Өзі ұрлап, өзі әшкерелеген – Алматыдағы гранит тақталарды ұрлау қалай ұйымдастырылды

Oinet.kz 16-10-2026

Бүгін «Нұр Отанның» бұрынғы идеологы Санжар Боқаевқа қатысты сот процесі басталды. 

Оған алаяқтық жасау, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру, ағаштарды заңсыз кесу және жалған ақпарат тарату айыптарымен қатар, гранит тақталарды ұрлауды ұйымдастырды деген де айып тағылып отыр.

Сот отырысында прокурор айыптау актісін оқып, Боқаевтың әлеуметтік желілерде жалған «әшкерелеу» бейнежазбасын жариялау үшін ұрлықты қалай әдейі ұйымдастырғанын егжей-тегжейлі баяндады.

Прокурордың айтуынша, Боқаев 2022 жылдан бастап қоғам пікіріне ықпал ету мақсатында түрлі саяси технологияларды қолданып, мемлекеттік органдарды сынаған жазбаларды әлеуметтік желілерде тұрақты түрде жариялап отырған.

2025 жылғы күзде ол әлеуметтік желідегі парақшаларына жұртшылықтың назарын бұрынғыдан да көбірек аударуды көздеп, сыбайлас жемқорлық схемасын әшкерелегендей көріну үшін арнайы жоспар құрған. Ол үшін мемлекеттік нысаннан құрылыс материалдарын шын мәнінде ұрлатып, бұл әрекетті бейнежазбаға түсіру, кейін барлық кінәні әкімдік пен мердігерлерге артуды ойлап табады.

Осы жоспарын жүзеге асыру үшін Боқаев өзінің жеке бейнеоператоры Ұ.Нүсіпқожаны және танысы А.Хамрақұловты іске тартқан. Соңғысына ұрлықты тікелей жүзеге асыратын адамдарды табу тапсырылған. Бұл іске ақша үшін «Павлодар өзен порты» құрылыс компаниясында бұрын учаске бастығы болып жұмыс істеген Ж.Жанатаев келіскен.

2025 жылғы 10 қыркүйекте жалға алынған кран-манипулятор арқылы құрылыс алаңынан 8 гранит тақта жасырын алып кеткен. Ол кезеңде бұл нысанда Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан. Ұрланған тақталар Тұздыбастау ауылының маңында түсірілген. Алайда бұл Боқаевтың көңілінен шықпайды. Өйткені ол гранит тақталар құлпытас жасайтын шеберханаға сатылып жатқандай көрініс жасауды көздеп, интернетте үлкен дау туғызуды жоспарлаған.

Сондықтан 15 қыркүйекте Боқаев істі тікелей өз бақылауына алып, екінші ұрлықты ұйымдастыруға ақша берген. Бұл жолы жалданған адамдар құрылыс алаңынан тағы 12 гранит тақтаны алып шығып, оларды Бесағаш ауылындағы құлпытас жасайтын шеберхананың алдына жеткізген.

Жұмысшылар гранит тақталарды түсіріп жатқанда, Боқаев пен бейнеоператор Нүсіпқожа жол талғамайтын көліктің ішінде отырып, бәрін бейнекамераға түсірген. Сол сәтте Бокаев камера алдында алдын ала дайындалған мәтін бойынша – «жергілікті тұрғындардан хабар келген соң, дереу оқиға орнына түн ішінде шұғыл жеткендей» кейіп танытады. Монтаждалған бейнеролик 2025 жылғы 17 қыркүйекте әлеуметтік желілерде жарияланған.

Шымкенттің бас жоспарына өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізілуде
Сам украл, сам разоблачил – Бокаев обвиняется в организации постановочной кражи гранитных плит
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу