Исламда бүлік шығару--харам

237910-INNERRESIZED600-600-qabe-tablo-1.jpg

Дінімізде бүлік шығару – харам. Тарихта әрдайым адасқан ағымдар  бүлік шығарып, мұсылмандарды бір-біріне айдап салып, қан төгуге себеп болған. Әсіресе бүліктен ең үлкен зиянды мұсылмандар осы соңғы ғасырда тартып отырғаны айқын. Мұсылман елдерінің көбісі бодан болып, «бөліп ал да, билей бер» саясатының құрбанына айналды. Сириядағы жағдай  – осы ащы шындықтың айқын көрінісі. Бұл соғыстан зардап шегіп отырғандар – мұсылмандар. Сондықтан мұсылмандар бүлікшілдердің ойыншығына айналудан сақ болып, арандатушыллыққа түспеуге барын салып, парасаттылықпен әрекет етуі тиіс.  

Қазіргі таңда Сирияда жүріп жатқан соғыста қаншама бейбіт адам қаза табуда. Ал ислам дінінде бекүнә бір адамды өлтіру күллі адамзатты өлтірумен тең саналған. Ілгергі мақаламызда айтып өткенбіз, тіпті, ешқандай құқық сақталмайтын соғыс жағдайының өзінде аяусыз адам өлтіруге мүлдем болмайды. Ардақты пайғамбарымыз (с.а.с.) да хадис-шәріптерінде соғысқа қатысты қатаң талаптар қойған. Пайғамбарымыз соғысқа кетіп бара жатқан қолбасшыларына мынадай ескертулер жасаған: «Алланың атымен жолға шығыңдар. Алла  жолында күресіңдер. Соғысатын адамдарыңмен араларыңда келісімдер бар болса, оны қадағалаңдар. Шектен шықпаңдар, соғыс кезінде өлтірген адамдарға «мүсле»  (өлі денелерін тілгілеп, көздерін ойып, мұрындарын кеспеңдер) жасамаңдар. Балаларды, әйелдерді, қарт кісілерді, ғибадатханалардағы адамдарды өлтірмеңдер».Тіпті, жараланған жау әскерлерінің өзіне көмек көрсетуді бұйырып, ағаштарды, егін алқаптарын өртеуге тыйым салған (Ахмед ибн Ханбәл, Муснәд, 1/300. Әбу Дәуід, Жихад, 82). Ислам дінінің бұл дәстүрін Пайғамбарымыздан кейін келген халифалар мен мұсылман елдері басшылары қатаң ұстанып отырды.Шариғаттың бұл заңдылығын ешкім алып тастаған емес. Бұл ерекше мән берерлік жәйт.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жүргізген шайқастарына үңіліп қарар болсақ, көп адамның өлмегенін көреміз. Яғни, пайғамбарымыз зұлымдықты тоқтату үшін үлкен күш салумен қатар, бір адамның өмірін сақтап қалу үшін өте үлкен күш-қайрат жұмсағанын көреміз. Өйткені, ол соғыс кезінің өзінде астамшылық пен шектен шығушылыққа жол бермеген. Ал қазіргі ИШИМ-діктердің жасап жатқан бейкүнә адамдарды малша, аяусыздықпен, өте жиіркенішті түрде қырып-жоюлары қай шариғаттан алынған? Негізінде, ол лаңкестердің жасап жатқанының жиһад түгілі, исламға мүлдем қатысы жоқ. Олар – өздерін мұсылман санап, исламды мүлде тани алмаған сауатсыз, қараңғы, бәдәуи саналы адасушылар. Сонымен қатар «Бақара» сүресінің 190-аятындағы «Өздеріңмен соғысқандармен Алла жолында соғысыңдар да шектен шықпаңдар. Негізінен Алла (Т.) шектен шығушыларды жақсы көрмейді» деген аяттағы «Өздеріңмен соғысқандармен» деген тіркес тек қолында қаруы бар адамдармен ғана шайқасып, қолында қаруы жоқ бейбіт халыққа қарсы қару көтермеу керек екенін және соғыс кезінде яки біткеннен соң «шектен шықпау» қажет екендігі қатаң түрде ескертуде.

Осындай сұрапыл соғыста бейкүнә жас сәби мен балалардың өте ауыр жағдайы жан сыздатады. Иә, адамның ең тәтті де ұмытылмас шағы – балалық шақ қой. Кез келген елде балалардың дұрыс өсуі, білім алу, денсаулығын сақтау, құқықтарын қорғау мақсатында қолдан келгеннің бәрі жасалып, балаларға өмірдің тауқыметін тарқызбауға күш салынады. Осы мақсатта балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі алғашқы ұйым әлемде 1919 жылы құрылды. 1924 жылы Ұлттар лигасының Женева бала құқықтары туралы декларациясы, 1959 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының Бала құқықтары декларациясы қабылданды. 1989 жылы бала құқықтары туралы конвенция қабылданды.

Ислам діні бұл мәселеге сонау VII ғасырдан бастап баса назар аударып, дүниеге келген сәбиді Жаратушы Алла тағаланың берген сыйы деп біліп, жарқын болашағы үшін көптеген құқықтар таныған. Жаратушының адам болмысына дарытқан мейірімділігінен туындаған осындай құқықтар арқасында пәк көңілді балалар ойнап-күліп, ата-анасының аялы алақанына бөленіп, балдәурен шақтарын өткізеді. Иә, солай болғанын кеудесінде адамдық қасиет бар кез келген адамның қалары сөзсіз. Алайда, қазіргі соғыс жағдайындағы Сирияда мұның бірі де жоқ. Сұрапыл соғыс жас-кәрі, бала демей шетінен жалмап жатыр.  Анасының құшағында, отбасының ортасында былдырлап, ата-анасының көз қуанышына айналатын сәбилердің өмірдің ешқандай қызығын көрмей, оқ құшып, аянышты халде жан тапсырып жатқан көріністеріне куә болып, орнына өз балаңды қойып көруге тырысқан ешбір адамның жаны шыдамайды. Тірі қалған күннің өзінде балалықтың балдәурені көзден бұлбылдай ұшып, ата-ана, туған-туыстарынан айырылып далада зар жылап қалған бүлдіршіндердің көзінде қорқыныш, болашақтан ешбір үміттері жоқ. Естеріңізде болса, «Е-ISLAM» порталында жарияланған фотографтың қолындағы аппаратынан, суретке түсірудің өзінен сескеніп, қолын көтеріп тұрған баланың суреті осы ауыр жағдайды бейнелейді. Ал мәселеге ислам діні тұрғысынан қарар болсақ, баланы өлтіру былай тұрсын, тіпті ананың құрсағындағы баланың өзіне түсік жасатуға тыйым салынған. Бұл ислам дінінің сәбилердің өмір сүру құқығын қорғауға қаншалықты мән бергенін көрсетеді.

Сондықтан да мұсылман баласы асығыстықпен шешім қабылдамай, ислам дінінің өміршең қағидалары шеңберінде қоғам тыныштығы мен бақыты үшін ұзақ ғұмырлы жоспарлар құрып, жақсылық жаршыларына айналып, адамзатқа үлгі болуға тырысу жиһадтың ең ұлығы әрі абыройлысы болмақ.

Алау ӘДІЛБАЕВ, теология ғылымының докторы

«E-islam.kz» порталы


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ораза кестесі - 2019: Қызылорда қаласы
  • Ораза кестесі - 2019: Павлодар қаласы
  • Ораза кестесі - 2019: Жаңақорған кенті
  • Ораза кестесі - 2019: Жаңатас қаласы
  • Ораза кестесі - 2019: Жетісай қаласы
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: