы
  • Ораза кестесі - 2019: Павлодар қаласы
  • Ораза кестесі - 2019: Жаңақорған кенті
  • Ораза кестесі - 2019: Жаңатас қаласы
  • Ораза кестесі - 2019: Жетісай қаласы
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: